«Әке мен бала» немесе жазушы Ділдар Мамырбаеваның жаңа туындысын оқығанда
Баспасөзде, әсіресе әдеби ортада кейінгі кезде Ділдар Жанысбайқызының «Роботтар отбасы», «Сезім бүршік жарған күн», «Махабаттың ақ жауыны» атты әңгімелері көпшіліктің назарына ілігіп жүр. Ділдар көкшетаулық Мағира Қожахметова апай сияқты мақтанды сүймейтін бір сыдырғы жан. Оның қаламынан туған шығармалары бүгінгі өмірдің шынайы реалистік бет бейнесін қаз қалпында суреттеуімен құнды. Бүгінгі аумалы-төкпелі тұрмыста отбасындағы адамдардың арақатынасын айнытпай жаза білу адам факторының қилы-қилы тағдырларын ашуға көмектеседі. Осы тұрғыдан алғанда Ділдар Мамырбаеваның «Әке мен бала» шығармасы бүгінгі күннің отбасына байланысты проблемасын дөп басып, дәл тауып, оқырманына ұсынып отыр ма деп қаласың.
Отбасындағы әке мен баланың арақатынасы қазіргі таңда мектептің ғана емес, бүкіл қоғамымыздың көкейтесті мәселесіне айналып отыр. Автор өзінің бірінші әңгімесінде бала-шағасын тастап кетіп, он жылдан соң үйелменіне оралған әке мен осы арада ержетіп, оңы мен солын тани бастаған ұлының арасындағы өзара келіспеушілікті алға тартады. Оқиға әкелі-балалы екеудің өздері де күтпеген жағдайда, сапарда жүргенде өзенге түсіп шыққан соң бір-біріне ренжісуінен басталады. Кездейсоқ, талдың бұтағы сынып, суға кеткен әкесін іздей бастаған бала кейінгі кезде аузына жиі ала бермейтін: «әке» деген сөзді асау толқыны тулап аққан дарияға қарап тұрып қалай аузынан шығып кеткенін өзі де аңғармай қалады. Ол: «Әке, кетпеші?» деп жалынады. Автордың әңгімесінің осы тұсы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» әңгімесіндегі алып аққулармен арпалысқан шалдың «тал қарманып» жанталасқан кейпіне келеді. Осы сюжетті көз алдыңа елестете отырып балаға әке, ал, әкеге бала керегін ұғынасың. Жазушының «Жатсырау» деген әңгімесінде де әке мен бала сөз болады. Әңгімені оқып отырып, олардың бір-біріне кешірімді болуына автордың өзі жол көрсетіп тұр ма деп қаласың.
Ділдар «Мұң – толғақ» деген әңгімесін ерекше сезіммен, шабыт үстінде жазса керек. Сәкен мен Назкеннің бір-біріне деген сезіміне автор ерекше мән береді. Ол екеуі сүйісіп тұрғанда қыз: «Осымызды Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев ағалар көріп тұр. Ұят-ай» деп ұялып, бетін басады. Осы көріністі автор: «қыздың әдептілігі ішін жылытып, жүрегінде бір періштенің жымиғанын аңғарды» деген керемет теңеумен тиянақтайды. Автор онысымен қоймай қыздың ұялшақтығын Стюард деген аралды мекендейтін ұялшақ құс какапоға теңейді. Бұл құсты арал тұрғындары: «махаббат құсы» деп атап кеткен екен. Расында осынау штрихты автордың керемет тапқырлығы демеске лажың жоқ. Автордың абстрактылы ойлауы, сөйтіп, әңгімесіне философиялық байлам жасауы шынында да оның талғам-табиғатын тереңдете түскендей ме, қалай? Осы шығармасында жазушы кейіпкері суретші Сәкеннің «Ботагөз» картинасына Назкеннің прототипін салғанын, артынша Назкеннің сілті ішіп өлгенін жазады. Осының бәрін кейінгі үйленген әйелі Айнұр Сәкеннің өзінен көреді. «Осы сен суретін салған адамдар неге өле береді?»дейді. Кейін Сәкен боранда адасып өлген өз әкесінің суретін салып, оған өз бейнесін қондырады. Осы композиция суретшіге атақ та, ажал да әкеледі. Осы «Мұң –толғақ» жазушының шынайы шеберлігін, таным-түйсігін айқындап берді.
Ал, «Итжады» әңгімесін оқығанда кәдімгі Джек Лондонды оқығандай әсерде отырдым. Әңгіменің көркемдігі, автордың сөз саптауы маған керемет әсер қалдырды. Қазақ жазушыларының ішінде Тәкен Әлімқұлов жылқыны керемет зерттеп, жазған ғой. Ал, итті образдауды Көсемәлі Сәттібайұлынан кездестіріп едім. Ал, Ділдар әңгімесінің соңында: «Дүние, ақша, қызмет адамды бұзады. Ал, итті не бұзады?»деген сауал қояды да оған өзі жауап береді. «Ілгеріде бір сұлтан қабырғасы айнаға толы зәулім үй салады. Сол үйге ит кіріп кетеді де өліп қалады. Сөйтсе ит айнадағы сансыз иттерді көріп, соларды талаймын деп өліп қалған көрінеді. Автор осыны мысалға келтіреді.
Автордың ізденгіштігін «Аға, бұл сізсіз бе?» деген әңгімесінен де анық байқайсыз. Осы әңгімесіне автор Марат есімді журналисті кейіпкер етіп алыпты. Оның прототипі бәрімізге аян. Иә, ол рас өте тапқыр, сөзшең әрі талантты газет қызметкері болды. Тегі еңбегі бағаланып «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалін де омырауына тақты. Бірақ, оның өмірінің соңы сүреңсіз болып, ішкілікке салынып кетті. Сондай қадір тұтқан ағасын базарда көріп, танымай қалуы әбден мүмкін. Осы әңгімедегі редактордың да, оның орынбасарының да, тіпті кекеш журналистің де өмірде болғаны рас. Осы сюжетті Ділдардың жолдасы, республикамызға танымал журналист Қыдыралы Қойтаевтың айтып бергеніне күмән келтірмесеңіз де болады. Қандай әдеби шығарма болмасын оның кейіпкері шын өмірден алынады ғой. Д. Мамырбаеваның «Қош бол, балалық», «Индиго», «Сезім бүршік жарған күн», «Ауыл этюдттері» оқырманның жадынан мықтап орын алады деп сенемін. Өйткені оның әңгімелері мен хикаяттарының жазылу стилі мен көркемдігі кімді де болса өзіне тартпай қоймайды.
Ендеше жерлес жазушы Ділдар Мамырбаеваның тағы бір шығармасы оқырманға жолдама алды. Кітап оқиық, ағайын!
С.Қожеке,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.