Ораза шаттығы

439 Views

Бір егде тартқан шопан қойларын бағып, таңсәріден кешке дейін өрісте жүреді екен. Мал бағып жүріп, көбірек уақытын өріске жақынырақ жерде өскен бір алма талының көлеңкесін­де тынығып отырады екен. Кейде алмалары піскен талдармен сыр шер­тіп, сұхбаттасып тұратын көрінеді.
– Қане балам, мендей бір қария­ның алмасын бере қойшы, – деп қоя­ды екен.
Осындай керемет сөздің әсерінен дәмі шырындай, иісі жұпардай болған бір алма топ етіп жерге түсе қалады екен. Қария сол алманы алып, қалтасынан бәкісін шығарып өзімен бірге алып жүрген айранын ішіп түстеніп алады екен. Сосын бабасынан қалған ескі Құран Кәрімді алып, абайлап қана ақырын оқи бастауды әдетке айналдырған екен.
Шопан ата әлгі алма ағашының көшетін бұдан жиырма жыл бұрын өз қолымен көшеттеген еді. Көшетті жиі-жиі суғарып тұрушы еді. Намаз үшін дәрет алған кезде, дәреттен қалған суды да жақсы ниетпен көшетке құйып тұратын кездері де болған екен. Қарияның жүзі жуылатын дәрет суында да бір хикмет бар ма еді, кім білсін?! Қысқасы, Алла қалауымен көшет тез өсіп, көп уақыт өтпей-ақ, өз жемістерін беретін дәрежеге де жеткен екен. Шопан атаның ол кездері жасы келгендіктен қайсы алмаға көзі түсетін болса, сол алманы дереу өз қолымен үзіп жей беретін болған. Алайда, арадан біраз жылдар өтіп, кешегі жігіт, міне, бүгін еңкейген қартқа айналып, қария болды. Алма талы болса күннен-күнге ұлғайып, жемістері де дәмді бола бастады. Алма талы қанша жерден өсіп өнгенімен, қария үшін бәрібір де жас баладай болып қала берді. Қария оны «Балам» деп еркелетер еді. Жылдар өте келе қарияда осындай әдет пайда бола бастады, ол өз баласындай болып қалған алма талының жанына келіп, сылап-сипап қойып:
– Қане балам, бұтақтарыңнан бүгінгі нәсібімді түсіргейсің, – деп тұратын еді. Көп уақыт өтпестен бір алма топ етіп жерге түседі екен. Осы бір жағдай үздіксіз жылдар бойы қайталанып тұрды. Қария сұраған кезде алманың түспей қалуы еш мүмкін болмапты. Әр кез түседі екен. Ауыл адамдары қарияның бұндай қызықты сәттерін өз көздерімен талай көріп, тіпті, «Шопан ата әулие екен» деген де сөздер таратылған екен.
Күндердің бір күнінде шопан ата әдеттегінше алма ағашының саясында тұрып, біраз тынығып, мызғып алады. Аз ғана демалған соң, намазын оқиды. Кейін алмаға қарап күндегі әдетінше сол күнгі алмасын сұрайды. Бірақ та неге екені белгісіз жемістері пісіп тұрса да, қарияның қолына бірде-бір алма түспеген екен. Қария аң-таң… Біраз күтіп, қанша рет қайталаса да алма еш түспеді. Күтті, тағы да күтті. Қарияның көңілі бір түрлі болып, көздеріне жас келіп, кірпіктері мен сақалы көз жастарына суларына шыланып кетті. Сосын қойларының соңына жүріп кете барды… Еш қолымды қайтармаған еді. Не боп қалды екен?! Осы ойлар біраз мазалады. Ойлай-ойлай түбіне жете алмады. Уайымы күшейді. Тіпті алма ағашына көңілі қалғандай әсерде болды. Өзін өте ауыр сезінді.
Өрістен малдарын ертерек айдап, ауылға қарай бет алды. Бір кезде мешіт жақтан шығып жатқан азанды құлағы шалады. Бүгінгі азан өте өзгеше, әсерлі айтылып жатқан еді. Азан әуендерінің ар жағында бір қуаныш, шаттық жасырынып тұрғандай сезілді. Ішіне үміт оттары жанып тұрғандай болды. Бір кезде өзінен-өзі жымия бастады. Жоғалған нәрсесін тапқандай әсерде болды. Тағы екі көзінен жас сауғалай бастады. Дереу артына бұрылып, алма ағашына қарай жылдам жүріп кетті. Алма ағашының жанына келе сала, кең құшағымен құшақтап, еріксіз көздері жасқа толып:
– Балам…Балақайым. Кешір мені, жас шыбығым!
Мен еш түсінбеген екенмін ғой!!!
Бүгін – Рамазанның бірінші күні екен ғой! – деген екен.
Оразаларыңыз қабыл болсын!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: