15 ақпан – Кеңес әскерлерінің ауғанстаннан шыққан күні

825 Views

Сапер Садырбаев

Каменка ауылының азаматы Мұрат Таклышевпен бірге Краснодардағы әскери жиын пунктіне келіп түскенде Бақытжан: «Енді екеуміз бірге болатын шығармыз» деп ойлаған. Үш айға созылған оқу-жаттығу аяқталған соң Бақытжан сапер күрегін қарына іліп, Ауғанстаннан бір-ақ шықты. Полк командирі Руслан Аушев оның полктағы жалғыз қазақ екеніне қараған жоқ. Бір жақсысы ұшақ арқылы Кабулға келіп түскен соң, бұларды тағы бөле бастады. Бақытжан №180-ші саперлар құрамасына келгенде де қаптаған қалың жаяу әскердің ішінен бір қазақ баласын көрмеді. Сонымен не керек, екі жыл ішінде ол он алты әскери тапсырмаға қатысты. Алғашқы екі жыл сапер күрегін қолынан тастамай Кеңес жауынгерлері шабуылға шығар алдында олардың жолын минадан тазартып беріп отырды. Мәскеулік Игорь Фокин екеуі итальялық гранаталармен қоса әлпеті кәдімгі көлбақаға ұқсас жапырақ тәрізді жарылғыштарды да көрді. «Көбіне осыларға біздің сарбаздарымыз абайламай түсіп кететін.
Ал, душмандар болса бізге көрінбейтін тау аңғарларынан минометпен кейде гранатомедпен оқ атып, тынышымызды алатын. Сондай бір жойқын шайқас Алихел қыстағы жанында болды. Моджехеттер де, біздің әскерлер де осы жерде көп қырылды. Ол кезде мен «Урал» жүк машинасымен жарылғыш оқ-дәрі таситын едім. Жүк машинасы жау жасырып кеткен минаға түсіп жарылды. Мен де әупірімдеп аман қалдым. Кейін мені «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынғанын естіп едім, маған «Ерлігі үшін» медалі келді» – дейді Бақытжан Есқожаұлы Садырбаев. Сонымен сапер Садырбаев 1988 жылдың мамыр айында омырауын медальға толтырып, аман-есен өзінің туған ауылы Көкдөненге оралды. Үйленді. Қазіргі таңда зайыбы Гүлбану екеуінің бір ұл, бір қызы бар. Өзі 25 жыл ішкі істер қызметінде болды. Автомобиль инспекциясында, кеденде, төлқұжат бөлімінде мінсіз қызмет етті.
Бүгінде Ауған соғысының ардагерін Жақсылық пен Көкдөнен ауылындағы мектеп оқушылары жиі қонаққа шақырып тұрады. Оларға Бәкеңнің айтатын әңгімесі көп. Ең бастысы, ол: «Отан қорғау – сендердің төл борыштарың» деп айтудан жалықпайды. Анасы Несіпкүл 77 жаста. Тоғыз құрсақ көтерген. Жеті қыз, екі ұлдың анасы. Бақытжан отставкаға шыққалы бері жүйрік ат баптап, оны бәйгеге қосуды өзіне кәсіп еткен. Өткен жылы оның «Ауған» деген тайы аудан чемпионы атанды. Міне, ауғандық ардагердің де аты бәйгеден бірінші болып келіп жүр.

С.Қожеке.

Мәрттік танытқан Мұрат

Жалпы біздің ау­дан­нан Ауған же­ріне 120-ға жуық жауын­гер аттанған. Сол бір Ауғанстандағы соғысқа қатыс­қан сарбаздардың бірі – Мұрат Таклышев.
Мұрат Смайылұлы бүгінде Каменка ауылының тұрғыны. Екі үл мен екі қызды тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты әке, аяулы жар. Өзі қарапайым, елге, ағайын-туыс, дос-жаран арасында сыйлы азамат. Біз оның соғыс алаңында да абыройлы болғанына кәміл сенімдіміз. Оған дәлел ретінде мына бір оқиғаны баян етіп көрейік.
Мұрат Таклышев Ауғанстан жеріне 1986 жылы аттанады. Жас сарбаз бірден 45-ші саперлік полктің құрамына алынып, Парван провинциясы, Чарикар қаласында орын алған ұрыстарға қатысады. Тұтқиылдан шабуыл жасаған жауға талай тойтарыс береді. Сондай ұрыстардың бірінде ол қатты жараланады.
«Бірде біздің ротаға ойламаған жерден шабуыл жасалды. Шыны керек, сол ұрыста ротамыздағы біраз азаматтар жараланды. Олардың қатарында менде бармын.
Арнайы ем алдық. Жазылып шық­тық. Әскер басшылары ерлігімізді баға­лап, тиісті деңгейде марапаттауды жөн көрген екен. Маған сол сәтте басшылар «Қызыл жұлдыз» орденін беру­ді ұйға­рыпты. Бірақ, мен сол тұста құны биік марапаттан бас тартып, орныма ұрыста қат­ты жараланған Игорь Колесник атты украин досымды ұсындым. Аяғынан қатты жараланған досым сол сәтте егіліп, езіліп көзіне жас алғаны бар. Өкінішке орай, бүгінде онымен ара-қатынасымыз үзілген. Хат-хабарсыз кеттік. Оның дәл қазір қайда, не істеп жүргенін білмеймін. Бір білерім ол сол сәтті мәңгілік есте сақтайды», – деп майдан шебінде болған жәйтті кеңінен әңгімелеп берді.
Дәл осылай мәрттік танытқан Мұрат бәрібір де марапатсыз қалмады. Бүгінде батыр ағамыздың кеудесінде «За отвагу» және Ауған соғысының 20, 25, 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар тағылған.
Бұл қадам нені білдіреді? Бұл – қазақтың дархандылығын, өзінен бұрын жанындағы жолдасын биік қоятындығын аңғартады. Иә, қазақ қашанда үлкенін сыйлаған, досқа адал келетін халық. Қиындықта қасыңнан табылып, қол ұшын созатын қасиеті тағы бар. Бұл біздің кеңпейіл екенімізді, біреудің ала жібін аттамай, «жомарттық», «мәрттік» деген ұғымдарға ерекше қарайтынымыздың айғағы. Ал, мәрт Мұрат мырзаның бұл қадамы өскелең ұрпаққа үлгі болатындай-ақ оқиға екен.
Сіз біз үшін батырсыз, аға! Мерекеңіз құтты, ел алдындағы мерейіңіз үстем болсын!

Жәнібек СҰЛТАН.

Адамгершілігі биік Әлихан

Ауған соғысының ардагері, осы күні Қонаев ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек ететін Әміреев Әлихан Зыйнылкерімұлымен «Құлан таңына» жұмысқа орналасқалы бері таныспыз. 8 жылға жуықтады білем, әлі күнге дейін сәлеміміз түзу. Сондай кішіпейіл азамат қой Әлекең. Ол да сол кездегі тәртіп бойынша1986 жылы Луговой аудандық комиссариатынан әскерге аттанған азаматтың бірі еді. Алғашында 6 ай мерзім Отарда механик-жүргізушісі болды. Сосын Ауғаннан бір-ақ шықты.
– Бала күнімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне таңданыспен қараушы едік. «Сондай кескілескен шайқастан қалай тірі қалған деп?..». Кейін сол өзіміздің де бастан өтті ғой, Маратжан. Ауғанстанның Кандагар, Гильменд провинциясы Пашкаргах елді мекенінде көп жүрдік. Былайша айтқанда, «оқ пен оттың ортасы» ғой. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейтін бе еді үлкендер. Көрер жарығымыз бар екен. Сол жерден аман оралып, өзіңмен сұхбатасып отырған жайымыз бар, мінеки – дейді Әлихан Зыйнылкерімұлы.
Әлекең оқыған азамат жалпы. Ол Ақтоған орта мектебінің түлегі. Сосын Жамбыл мәдени ағарту мәдениет училищесін, Тараз өңірлік университетін мәдениет, тынығу жұмыстары мамандығы бойынша бітірген. Қызметін жаздық әу баста. Кейіпкеріміз газет-журналдарыңызды қалт жібермей оқиды. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 32 жыл. Менің сөз басында жазғаным да сол ғой, қай іс-шараға барсақ болды, Әлекең жүреді әйтеуір. «Соғыс» көрген азамат қой жалпы. Кеудесінде медальдың түр-түрі бар. Ең бастысы, тәртіптің, еңбектің, істің қадірін біледі. Міне, жастарға үлгі боларлық нағыз азамат.
Әлихан Зыйнылкерімұлының 1 ұл, 1 қызы бар. Қазір нота білмейтіндер қызметке орныға беретін заман болды ғой. Бір аспапта ойнай алмайтындар музыкадан дәріс беріп жүр дегендей. Әлекең домбыраны да шертеді, баянды да тартады, пианиноны да жақсы меңгерген. Ол әскери әндерді тамылжыта айтқанда, тұла-бойың дірілдеп кетеді. Жүрекпен түсінеді және жүрекке жеткізе біледі.
Әлихан Зыйнылкерімұлының өмірлік кредосы да адамды таң қалдырады.
«Бірінші – кітапты түсініп оқуға;
Екінші – адамгершілікті сақтауға;
Үшінші – Отанға адалдыққа;
Төртінші – әділдікке». Сенсең сол, өзімді және ұл-қызымды осы қасиеттерге баулыдым. Осы төрт қасиет менің әу бастағы өмірлік принципім. Бүгінгі жасөспірімдер мен жасыңызға осы қасиет жетіспей жатыр. Содан кейін түрлі шалағайлықтар істейді. Адам әуелі өзін қалыптастыру керек. Сосын барып, өзгеге ақыл айтқаны дұрыс. Ел аман, жұрт тыныш болсын ең бастысы», – дейді Ауған соғысының ардагері.

Ол да Ауғанның ардагері

Келесі біз­дің кейіп­ке­рі­міз – Төрегел­диев Қылышбек Асыл­бекұлы. Ол да Ауған соғысы­ның ардагері. Қылышбек Асыл­бекұлы өте қарапайым азамат. Оның жанарына қарасаң көзі өткір. Сөзі де өткір. Болмысы шынайы. Тұла бойында ешбір жасан­дылық жоқ. Барды «бар», жоқты «жоқ» деп айтады. Кейіпкерімізбен тілдескен кезде, бәлкім, сол өткірліктің де Ауған соғысында көп пайдасы тиген-ау деп топшыладым өз басым.
– Мен 1982-1984 жылдары аралығында әскери борышымды өтедім. Алғашында Вяземьск қаласында 1 ай стажировкада жүріп, сосын Ауған жеріне аттандық. Пулихумри, Кандагар, Кундуз, Панчер, Газни деген қалаларда болдық. «Соғыс» деген сөзді айта салу оңай. Біз оны көзбен көрдік, мәселен. Қаншама жауынгерлер мерт болды.Қаншама ата-ана қайғы жұт­ты. Оқ пен от­тың арасында жүрдік. Бізден кейінгі жас толқын іні­лер осындай жағдайды бастан кешпесе екен деймін. Тыныштықта өмір сүргенге не жетсін, – дейді кейіпкеріміз.
Қылышбек Асылбекұлының 3 ұл, 2 қызы бар. Барлығы да оқыған. Айдыны қазір Түркияда оқып жатыр. Гүлфайрузы мен Назеркесі тұрмыста. Екеуі де бір әулеттің инабатты да ибалы келіндері. Мадияры аудандық өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді. Мәлігі қолында. Қара шаңырақтың егесі дәл осы жігіт қазір. Ол да әкесі секілді қарапайым азамат. Құдай қосқан қосағы Жұмакүл жеңгей де зейнетке шыққан. 2 немерелері бар. Олардың қазіргі көз қуаныштары сол 2 немере.
Біз Ауған соғысының ардагері, Қылышбек көкемізден жастарымыздың тәрбиесі жөнінде сұрағанымызда:
– Меніңше, қазіргі жастардың бойында патриоттық сезім әлсіз. Көбі сөз көтере алмайды сосын. Бір жағынан құндылықтар өзгерген заман болды ғой, қазір. Бұрын біздің буынның өкілдері үлкен кісі көрсе, міндетті түрде амандасатын. Мейлі, ол танысын, танымасын. Қазіргі жастар өйтпейді. Сен ардагерсің бе, шенеуніксің бе, оларға бәрібір. Дана қазақ «Сәлем сөздің патшасы» деуші еді ғой. Кейде осы нәрсеге қарным ашады менің. Сыйластық деген амандасудан басталмай ма?, – дейді кейіпкеріміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: