760 Views
«Оқуға құштар мектеп» жобасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөліне тоқталып, мектеп кітапханаларындағы кітап қорына жаңартулар мен толықтырулар енгізудің аса маңызды екенін атап айтқан еді. Осыған орай, мектеп кітапханаларын қайта жаңғырту мен оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатындағы республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы өз жұмысын бастады.
Жобаның мақсаты – балаларды кітап оқуға қызықтыру, еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқушылар мен жастардың қызығушылығын арттыру.
Біріміз кітапты өй-өрісті кеңейту үшін оқысақ, біріміз жұмыс барысында ақпарат іздеп оқимыз. Арамызда кітап оқып, демалатындар да бар. Оқу – ой-өрістің кеңеюіне, жан-жақты дамуына, ойлау қабілетін жетілдіруге, шығармалардағы кейіпкерлердің мінез-құлқындағы жағымды тұстарын бойға сіңіруге көмектеседі, адамды рухани жағынан байытады.
Адамның әдебиетке деген махаббаты сол балалық шақтан пайда болады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы оқушылардың кітап оқуға деген ықыласын арттырады деген үміттемін. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың мына сөзін тілге тиек еткім келеді. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана».
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектеп кітапханасында әртүрлі жас ерекшеліктеріне қарай қызықты кітаптар кездеседі. Кіші буындағы оқырмандарға басым бөлігі «Аруна» баспасында жарық көрген «Балаларға арналған танымдық энциклопедия», «Қазақ тіліне аударылған әлем халықтарының ертегілері», «ӘлембукKZ» баспасынан шыққан көптеген ертегі кітаптар, «Алматыкітап» баспасынан «Алдар Көсе», «Қазақ ертегілері», «Атамұра» баспасының кітаптары да бар.
Орта буын оқушыларына арналған ақын-жазушылардың кітаптары да оқырмандарға оңай табылады. Лирик Ақын Мағжан Жұмабаевтың, әлем әдебиетінің алыптары Шыңғыс Айтматовтың, Джек Лондонның, Фенимор Купер, Жюль Верн, Владимир Обручев, Джеймс Гринвуд секілді жазушылардың шығармаларын оқуға болады. Сондай-ақ, жас оқырмандарымыздың қазақ халқының лиро-эпостық жырларына деген сүйіспеншілігі жоғары.
Жоғары буын оқырмандары үшін де талғамға сай әдебиеттер қоры мол. Мектеп кітапханасына әдеби кітаптар көптеп келуде. Солардың бірі «Алматыкітап» баспасынан шыққан Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының ІV томдық кітабы. Қазақтың ұлы тұлғалары Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбайұлының шығармаларына тәнті болып оқуы үшін оқырмандарымызға таныстыру жұмыстарын жүргіземіз, көрме ұйымдастырамыз. «Аударма» баспасында жарық көрген қазақ тіліне аударылған әлемнің көптеген классик – жазушылардың еңбектерімен толықтай таныса алады. Соңғы кездері «Ұлы даланың жеті қыры» жобасына арналған 10 томдық кітаптарды оқуға деген ынтызарлық байқалуда.
Сонымен қатар «Ұлы даланың жеті қыры» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» атты ІІІ томдық кітаптарды да табуға болады.
Мектеп кітапханасында оқырмандарға арналған «Даналық әліппесі» кешені енгізілген. Аталған кешен нұсқаулық, он екі кітап және сөйлейтін қаламнан тұрады. Кешеннің мазмұнында халық әні, ертегілер, жыр-дастандар, нақыл сөздер мен бабалар батасы бар. Олар баланың туғанынан бастап, рухани құндылықтар арнасында тәрбиелеуге, дамытуға, қалыптастырылуға бағдарланған. Мектеп кітапханасында мобильді кітапхана бұрышы орналасқан. Мектеп оқушылары оқу бағдарламасында бар барлық көркем әдебиетті, сонымен қатар басқа жанрдағы кітаптардың электронды нұсқасын QR – кодтар арқылы сканерлеп, оқуына болады.
Ғ.Мүсірепов «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан тиылар едік» деген екен. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы жас ұрпақты кітап оқуға, білімге деген сүйіспеншілікке баулуымыз қажет деп білемін. Ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз –егемендігімізді сақтап, мұратымызға айналған «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ете білейік дегім келеді. Мектеп кітапханасының есігі білімге құштар әр оқырманға айқара ашық.
Г.Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.
Поделиться ссылкой: