Тіл – ұлттың тұғыры

595 Views

Ата заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – Қазақ тілі деп көрсетілген.
Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деп дана Абай атамыз айтпақшы, мемлекеттік тіл тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі.
Ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретінде танылуы сол мемлекеттегі әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Әр азамат мемлекеттік тілді, қазақ тілді, ана тілді құрметтеуді өзінен бастау керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау қажет. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп айтып өтті.
Жалпы сотта басқа соттармен хат алмасу, талдау, қорытындылар, тапсырмалар мен тапсырмаларға жауаптар қатаң түрде тек мемлекеттік тілде рәсімделіп жолданады. Басқа мемлекеттік органдарға шығыс және ішкі хаттарды жолдау барысында міндетті түрде мемлекеттік тілде рәсімдеп, сонымен қатар, хаттардың қатесіз, сауатты рәсімделуі қажет.
Сот ісінің қазақ тілінде жүру көр­сеткішін соттардың кінәсінен деп айтуға болмайды. Тараптар арыз-шағымдарын орыс тілінде береді. Сотқа түскен тергеу амалдары қазақ тілінде жүргізілген қылмыстық істер, азаматтық істер бойынша сот сараптамаларын тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым қазақ тілінде шығарылса да сараптама жасау орталығы қызметкерлерінің жауаптары орыс тілінде. Мемлекеттік орган болғандықтан, сараптама қорытындысы қазақша – мемлекеттік тілде шығаруға міндетті. Демек, іс қай тілде басталса, мәжілісті сол тілде жүргіземіз.
Мемлекеттік тілді қолдану және дамыту мәселелеріне арналған кеңестер, мәжілістер, отырыстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, т.б. шаралар туралы сот жүйесінде қазақ тілін қолдануды на­сихат­тауға, оның қолданылу аясын кеңейтуге үнемі шаралар жүргізі­ліп отыруы тиіс.
Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ана тілінде еркін сөйлеп, шын жүрегіңмен құрмет­те­сең ғана өзгелерге де ана тілінді құрметтете аласың» деген екен. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге қазақтың қара шаңырағының астында тұрған, елім, жерім деген әрбір азамат атсалысуы керек деп есептеймін.

Л.Байтленова,
аудандық соттың судьясы.

Поделиться ссылкой: