Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Түсіністік теоремасы
Бөрібайдың қасиетті «Қоңыртөбеге» қорықшы болып көшіп келгенін шалғайдағы қыстауда қысы-жазы қоныстанып отыратын жұрт түгел естіген шығар-ау. Бір жағы сонау «Әулие шоқы» да, қыбыла жақ шеті «Жүз асу» сияқты айдындай алқап. Осы қазыналы қойнауды мекен ететін әрине малшы қауым. «Қарақыстақ» деп аталуының өзі қойын-қонышына сыр түйіп жатқан киелі өңірдің қыста малға жайлы өріс, жазда жазиралы жайлау екенін әйгілеп тұрғандай. Сонау кеңес өкіметінің алғашқы 1928-1931 жылдарындағы болған ашаршылық кезінде де, соғыс тұсындағы дүрбелеңде де осы «қара қыстақ» елдің еңсесін түсірген жоқ. «Жить манап» пен «Сазқұдық» артелдерінің кебе-кебе ешкісі мен отар-отар қойы, әсіресе, үйір-үйір қыл құйрығы осы бетегелі бет пен көделі аңғарға, күнгейдегі қырға жайылып, атақты «қоян» жұтынан да аман қалды деседі жұрт.
Бөрібай қырғызбен шептес жатқан қыстауға көшіп келгенде екі елдің төскейде малы, төсекте басы қосылып, қырғыз бен қазақ қоңсылар бір-біріне жаз бойы сірне берісіп, ерулікке шақырысып жатқан жетпісінші жылдардың бел ортасы еді. Бөрібайға «Бөрке» деп ат қойып, оның сәмбі талдай майысқан сұлу келіншегін Мәрия демей, «Маша» деп атап бауырларына тартып алған. Осындайда «Үлкен Көкқия» мен «Кіші Көкқияның» арғы жағындағы қырғыз ағайындар да асудан бері асып келіп, «Қарақыстақтың» таңғы шықтай таза суынан өздері де, малдары да қанғанынша ішіп, әлгіндей той-томалақтан да қалмай, қымыз былай тұрсын, орыстың «Экстрасын» да тоя ішіп, кейде үйлеріне жете алмай басы кеткен жерге аяғы кетіп тойған жерінде тоңқайып жата кететін.
Осындай бір «тана тағу» деп аталатын ырымға қырғыз Құсшыбек те қойын сойып, қуырдағын қойып қонақтарын шақырды. Күні кеше ғана осындай тойымшылықта болып, «көкбөрі» тартып, желкініп алған, оның үстіне кешегі ащы арақтың уыты басыла қоймаған ауылдастар Құсшыбектің қойған дәмінен де бас тартпай, ыстақан біткенді «шулатып», армансыз-ақ төңкерісті. Қыза-қыза еркектер жағы жаға жыртысып, өзенге түсіп, қалың тоғайды жағалап, Бөрібайдың гармонына қосылып, шалқыта ән де шырқады. Қасиетті «Қоңыртөбеге» мінгесіп, күн де ұясына батып бара жатты. Бұлар Құсшыбек сиыршының киіз үйіне қолтықтасып, аяқтары айқасып әрең жетті. Шақырылған қонақтардың ішінде абақтыдан жаңадан босанып келген екі қырғыз жігіт бар болатын. Солардың біреуі түрменің «жаргонын» араластырып Бөркеге:
– Сен ұқмуштай жигитсин…Маша сенин айалың бы? Ал, да ұқмуштай сулу…Давай ошо силер үчүн ичип қоюлу…, – деп қолындағы стаканын ақтара салды. Оның Тимур деген жігітпен келгенін Бөрке білген емес. Бірақ, оның да әйеліне тиіп-қашып сөз айтып, кейде мойнына асылып, құлағына бір нәрсе сыбырлап айтып отырғанын есін бірде жиып, бірде жинай алмай отырған ол анық көрді. Бөрке әйелін өлердей сүйетін. Өзі де үріп ауызға салғандай сымбатты сылқым. Қатарларымен өткізген кештердің бірде біреуінен Бөрібай қалмайтын, әйелін де «компандарының» вечерінен тастамай алып баратын. Ол жерде де қылымсыған мінезі бар қатынынан талай жігіт көзін алмай қарап, әр түрлі сылтаулар айтып, биге шақырып, көз тая бере тіпті құшақтап сүйіп алудан да тайсалмайтын. Мұндайда Бөркенің бойында қызғаныштың «қызыл иті» ойнап шыға келетін. Өзі де анау-мынау емес, денелі жігіт қой, кіммен болса да жұдырықтаса кетуден тайынбайтын. Оның осы қорықшылыққа келуінің бір себебі де осы еді. Енді міне, талай жұдырықтасуды көрген қырғыз жігіті Тимурдан ай мен күндей аруын қалай ажыратып алудың амалын таппай ол орнынан масаң күйінде теңселе тез көтерілді де Машаға: «Жүр, кәне! Кеттік!» деді әйелін қарулы қолымен жетегіне алып. Дастархан басында отырғандардың ешқайсысы да олардың соңынан ерген жоқ.
