Қазақтың Димашы

523 Views

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, тех­ника ғылымының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 110 жыл толды. Қазақ елі күллі КСРО елдері басшы­ларының арасында зор беделге ие болған қазақ халқының арда азаматы Димаш ата­ның 110 жылдық мерейтойын атап өтпек. Мемлекеттік қызметкерлердің басқалары жеке күзет­шілерімен жүргенде, Дінмұхамед Қонаев жай ғана таңертең жұмысына жаяу барып, ке­ліп жүрген. Жеке күзетшілері де болмаған екен. Қандай тектілік иә?!

Ол тіпті академик шені үшін 340 рубльдік төлемақыдан бас тартқан. Кезінде Леонид Брежнев Алматыға бірінші рет келіп, оны Дінмұхамед Қонаев үйіне қонаққа әкеледі. Пәтерін ары аралап, бері аралап: «Бар дүниең осы ма?» – деп таңданады Леонид Ильич. Бүгінгі қоғамда ел ағасы бола тұра, халықтың жағдайын түсінгісі келмейтін, қарапайым халық өмірінің тақсіретіне мұрынын шүйіре қарайтын адамдардың алдында Дінмұхамед Ахметұлының бейнесі биіктей түскендей. «Баршаңызға бақыт тілеймін. Мына жүйке жұқартқандай қиын-қыстау күндерде иінді төмен салмай, еңсе көтертер күш-қайрат, мұқалмас жігер, жақсы табыстар тілеймін. Бәрі бір күнгідей болмайды. Сондықтан, арайлап атар әр таңға сеніммен қарайық. Ақжарылқап күндер алдымызда! «Мен Тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Жақсыны да көрдім, жан ауыртқан күндерді де бастан кештім. Ол менің ғұмырым, бірақ, бұл өмірді халықтан бөле жара қараған емеспін. Бозбала шағымда қара бастың қам-қарекеті болса болған шығар, бірақ ат жалын тартып мінген азамат кезден алдыма қойған бар арман, бар мақсат елмен еншілес болды, халқым. Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын». «Менің тірі пендеге өкпем жоқ, ал менде кеткен өкпе-наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын. Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсы­лық тілесең, өзгеге жамандық қылма» – деген аталы сөздері бүгінгі жастарға үлгі-өнеге деп есептеймін.
«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайта ашар есігімді қатты жаппадым.Түптің түбінде оралар ортам ел іші, ағайын ортасы. Барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірім кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім», – деген аталық сөздері қайраткердің қарапайымдылығы мен парасаттылығын танытса керек. Осындай елі үшін туған перзенттеріміз көп болсын деп тілейік.

Ғ.Шонатаева,
Т.Рысқұлов аудандық «Тілдерді оқыту» бөлімшесінің меңгеруші міндетін уақытша атқарушы және оқытушы.

Поделиться ссылкой: