Әлеуметпен ашық әңгіме

527 Views

Өткен бейсенбіде ауданымызға облыстық қоғамдық келісім кеңесінің бір топ мүшелері келіп, Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» кабинетінде аудан азаматтарымен және қоғам өкілдерімен жүздесіп, олармен қаңтарда болған оқиғалар туралы, жалпы әлеуметтің ол туралы пікірлерін тыңдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Үкімет отырысында айтқан сөздерінен туындайтын мәселелер төңірегінде ашық әңгіме өткізді.

Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Қасымхан Естемесұлы Төлендиев сөз алып, «қаңтар қасіреті» туралы, Таразда болған тәртіпсіздіктің салдары жайлы айта келіп, халықтың жағдайын көтеру туралы облыста атқарылып жатқан істерге тоқталды. Ол:
– Осы келеңсіздік кезінде Таразда 7 нысан зардап шеккен болатын, қазір облыс әкімі осы бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Ал, облыстық құқық қорғау органдары тәртіпсіздікке қатысқан адамдарды қазір тергеп, болған істің анық-қанығын зерттеп, кінәлілерді жасаған қылмысына қарай заң шеңберінде жауапқа тартуға мән беруде. Біз тергеу изоляторында отырғандармен де, олардың ата-аналарымен де жүздестік. Президент айтқандай қылмыстық әрекетке бармағандар жауапқа тартылмайтынын түсіндіріп айттық,– дейді. Сонымен қатар ол облыстық әкімдік жанынан қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылып, оған әр түрлі санаттағы 29 өкілдің тартылғанын тілге тиек етті.
Одан соң облыстық қоғамдық келісім кеңесінің жетекшісі Фарида Иманжанқызы Маметова сөз алып, «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бойынша бес ауданды аралап, осындай 21 кездесу өткізгенін, күні бүгінге дейін 17 мың адамға 168 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі жасалғанын, осының барлығы ассамблея мүшелерінің араласуымен жасалғанын баян етті.

Ал, облыстық мәслихат депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының төрағасы Уәлихан Болатбек болса қаңтар оқиғасы кезінде жастардың билікпен ымыраға келмеуін (диалогқа) идеологиялық, патриоттық жұмыстың кемшіндігінен деп түсіндірді. Басқосуда аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов те өз ойын ортаға салды. Өкінішке орай, ол өзі тұрып жатқан Көгершін ауылындағы клубтың таусылмай келе жатқан «жырын»тағы да қозғады. Осы кездесуде қоғам өкілдері көпшіліктің көкейінде жүрген күптігей кемшіліктердің де бетін ашып айтты. Әсіресе, салынып жатқан, бірақ құрылысы бітсе де жылу жүйесі тартылмаған төрт тұрғын үйдің проблемасы облыстан келген өкілдерді қатты алаңдатты. Аудан әкімі Е.Садырқұловтың халыққа тек уәде берумен келе жатқаны, содан барып мыңнан аса халықтың кезекте тұрса да пәтер ала алмай әуре-сарсаңға түсіп жүргені расында да жұрттың наразылығын туғызбай ма? 4-5 қаңтар күндері Құландағы орталық алаңға шыққан жұрт мұны да басшылардың құлағына жеткізген болатын. Ал, «құрғақ қасықтың ауыз жыртатынын» сонда аудан басшылары білмей ме? Біледі, бірақ істегісі келмейді. Сөйтіп, «жауырды жаба тоқиды».
Қоғамдық қабылдауға арнайы келіп қатысып отырған Құлан ауылының тұрғыны, аудандық тұрғын үй беру комиссиясының мүшесі Асылхан Өтенова былай деді: «Мен жалғызілікті анамын, әйел-аналарға берілетін әлеуметтік жеңілдік мөлшері неге 60 мың теңге болмайды? Жұмыссыздық та белең алып барады, тіпті қоғамдық жұмысқа тұра алмайсың. Автобус қатынамайды. Ал, үй салу үшін жер алу кезегін Үкімет неге он жылға созбайды? Ауданда ана мен баланы оңалту орталығы атымен жоқ. Жақында бір отбасылы әйелді емдету үшін Алматыға жібердік. Ал, зейнет демалысына әйелдерді 55 жасында, ал, ерлерді 60 жасында зейнетке шығарса сол дұрыс болар еді», – дейді. Ал, көкдөнендік Анара Әбдірахманова күйеуі екеуі де жұмыс істемейді екен. Бес баласы бар. Пәтер жалдап тұрады. «Өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы маған 583 мың теңге грант берді. Бергенін қайтем, сол ақшаға сатып алған 150 тауығымнан 30-ы ғана аман қалды. Қалғаны өлді. Енді сот менен берген ақшасын қайта өндіріп алмақшы. Сон­да қайтарымсыз грант дегені осы ма?», – дейді.
Осы және басқа да бірқатар сұрақтарға аудан әкімі аппаратының басшысы Жеңіс Әділов қал-қадірінше жауап берген болды. Ол: «Сексен пәтерлі үйдің жобасы 2016 жылы жасалған, бірақ оған қазандық кірмей қалғаны рас, әйтпесе, төрт көп қабатты үй түгел салынып бітіп, пайдалануға берілгелі тұр. Ал, Асылхан Өтенова мен Анара Әбдірахмановалардың айтқан уәждеріне жазбаша түрде жауап беріледі. Әбдірахманова енді сот­қа аппеляция жазғаны дұрыс шығар», – деп жауап берді.
Қоғамдық қабылдауда айтылған басқа да келелі мәселелерді облыстан келген өкілдер блокноттарына түртіп алған да шығар… Олардан да орнықты бір жауап болады деген сенімдеміз.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: