Өлеңім, мен өлсем де, сен тірі бол!

567 Views

9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

«Күйі бөтен демеймін, үйі бөтен,
Жақсы адамдар бар екен, сүйіп өтем.
Жамандарды іздемен, өзі-ақ табар,
Жақсыларды табуың қиын екен…». Бұл өлең жолдарының авторы – Мұқағали Мақатаев. Көңіл құлазыған сәттерде осы өлең маған әжептәуір жұбаныш. Жүректен шыққан ұйқас болған соң да, жүректерді қозғайтыны. Мына өлең жолдары тіпті сұмдық.
«Сырым да – осы,
Жырым да – осы
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба жандым ба?
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»
Қараңызшы. Ұлт үшін күресте қарақан бастың емес, қарға тамырлы қазағының намысын биік қойған Махамбетті қалай асқақтатып тұр. Мұқағалиды тек «лирик ақын» деп қабылдайтындар да бар. Ол негізінен мінезді ақын болған секілді. Оны өлеңдерінен байқауға болады. «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты» деп текке жырламаса керек-ті.
Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын жоғары бағалаған жанның бірі Нұрғиса Тілендиев екен. Нұрағаң Мұқаңның 30-ға жуық өлеңіне ән жазыпты. Басқасын айтпағанда «Саржайлаудың» өзі қандай құдіретті ән. Айта береміз, айта береміз. Сөзі ғажап қой шіркін! Мұқаң өмірден озғанда «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне Нұрғиса Тілендиев ән жазады. Ән болғанда да, эстрадалық жанрда емес, опералық ырғақта. Бірақ, ол мазмұнда бұл ән көп шырқала бермейді. Өкінішті-ақ.
Қарасазда туып өскен Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. 43 жасында «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазыпты. «Өмірдің ерекшелігі оның жылында емес, мазмұнында» деп өзі айтқандай, творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, Мұқаң айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Кезінде оның өлеңдерін бағаламай, ақындық қасиетіне сын айтқандарға ол қанжардай қадалған жоқ. Домалақ арыз да түсірген жоқ. Яғни, ол «таспен атқанды, аспен атты».Тек шығармашы­лықпен айналысты. Не деген тектілік десеңізші! Оларға ақын тек жырмен жауап қатты.
«Ақынның ақындығы атақ та емес,
Ақынның ақындығы арда ғана.
* * *
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын.
* * *
Егінімді қаптаған арамшөпті,
Өз қолыммен отасам деген едім».
Міне, осылай. Менің таңғалатыным, оған «ішкіш» деп ауызша домалақ арыздар айтылып жатқан кездерде, кей өлеңдері баспасөз бетінде жарияланбай қалған сәттерде ақын жүрегі бұған қалай шыдады екен?.. «Жақсыларын тірідей көрге тығып, Жалбақтаған соңында жырындының» деген осы шығар, сірә.
Біздің қазақта талайды тамсан­дыр­ған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңнің өрелі өрнегін құйындай құлпыртқан бірегей ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың есімін солардың ішінен бөле жарып айтар едік. Мұқаң қара өлеңнің құдіретін сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Оның өлеңдерінде пафос сөздер мүлде жоқ. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды және қала береді де.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: