Ағаш көшеттері отырғызылды
49 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Атқарылған іске – халық сыншы
Жазушы Рахымжан Отарбаев: «Мақтау деген адамдардың арасында жүре беретін қарыз ақша сияқты» депті. Былтырғы жылға дейін әкімдердің жиналысы осындай райда өтетұғын. Әкімдер де жұрттың ыңғайына жығылып алып, уәдені көпіртіп бере беретін. «Алжыған ат – сүрлеуін, алжыған шал – белбеуін ұмытады» демекші, биылғы есеп беру жиналыстарын ауыл әкімдері ұзын-сонар шұбыртпа әңгімеден бастамай нақтылап, былтырғы атқарылған істері мен биылғы атқаратын шаруаларын шашыратпай, көп сөйлеп елді жалықтырмай айтудан бастады. Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Оразалы Танкеев Қазақ, Тасшолақ және Жалпақсаз ауылдарында болып, тұрғын халықтың алдына шығып, Президенттің берген тапсырмаларының қалай орындалып жатқанына тоқталды.
Әкім өз округі бойынша атқарылған істерді жіпке тізіп-ақ, айтып бергенімен жиналысқа келген жұрт оның айтқан уәжіне көңілдері көнши қоймады. Әкім Қазақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Гүлшира Байжанова мен Тасшолақ ауылының белсендісі Жаңыл Әбированың қойған сұрақтарына бұлтартпас жауап таба алмай әбден әбіржіді. Өйткені, олардың дәлелді уәждерінің тамыры тереңде жатыр еді.
Г.Байжанова: «Біздің Қазақ ауылында 160 түтін бар. Алайда ауыл әкімдігіндегілер ауданға: «сексен үй бар» деп қате ақпар беріп қойған. Соның салқыны біздің ауылдың өсіп-өркендеуіне тұсау болып отыр. Медпункт те, балабақша да аз тұрғын халыққа лайықталып салынған. Медпунктте су жоқ, ал, балабақшадағы балаларымыз бөлме суық болған соң киімшең жатады. Кір жуатын орын бар, бірақ ол істемейді. Арада отыз жыл өткенде барып ауылға «көгілдір отын» келді. Қазір 57 үйдің 48-не газ кірді. Ауылға ауыз су да керек. Кейбір көшелерде жарық жоқ, асфальт толық төселіп бітпеген. Ауылда клубымыз да жоқ» дейді. Ал, Құрал Масадықов интернет желісінің біркелкі жұмыс істемейтінін тілге тиек етіп еді оны тартып беретін компанияның өкілі небәрі 35 мың теңгеге 7-8 күннің ішінде орнатып беретінін айтты. Осыдан соң өлкетанушы Бекқұлы Әлі ауыл тарихына байланысты өз ойын ортаға салды. Тасшолақ ауылындағы жиналыс онсыз да тар, он-он бес бала оқитын кішігірім мектептің бір класында өтті. Ауыл тұрғындары қысылып-қымтырылып отырып, қордаланып қалған проблемаларды үйіп-төгіп айтып салды. Ауыл тұрғыны Аманкелді Әбдірәсілов ауыз су мәселесін, ал, Мақаш Есімқұлов жер туралы әбден «жыр» болған жәйтті бүкпесіз жайып салды. Зейнеткер Жаңыл Әбирова болса, жарты сағат бойы ауыл халқының шешімін таппай келе жатқан он үш мәселе төңірегінде әжептәуір әңгіме қозғады. Онда жайылым да, егістік жер мен ауыз су, жол, газ, тағы басқа өзекті мәселелер туралы округ әкіміне бұрын да айтылғанын ашып көрсетті.
Жиналыста сөз алғандар жер алудың машақатын алға тартты. Алайда, олар сатылатын, конкурсқа түскен жер туралы білмейтіндерін айтса, әкім ол туралы аудандық газетте хабарлама жарияланғанын алға тартады. Түптеп келгенде жергілікті тұрғындар: «Біздің көпшілігіміздің егістік жеріміз жоқ. Біз де сондай конкурсқа түсіп, жер сатып алғымыз келеді. Неге егіс айналымындағы жерлерді ауылда тұрмайтын, қалтасы қалың азаматтар ала беруі тиіс» дейді ашына сөйлеп. Осы жиынға аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің бастығы Нұрмат Сансызбаев та қатысып, осы мәселе төңірегінде түсініктеме берді.
Иә, ауыл әкімінің есеп беру жиналысында ауыл тұрғындары шешіле сөйлеп, көптеген мәселелерді ортаға салды. Өз кезегінде ауыл әкімі О.Танкеев те көшелерге жарық тартқызып, жол салдырып, ауыз су, газ әкелу, көптеген дау-дамайды ақсақалдар алқасын қатыстыра отырып, мәмлегершілікпен шешіп жатқанын тілге тиек етті. Өткен жылы округ әкімдігіне түскен 80 миллион теңгеге жуық қаражат халық игілігі үшін жұмсалғанын, әлі де шешімін күткен мәселелердің кезекте тұрғанын нақтылы мысалдарды алға тарта отырып, жиналған жұртқа айтып берді. Ең бір ауыз толтырып айтатын мәселенің бірі биыл Тасшолақ ауылына 120 орындық мектептің салынатыны. Оның жобалық-сметасы жасалып, жақын күндері оның салынатын орны да белгіленіп қалар. Ең бастысы, барлық төрт елді мекенге де жыл аяғына дейін «көгілдір отын» келеді. Дәл осындай жиналыс Жалпақсаз ауылында да болып өтті. Онда сөйлеген ауыл тұрғындары Сейдімбек Шілдебаев пен Жетпісбай Сейітбековтер де өз елді мекендерінің өзекті проблемаларын көтерді. Барлық тұрғындар әкімнің атқарған жұмысына өздерінің әділ бағасын берді.
С.Қожеке.