«ТУМА» СӨЗІНІҢ ТӨРКІНІН ДҰРЫС ТҮСІНЕЙІК
Қазіргі таңда теледидарда да, баспасөз бетінде де, екеуара сөз қатынасында да «тума» сөзі аузымыздан түспейтін болып жүр. Оған әрине өзіміз кінәліміз. Ғабит Мүсірепов: «Жетесізге оқ өтсе де, сөз өтпейді» демей ме? Бүгінде өз қандасыңнан: «Қай ауылдансың, қай жерде туылғансың?» деп сұрай қалсаң: «Пәлен ауылдың тумасымын» дейтін болды міз бақпай. Бұл сөз тәжітажал сияқты тамырланып, ел ішіне дендеп жайылып барады. Оны тоқтататын Тіл басқармасы тезек теріп жүр ме, әлде ай қарап кетті ме, әйтеуір ондағылардың мұнымен мүлдем ісі жоқ.
«Тума» сөзінің түп төркінін бір түсінсе ғалымдар түсінеді ғой деп Ақселеу аға Сейдімбековтың «Қазақтың ауызша тарихы» деген кітабының бетін аштық. Сөйтсек, ол кісі қазақ халқының этностық тарихи шежіресін терең зерттеп, ататектің шығуын сонау көнеден бастапты. Біз жеті атамызды білуді ғана місе тұтып жүрсек, ол он төрт ұрпақтың қалай аталуы керектігіне көз жүгіртіпті. Қазақ тұңғышын «айтушы» деп, екінші ұрпағын – бала деп, одан кейінгілерін рет-ретімен: үшіншісі – немере, 4-сін – шөбере, 5-сін – шөпшек, 6-сын – шөбелек, 7-сін – немене, 8-сін – немелтай, 9-сын – шөбелтай, 10-сын – жүрежат, 11-сін – туажат, 12-сін – жекжат, 13-сін – жұрағат, 14-сін – қаймана деп атаған екен. Содан кейін ғой, мына бір мақал әр қаймана қазақтың жүрек түкпірінде мәңгі сақталып қалыпты: «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі ұлы бардың пышақ сырты жалы бар, үш ұлы бардың Қорасанда қолы, Бұхарада малы бар, төрт ұлы бардың аспанға салған жолы бар, артында қызы қалғанның – ізі қалғаны, артында ұлы қалғанның – өзі қалғаны. Бай күйігі етекте, бала күйігі жүректе» деген екен.
Ақселеу аға: «Қазақ ешқашан «тума» сөзін адамға айтпаған. Малға айтқан: «бірінші тума, екінші тума қой, сиыр, бие» деп. Біз «анау пәлен ауылдың тумасы еді»деп айта беретін болсақ, онда ол күнделікті сөзіміздің лексиконына айналып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан Тіл басқармалары мұны тоқтатып, терминкомның осыған байланысты қаулысын шығаруы керек» дейді.
Иә, «Сөз сүйектен өтеді» деген осы, ағайын! Сондықтан тіліміздің шұбарланып, төркіні бөтен сөзбен былғануына жол бермейік. Баукең сияқты аты-жөнімізді төлқұжатымызға: «Бауыржан Момышұлы» деп жазып, келмеске кеткен кеңестің: «Иванов Иван Иванович» деген қыстырма рәсімдеуінің төлқұжатымызға «мәңгі» жазылып қалуына жол бермейік. Мұны да бір Шерағамның айтып кеткен «бір кем дүниесі» деп түсінейік.
С.Қожеке.