Әбден ашуға мінген, ішін өртеп бара жатқан қызғаныштан құтылудың бір-ақ жолы бар екенін Бөрке санасына салып таразылап жатпады. Машаны су жағасына жетектеп әкелген бойда: «Сен қатын еркектерге сүйкенуіңді қоймадың ғой. Мә, саған!» деп қатынын жақтан шоқпардай жұдырығымен бір ұрды…екі ұрды… Ол әйелін есінен танып құлаған соң да өлімші етіп тепкілей берді, тепкілей берді…Ол енді ес-түссіз сұлық түсіп жатқан Машаны су жағасына тастап, өзеннің мұздай суына бүкіл денесімен қойып кетті. Алпамсадай жігітті асау толқын әудем жерге дейін ағызып әкетті. Суды бір жұтып, бір шашалып есін жинағандай болған ол жағаға қарай еңбектей жүзіп барып әрең шықты. Бөрке тез сергіп, бір кезде есін жиып алды да малмандай су болып жағада отырды. Оның есіне әйелі енді түсті. Сөйтті де далбасалап шамның жарығына қарай жүрді. Сөйтіп келе жатып жұп-жұмсақ бір нәрсеге шалынысып құлады. Басын жұмырлау тасқа ұрып алған ол аяғының астында үнсіз жатқан әйелінің денесін көрді де оны аймалай бастады. «Жаным, саған не болды? Тұршы орныңнан. Үйге кеттік». Енді Бөрке әйелін жұлқылай бастады. Бірде бір тіршілік белгісі жоқ екенін сезген ол мастығынан тез айықты. Сонда ғана барып әйелінің өліп қалғанын білді. Енді есі шыға жан-жағына қарады. Жаны түршіге айқайлап: «Маша! Мен не істедім? Мен сені өзім…өз қолыммен…» деп басын тасқа да, қара жерге де соққылап сенделіп кетті.
Бөрібай сол қасіретті түні есін жинай алмады. Өйткені ол Машасын жанындай жақсы көретін. Ол үшін отқа да, суға да түсуге даяр болатын. Енді ол өзін-өзі жазғырып, жападан жалғыз қорықшының қара түнектей үйіне сүйретіліп келді. Келген бетте қыл арқан тауып алып жер үйдің бел ағашына байлады. Арқанның екінші ұшын барынша қысқартып, мойнына салды. Өзі де еңгезердей болатын, аяғы жер тіреп, әбден әлтек-тәлтек болып әлекке түсті. Өлейін десе адам құсап өле де алмайтынына жыны келді ме, енді күрек тауып алып дар арқанның астын тереңдете қаза бастады. Ор тереңдігі өз бойынан асқан соң ғана басын өлімге тігіп, қыл арқанды мойнына тастады. Сөйтіп ол: «Қош бол! Жарық дүние! Жаным, мен бұл дүниеде сенсіз өмір сүре алмаймын. Мәңгілікке сенің жаныңда болғым келеді» деп өз жанын өзі қиып, шын дүниеге аттанды. Ол осы сәтте қызғаныш туралы ойлаған да жоқ. Өйткені енді пендешіліктің, қызғаныштың не екенін «о» дүние есігін ашқанда ғана білетін шығар. Осылайша қызғаныштың «қызыл иті» екі бірдей өмірді алып кетті.
С.Қожеке.