Ағаш көшеттері отырғызылды
48 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Бекітілген кестеге сәйкес 16 ақпаннан бастап ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулері басталды. Алғашқы болып әкім есебін 2000-нан астам халқы бар абайлықтар тыңдады. Ауыл тұрғындарымен бірге есепті кездесуге аудандық мәслихаттың депутаты Мұратжан Мейманханов пен аудан әкімдігінің өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов та қатысты. Жалпы өткен жылы Абай ауылдық округінде іске асырылған тірлік көп. Оның басым бөлігін біз басылым бетіне жариялап, ойы орамды оқырманның назарына ұсынған болатынбыз. Сондықтан ауыл белсенділерімен жүзеге асқан жұмыстарды, асарлату салты бойынша бой көтерген асхана құрылысын қайта сөз ету артық болар.
Айтайын дегеніміз, абайлықтар осы қалпынан таймаса, біраз күрделі істің шешімін өздері-ақ тындыратын халге жетіп отыр. Сол үшін де жаны жомарт ауыл тұрғындарына айтар алғысымыз шексіз.
Абай ауылының жалпы жері егін мен мал шаруашылығына қолайлы. Сондықтан болар, онда дәл қазір 45 шаруа қожалық тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бірақ, өткен жылы шаруалар қуаңшылықтың кесірінен біраз қиындықтарға тап болған. Сол қателіктерін биыл қайталағысы, бастан өткергісі келмейді. Анығын айтқанда, көктемдік дала жұмыстарына ерте дайындалып, су мәселесін бүгіннен бастап шешуді көздейді.
Аталмыш мәселе жиын барысында да кең көлемде талқыланды. Ауыл тұрғындары әкім Мұратбек Арыстанбековтен Қарақыстақ тау суының бетон латоктарын жөндеуді дереу қолға алу керектігін жеткізіп, мәселені оң шешіп беруді өтінді. Өз кезегінде ауыл әкімі қаузалған мәселенің шешімі түйіндеулі тұрғанын айтып, тұрғындар тілегін аудандағы тиісті мекемелерге жеткізетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауыл әкімі өз баяндамасында аталмыш салада кездесетін бірнеше мәселелерге тоқталды. Мұратбек Дәкенұлының айтуынша, ауылда техникалардың жетіспеушілігі айтарлықтай аңғарылады екен. Сондықтан да алдағы уақытта 4 дана дала кемелерін (комбайн) алуға әрекет жасау керектігін айтты. Сонымен қатар, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру де өзекті мәселелердің бірі екеніне тоқталып, су тапшылығын болдырмау мақсатында тамшылатап суару әдісіне бірте-бірте көшу аса маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Абайда тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы мықтап жүзеге асуда. Атап айтқанда, өткен жылы Абай, Жамбыл, Жастар көшелеріне жергілікті бюджет есебінен диодты шамдар орнатылған. Бұл жұмыстар тұрғындардың өтініші бойынша келер жылы Қ.Сәтбаев көшесінде де жалғасын таппақ.
Бүгінде абайлықтардың басты тілегі – мәдениет үйі. Тұрғындар «егер ауылға мәдениет ошағы соғылса, жастар тәрбиесі, олардың рухани жаңғыруы қайта қалыпқа келер еді» деген ойды ұстанады. Шыны керек, бұл мәселе тұрғындар арасында көптен бері талқыға түсіп келеді. Аудандық, облыстық атқамінер азаматтар қылмысы аз, жас отбасылары ажырасу дегенді білмейтін, керісінше біріге тірлік ететін абайлықтардың өтінішін өзекке теппейді деген сенімдеміз.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан өзге де мәселелер көтерілді. Олардың барлығына тұшымды жауап қайтарылып, шешу жолдары заң аясында қарастырылатыны айтылды.
Жәнібек СҰЛТАН.