Күле білу – өмір, күлкі болу – өлім

540 Views

Сатира саңлағы Сейіт Кенжеахметұлы «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, ал, күлкі болу – өлім» дейді. Танымал пародистер кейде күлдіреміз деп, бүлдіріп жататынын көріп те жүрген боларсыздар. Аға буын ұрпақтың өкілдері неге кешегі «Тамашаны», тіпті, «Бауыржан-шоудың» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасаған сахналық көріністерін «жыр ғып» айтады. Өйткені, ол кезде әзілдің салмағы болды. Әзілді жазатын авторлардың сөз саптау стилі де бөлек болды. Әртістер ойнағанда жазылған дүние тіпті сахналық көрініске әр беретін. Қазір ше? 

Сылдыр сөз, анайы әзілдер айтылып жүр көбіне-көп. Бір өкініштісі, сондай дүниелер экраннан көрсетіледі. Қаралымы да көп. Сейіт көкеміздің сөзін жаздық әу баста. «Күлдіре білу – өнер». Осы сөздің өзінде қандай терең мағына жатыр. Кейбір «танымал әзілкештер» осыны түсініп, сахнаның қасиетін ұғынса екен деген ой біздікі. Басқа дәнеңе де жоқ.
1 сәуір – Күлкі күні. Осыған орай, ауылдық мәдениет үйлері мен клуб меңгерушілерінің арасында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «Әзілің жарасса…» деген тақырыппен байқау ұйымдастырды. Байқауға Қарақыстақ, Көгершін, Құмарық ауылдық мәдениет үйлерінен, сондай-ақ, Тереңөзек, Қайыңды – Сөгеті және Абай – Жаңатұрмыс ауылдық клубтарының қызметкерлері қатысты. Соңғы аталған Қайыңды – Сөгеті, Абай – Жаңатұрмыс ауылдарының өнерпаздары бірігіп, сахналық көрініс қойды. Бұны достықтың дәнекері деп ұққан жөн.
Қатысушылардың байқауға жақсы дайындалғаны бірден көрініп тұрды. Өнерде қасиет бар. Сахнаға адалдық деген ұғымды сол сәтте өз басым көрдім. Тіпті, сол күні қатты жел соқты. Жарық бір сөніп, қайта жанды. Соған қарамастан, қатысушылар өнерлерін жалғастыра берді. Міне, өнерге деген биік көзқарас осындай болады. Байқау 2 кезең бойынша өрбіді. Мәселен, Қарақыстақ мәдениет үйі Толымбек Әлімбекұлының «Ененің екі ақылы» және Көпен Әмірбектің «Адасқан бала» көрінісін сахналады. Күлдік. Тамсандық. Құмарық ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары да «Теңгекүл күйеуге шығады», «Күйеуінен таяқ жеген әйел» көрінісін қызықты етіп жеткізе білді.
Тереңөзек ауылдық клубы Берік Шадыровтың «Методист күйеу бала» көрінісі мен «Түсімдегі тоғыз қыз» видео-коллажын асқан шеберлікпен көрсетті. Күлкіден жарылып кете жаздадық. Қайыңды-Сөгеті ауылдық клубтарының өнерпаздары Оспанхан Әубәкіровтың «Түкпірдегі дүкен» әзіл-сықағы мен «Алжыған шал» видео-әзілін қойды. Көгершін ауылдық мәдениет үйі Басқар Битановтың «Емханада» көрінісін, сондай-ақ, «Супер тамада» видео-әзілін сәтті жасап шыққан екен. Абай-Жаңатұрмыс ауылдық клубтары алғашқы кезеңде Көпен Әмірбектің «Бітеу тауық», екінші кезеңде Шона Смаханұлының «Соқыр ішектегі волга» көрінісін қойды. Тәп-тәуір дүние болып шықты. Байқауға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Әлихан Әмреев және аудандық Басқар Битанов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Эльмира Асылбекова қазылық етті. Нәтижесінде жүлделі III орынға Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі, жүлделі II орынға Қайыңды-Сөгеті ауылдық клубтарының өнерпаздары ие болды. Ал жүлделі I орынды Тереңөзек ауылдық клубының өнерпаздары жеңіп алды. «Ең үздік актриса» номинациясы Зайтуна Оразалиева мен Аида Бижановаға табыс етілді. «Ең үздік актер» номинациясы Темірбек Қосиев пен Қамбар Дөңбаевқа берілді. «Ең үздік режиссер» Кемел Дабылбековке, ал ынталандыру сыйлықтары Данагүл Бодауова мен Қымбат Саймұратоваға табыс етілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: