«БАР»-дың қалтарысындағы «ЖОҚ»-тар

555 Views

Айбек Абишев қазіргі күні Өрнек ауылдық округінің әкімі. Ол – бұл ауылдық округке әкім болып былтыр сайланды. Айта кетейік, Айбек Қайырбекұлы бұл лауазымға «тосыннан» келе салған кадр емес. Бұған дейін, Қайыңды, Ақыртөбе (біз білетін) ауылдық округтерінде әкім болып, әбден тәжірибесі толысты. Әйтеуір, қайда барса да ізінен жақсы сөз еріп жүреді. Ең бастысы, сол емес пе? Әйтпесе, өзі туып өскен ауылда әкім болған, болып та жүр, қаншама азаматтар бар. Түк бітірмеген. Бірақ, «мен істедім» деп мақтанғанда құдай-ау, солардан «жақсы адам жоқ» жер бетінде.

Айбек Абишев те «Мен істедім» дейтін әдет атымен жоқ. Сондықтан да Өрнек ауылы болсын, оған қарасты Жарлысу, Әбжапар, Сәлімбай және Сұмқайты елді мекендерінің тұрғындары оған зор сенім артып отыр. Мәселен, сейсенбі күні Өрнек ауылдық округінің әкімі Айбек Абишев 2021 жылы атқарылған қорытынды жұмыстары туралы алдымен Жарлысу ауылында өз есебін берді.
Есепті жиналыс Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектепте өтті. Былай қарасаң, Жарлысуда мәселе жоқ секілді көрінеді. Мектеп бар, газ бар, шағын болса да клуб бар, балабақша бар, кітапхана бар. Мынау Құмарықты көктей өтіп, Жарлысуға баратын тас жол бар емес пе? Қазір ол жол баяғыдай емес. Құдды бір «Дубайдың» жолы секілді. Мәселе не жоқ дегенде ғой енді. Ауыз су. Оооооо! Бұл – проблема. Осы мәселені ауыл тұрғыны, зейнеткер Зиябаев Тұмаш ақсақал ашына айтты. «Ауыз су пайдалануға жарамсыз, тұзды, пәленбай миллиондар жұмсалды соған. Су жүйесінің тартылған трассасы төмен түсіп, топыраққа кіріп кеткен. Осы кеткен кемшіліктерді қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қашан жүргізіледі. Аудан әкіміне де, тіпті, осы салаға жауапты облыс әкімдігіндегі басшыларға да бардым осы мәселемен. Бәрі құрғақ уәде. Бұл не сұмдық» дейді ол. Сосын «Осы Көкдөнен ауылынан өтсең жолдың екі шеті «әйбәт» тегі! Біздің ауылға да сол секілді тротуар салынса деймін» деді зейнеткер. А.Абишев бұл сауалдың өте орынды екенін айтты. Оның айтуынша, ауыз су жүйесіне қайта лабораториялық сараптама жасалуда екен. «Қазіргі таңда Жарлысу ауылының ауыз су жүйесі Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебінде (балансында). Мердігермен кеткен кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр» деп түйіндеді әкім сөзінің соңын. «Тротуар салу бойынша сметалық құжаты дайындалып, аудан әкімдігінің экономика және бюд­жеттік жоспарлау бөліміне қаражат қарас­тыруға өтінім берілетін болады» деді Айбек Абишев. Бұдан бөлек, тау аңғарынан келетін ағын судың, жайылым жердің жоқтығын, көше жарықшамдарын орнату секілді мәселелерді сөз етті ауыл тұрғындары. Айбек Абишев ауылда ауызбіршілік болса, бұл тірліктің барлығы рет-ретімен шешілетіндігіне сенім білдірді.
Айбек Абишевтің Әбжапар елді мекенінде өткен есепті жиналысында ауыл тұрғыны Қанағат Қазақбаев «Шаруа қожалықтар ауылдың маңына дейін егін егіп тастады. Осы шаруа қожалықтардың егіндік жерлерін анықтап берсеңіздер?» деген сауал қойды. Әкім ауыл тұрғынына «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне шаруа қожалықтардың жер телімдерінің шекарасын анықтауға сұраныс жасалатын болады» деп жауап қайырды. Ал, зейнеткер Жексенбай Маханбетқұлов «Т.Бокин көшесіне асфальт қашан төселеді?» дейді. Әкім зейнеткер сауалына «Т Бокин көшесіне ағымдағы жылы асфальт төселеді. Қаражат бөлініп, мердігер анықталуда» деді.
Сәлімбай ауылындағы Бірлес орта мектебінде өткен Айбек Абишевтің есепті жиналысында ауыл тұрғыны Кемелбек Тұйғынбаев «Жеке кәсіп­кер С.Д.Атамбаевтың меншігіндегі Сәлімбай ауылына кіреберістегі жол бойында орналасқан кірпіш зауыттың автокөліктері топырақ тасымалдау кезінде тасымалдау ережесін бұзып жүреді және топырақ алатын каръердің төңірегі жар болып, апатты жағдайда тұр. Тегістеу жұмыстары жүргізілмеген» деді ашуға булығып. Бұл жөнінде А.Абишев «Жеке кәсіпкер С.Д.Атамбаевқа қатынас хат жолданған. Жеке кәсіпкер бірігіп жұмыс істеуден қашып отырған жоқ. Қазір денсаулығына байланысты келе алмай жатыр. Алайда, ол халықпен етене жұмыс істеуге мүдделі» деді әкім. Ал зейнеткер Рахымберді Қожамбердиев болса, «Ауылға ауыз су жүйесі қашан жүргізіледі?» дейді. «Ауыз су жүйесі 2022 жылы жүргізіледі. Қаражат қа­рас­тырылып, мердігер анықталуда» деп жауап қайырды зейнеткер сауалына Айбек Абишев.
Айбек Абишевтің Сұмқайты елді мекенінде өткен есепті кездесуінде Рысбек Рахметілдаев «Стрит Воркаут» ойын алаңы мен кіші футбол алаңы Сұмқайтыға соғылса?..» деген сұрақ қойды. «Осы мәселе бойынша смета­лық құжаты дайындалып, аудан әкім­ді­гінің экономика және бюджеттік жос­парлау бөліміне қаражат қарасты­руға өтінім берілді» деді Өрнек ауыл­дық округінің әкімі. Айта кетейік, бұл есепті жиналыстарға аудан әкім­дігі қаржы бөлімінің басшысы Тойшығұл Жапарқұлов пен Өрнек ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Байкеев қатысты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: