Жиналысқа Парламент депутаттары да қатысты

494 Views

Құмарық ауылдық округі әкімі­нің есебін тыңдауға Қазақстан Республикасы Парламентінің екі бір­дей депутатының келіп қатысуы ауыл тұрғындары үшін күтпеген жаңалық болды. Мәжіліс депутаттары Назилә Раззақбайқызы мен Гүлдара Нұрымова «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты Тараздағы тергеу изоляторында қамауда жатқандармен жүздесіп, алты азаматты бостандыққа шығарыпты. Ұлы Жібек жолы бойындағы одан кейінгі тізгін тіреген елді мекені осы Құмарық ауылы болыпты.
Онда да Парламенттің, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ауылдағы жұрттың хал-ахуалын етене жақын біліңіздер» деген сұранысын қаперіне түйген халық қалаулылары аймақ әкімдерінің есебі де маңызды саяси науқанның бірі деп біліп, біздің ауданымызға ат басын бұрыпты. Құрметті қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Ә.Терлікбаев пен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы басшысының орынбасары Қ.Арыстанбеков бастап келіп, оларды елді мекен тұрғындарының пилоттық жоба бойынша атқарып жатқан игі істерімен таныстырса керек. Бірақ, мәжілісмендер Парламенттің заң және соттық-құқықтық реформасы бөлімінен келгендіктен елдегі заңдылықтардың сақталуына, халыққа көрсетіліп жатқан осы тұрғыдағы қызметтердің ахуалына айрықша назар аударды. Сондықтан болар, осы ауылдың азаматы Атымтай Алтаевтың оқушы балаларды автобусымен мектепке тасымалдаудағы қаржылық қиындықтары туралы жазған арыз-шағымын назарға алды.
Ауыл әкімі Болат Шәкіртұлы Мансұр өз кезегінде округтегі өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Иә, үш елді мекенде төрт мыңға тарта халық тұрады. Дәлірек айтқанда, Құмарық, Қаракемер, Алғабас елді мекендерінде 630 үйелмен тұрады. Алдыңғы жылы Үкіметтен келген пилоттық жоба талай ауланың қорасын қойға, шарасын майға толтырып кетті. Оның үстіне ел отыз жыл бойы көрмеген ауыз суға кенеліп, үйлеріне «көгілдір отын» кіргізіп алып, үй тұрмысындағы әйелдер қолдарын жылы суға салып, қағанағы қарық болып, егеменді тұрмыстың рахатын көруде. Аймақтағы қой-ешкі 47428 басқа, мүйізді ірі қара 3004, жылқы 1391 басқа көбейіп жатса, соның 8 мың уақ малы мен 300 бас жылқысы, 80 бас мүйізді ірі қарасы пилоттық жоба­мен келіп отыр. Үкіметтің ауыл халқы­ның табысын молайтуға бағытталған пилоттық жобасы шынында да өз жемісін берді. Әйтпеген күнде үй іргесіндегі 30 гектар алқапқа картоп, 5 гектарға қияр, тағы 5 гектарға қызанақ, екі гектарға сарымсақ егіліп, одан 646 тонна өнім алынар ма еді? Әкім өзінің есебінде «Құмарық-тау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің осындай жетістіктерін жайып салды.
Жиналысқа қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев аймақтағы «Жомарт түлек» жобасы бойынша 2 миллион 500 мың теңге көлемінде жиналған қаражаттың ауылды абаттандыруға жұмсалғанын, «Менің алғашқы жұмыс орным» бағ­дар­ламасы бойынша 29 жастың жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етті. Ал, ақылы қоғамдық жұмысқа 49 ауыл азаматы тартылып, шаруа қо­жалықтары 104 адамды тұрақты жұ­мысқа орналастырыпты. 75 отбасына демеушілердің көмегімен 600 мың теңгенің көмегі көрсетіліп, бір отбасына «Асар» жолымен тұрғын үй салыныпты. 18 кәсіпкерге мал асырау үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 76 миллион 400 мың теңге несие беріліпті.
Міне, көріп отырсыздар ауыл халқы мемлекеттің берген көмегі арқылы техникалық жағынан да жарақта­нып, өздерінің жағдайын түзеп алған. Қазір Құмарықта 21 халыққа қызмет көрсететін нысан жұмыс істейді. Ауылда он дүкен, бір наубайхана, екі техникалық қызмет көрсету шеберханасы, бір май құю бекеті, бір көлік жуу орталығы, екі автобөлшек сататын дүкен, екі ағаш өңдеу цехы, бір дәріхана бар. Осының барлығы 30 жыл бұрын бар ма еді? Демек, ауыл халқының тұрмысы жақсарып, өмір сүру деңгейі бұрынғыдан анағұрлым өскені ғой. Мемлекет тарапынан да аймаққа қыруар қаржы келмесе, екі ауылға 734 миллион теңгенің ауыз суы келер ме еді? Көшелерге ауыз сумен бірге жол тартылып, жарық та жүргізілді. Осының барлығы тұрғындардың еңбекке, өмір сүруге деген құлшынысын арттырды.
Жиналыста сөз алған ауыл тұрғындары Әубәкір Иебаев пен Қабылбек Жұманиязов, Болатқан Тотаев, Жеңісбек Бейсеновтер елді мекендегі игі істер ту­ралы да, жайылым мә­селесі жайлы да өз пікір­лерін ортаға салды. Қаракемер ауылынан бір жекеменшік балабақша салына бастап, кейін қаражаттың жоқтығынан оның құрылысы тоқтап қалған екен, ол туралы да тұрғындар ой қозғады.
Ауыл әкімі одан соң «Бай Алғабас» ауылының халқы ал­дында есеп берді. Кездесу «сұрақ-жауап» форматында өтті. Бұл жерде де ауыз су мен жайылым мәселесі сөз болды. Бірақ, тұрғын халық үй іргесіне келіп тұрған суды «қалай кіргіземіз?» деген ыңғайсыздау сұрақ қойды. Олардың бұл уәжіне аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарып отырған маман Ж.Өмірқұлов орнықты жауап берді. Әкім мектептің биыл күрделі жөндеуден өтетінін, Игісінов көшесіне жол салынып, жарық тартылатынын айтып еді, ел жайылымның жетіспей жатқанын алға тартты. Бұл сауалға әкім: «жайылым картасы» жасалып жатқанын айтты. Жиналыста сөз алған зейнеткер Серік Садуақасов та, мектеп директоры Мағрипа Серікбаева мен мұғалім Асқар Есенбаевтар да қанағаттанарлық жауап алды деп ойлаймын. Өйткені әкім ауылдағы проблемаларды өзі айтып, олардың шешілу жолын өзі алдын ала тауып қойған да сияқты. Соған қарап әкімнің есепті мерзімдегі жұмысына көп ойланып жатпастан тұрғындар «қанағаттанарлық» деген баға берді.

* * *
Айту ләзім, ауыл әкімінің жиналысына қатысуға келген Парламент депутаттары бұдан кейін аудандық аурухана мен аудандық полиция бөлімінде және Луговой ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Олардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өтініш-шағым­дар­ын назарларына алды.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: