Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Тұрар Рысқұлов ауданы Алатаудың бөктерінде жатқанымен Жамбыл облысындағы он аудан сияқты Қырғызстанның Киров су қоймасынан бір тамшы да су алмайды. Ал, ауданда 6320 гектар суармалы алқап бар. Соның 2300 гектарына ғана тау су көздерінен аздаған ағын су келеді. «Аздаған» деп айтып отырғанымның ауыз толтырып айтарлықтай себебі бар.
Егер тауға қар қалың түспесе, ондағы қайнарлар мен бұлақтардың көзі ашылмаса, суармалы егістікке ағын су аз мөлшерде ғана жетеді. Онда да латокты каналмен ағатын су ғана егіс басына әупірімдеп әрең жетеді. Әсіресе, жазда, шілдеде шаруалар су тапшылығын көп көреді. Аудан аймағындағы 18 каналдың 14-і республикалық «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының иелігінде. Осы каналдардың төртеуі аудандағы коммуналдық мекемелерге беріліп, механикалық тазартудан өткізілген. Алайда, сонау 1975 жылы салынған бетонды каналдарға күні бүгінге дейін ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, каналдардың сексен пайызы қирап, талан-таражға түскен.
Міне, бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр. Өткен жылғы құрғақшылық елді есеңгіретіп тастады. Шаруаларға жаз айларында су жетпей қалды. Әсіресе, Қарақыстақ өзенінен ағын су алатын Абай, Каменка, Тасшолақ, Жалпақсаз, Қазақ, Жаңатұрмыс елді мекендеріндегі мыңнан аса қожалық өздері жыл сайын өсіріп отырған жоңышқалығынан, бау-бақшасынан, қант қызылшасынан өнім ала алмай қалды. Бетонды каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге мемлекет тарапынан жыл сайын қаражат бөлінгенімен, ол жетпей қалады. Ал, каналдар шұрық тесік болған соң ағын су ескі арнамен ағады, сөйтіп егістікке жеткенше су жерге сіңіп кетеді. «Сондықтан таудан келетін судың тиімділігін арттыру үшін осы суы мол каналдардың жоғарғы жағына су қоймасын салуды жедел түрде қолға алған жөн. Сонымен қатар ауданда 192 ұңғыма бар. Біздің мекеме 2019 жылы осы ұңғымалардың 19-ын ғана қабылдап алды. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін оларды іске қосу үшін ешқандай шаралар қолға алынған жоқ» дейді «Қазсушар» аудандық мекемесінің басшысы Бекмырза Шалданбаев. Иә, осынау өзекті мәселені ауылдағы шаруалар көптен бері қозғап келеді. Өкінішке орай ауыл халқының «жанайқайы» жоғарғы жаққа жетпей ме, әлде ондағы шенеуніктер елдің мұңын естісе де естімеген бола ма, әйтеуір, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, кәсіпкер шаруалардың мал азығына, ағын суға деген сұранысын биылдан қалдырмай қанағаттандыруға осы салаға жауап беретін лауазымды, шенді басшыларға тапсырма берді. Ендігі жерде бойкүйездікті қойып, нақтылы іске көшу керек-ақ. Әйтпесе, ауылдағы халық онсыз да жетпей жатқан жайылым «жырын» айтып, қолында бар азын-аулақ малынан ажырап қалуы ғажап емес. Осы аудандағы Шал суы, Қайыңды мен Қарақат су көздері де су тапшылығын жыл сайын көріп келеді. Ал, қазіргі таңда Қарақыстақ өзені Қарақыстақ су электр станциясына қуат берумен ғана шектеліп тұр. Егер қыс бойы босқа бейберекет ағып жататын суды жаңадан салынатын су қоймасына бұратын болса, онда осы өңірдегі шаруалар судан таршылық көрмес еді. Ілгерідегідей, яғни кеңес өкіметі тұсындағыдай 1500 -2000 гектарға дейін қант қызылшасын өсіріп, одан мол өнім алып отырған болар еді деп ойлаймын. Соңғы 10-15 жылдан бері Қарақыстақ, Жаңатұрмыс округтеріне Шу каналынан келетін су да тоқтап қалды. Ескі Шу каналының тозығы жетіп, қоқысқа толып кеткен. Егер көрші Меркі ауданы Қырғызстаннан су алатын болса, ол су Тұрар Рысқұлов ауданының шаруаларына да келген болар еді. Осы мәселені облыстық әкімшілік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да назарларына алғаны жөн-ау.
Сейсен Қожеке,
журналист.