Ашықтық – әр мекеменің қағидасына айналуы керек
Бүгінгі таңда зейнетақы қорындағы жарналар туралы халық арасында көптеген гу-гу әңгіме бар. Осы мәселені «Құлан таңы» газетінің редакциялық алқасы жан-жақты саралап, «Сауал – сізден, жауап – басшыдан» атты айдар ашуды жөн деп тапты. Яғни, газетіміздің бүгінгі нөмірінде «БЖЗҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Адыманат Еспаевтың тұрғындар сауалына жауап берген блиц-сұхбаты жарық көріп отыр. Зер салып оқыңыз, алдияр оқырман!
1. Бірнеше айдан соң жасым келгендіктен зейнетке шығамын. Қашан, әрі қайда баруым керек?
– Мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақыны, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тағайындалуы үшін сіз бірыңғай өтініш және құжаттар топтамасымен тұрғылықты жеріңіз бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне (ХҚКО) жүгінуіңіз қажет.
Мұны зейнет жасына толуға 10 күн қалғанда жасай аласыз.
Жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасы ерлер үшін 63 жасты, әйелдер үшін 2022 жылы – 60,5 жасты құрап, 2027 жылы 63 жасқа толғанға дейін жыл сайын жарты жылға ұлғайтылып отырады.
2. Жұбайым жеткіліктілік шегінен асып түскен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық компаниялардың басқаруына бергісі келеді. Оларға сенуге бола ма, жоқ па, күмәнім бар.
– 2021 жылдың қаңтарынан бастап салымшылар мен алушылар инвестициялық портфельді басқаратын компанияны өз бетінше таңдау арқылы өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялауға қатыса алады.
Қазір БЖЗҚ Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) белгілеген барлық талаптарға сәйкес келетін, бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар (инвестициялық портфельді басқару қызметі мұнан әрі – ИПБ) 4 компаниямен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасты. Олар:
• «Jusan Invest» АҚ
• «Halyk Global Markets» АҚ
• «BCC Invest» АҚ
• «Сентрас Секьюритиз» АҚ
Әрбір ИПБ туралы ақпарат (инвестициялық декларацияны, сондай-ақ, ИПБ комиссиялық сыйақысы туралы мәліметтерді қоса алғанда) enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» — «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруға аудару» бөлімінде жарияланған. Басқарушы компаниялардың инвестициялық қызметіне шолумен де enpf.kz сайтында «Көрсеткіштер» – «Инвестициялық қызметке шолу» немесе «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне қысқаша шолу» бөлімдерінде танысуға болады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
ҚР «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, ИПБ инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-дан аспайды. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына бір реттен жиі ауыстырылмайды.
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекет кепілдігі қолданылатынын білген жөн. Зейнетақы жинақтарын ИПБ басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен алмастырылады, ол нарықта жұмыс істейтін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігі негізге алына отырып есептеледі.
3. 2022 жылы БЖЗҚ төлемдері қалай өзгерді?
– БЖЗҚ-дан төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 2 қазанындағы №1042 қаулысымен (2021 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілген өзгерістермен) бекітілген Әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады. Осы Әдістемеге сәйкес зейнетке шыққан адамдарға төлемдер былайша есептеледі: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесі – 6,5% -ға көбейтіліп, одан кейін 12-ге бөлінеді. Нәтижесінде төлем алынатын бірінші жылы БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдер мөлшері есептеп шығарылады. Белгілі бір санаттағы алушылар: мерзімсіз белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген, жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен кемінде алпыс ай жинақталып, жұмыс істеген адамдар үшін зейнетақы төлемдерін есептеу әдістемесінде түзету ұлғайту коэффициенттері көзделген.
Келесі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі – 5%-ға жыл сайын ұлғайтылып отырады.
Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 1 сәуірінен бері зейнетке шыққан зейнеткерлерге төленетін төлемдер 5% көбейді.
Айта кетейік, БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% кем емес (2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге) мөлшерде жүзеге асырылады. Тиісінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан ең төменгі төлем 25 212,60 теңге (36 018*70%).
Егер төлем алуға өтініш берген күнгі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет төленеді (2022 жылы – 555 624 теңге = 12 * 46 302 теңге).
2018 жылдың 1 қаңтарына дейін төлем алу құқығын іске асырған зейнеткерлер үшін 2022 жылы есеп мынадай: олардың зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен (2022 жылы 30 х 46 302 = 1 389 060 теңге) ең жоғары шаманы және зейнетақы жинақтарының сомасын алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтуден тұрады. Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанша төленеді.
4. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі үшін жеткіліктілік шегінің ұлғаюы жөнінде сұрағым келіп тұр. Мысалы, менің туған күнім 25.04.1983 ж., 25.04.2022 жылға дейін жеткіліктілік шегі қазіргідей 3 220 000 теңге болып қала ма? Әлде 01.01.2022 ж. бастап мен үшін жеткіліктілік шегі 5 640 000 теңгеге дейін ұлғаяды ма?
– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында (бұдан әрі – Заң) зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі – ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес деп айқындалған.
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі (бұдан әрі – ТЖШ) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылдың 6 қаңтарындағы №1 қаулысымен бекітілген ТЖШ айқындау Әдістемесіне сәйкес, жыл сайын есептеледі. Бұл әдістеме ашық нормативтік құқықтық акт болып табылады және ғаламторда, соның ішінде БЖЗҚ сайтында еркін қолжетімді. Әдістемеде ТЖШ есептеу алгоритмі егжей-тегжейлі сипатталған.
Осылайша, ТЖШ есептеу кезінде БЖЗҚ Әдістемеде белгіленген, оның ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жыл сайынғы негізде ұсынылған, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен келісілген тиісті көрсеткіштерді пайдаланады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 желтоқсандағы №875 қаулысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысына толықтыру енгізілді, оған сәйкес 2021 жылға есептелген ТЖШ 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін қолданылады деп белгіленген.
Жоғарыда айтылғанды, сондай-ақ, оның ішінде ТЖШ мөлшерін БЖЗҚ жыл сайын қайта қарайтынын ескере отырып, Сіздің жағдайыңызда ТЖШ:
2021 жылдың 25 сәуірінен бастап 2022 жылдың 31 наурызын қоса алғанда 3 млн 220 мың теңге;
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап 2022 жылдың 24 сәуірін қоса алғанда – 5 млн 490 мың теңге;
2022 жылдың 25 сәуірінен бастап 2022 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанда – 5 млн. 640 мың теңгені құрайтын болады.
БЖЗҚ тарапынан алуға қолжетімді сома уәкілетті оператордан электрондық хабарлама келіп түскен күнгі ТЖШ ескеріле отырып тексерілетінін атап өтеміз.
5. Мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасадым, бірақ қазіргі уақытта бұл келісім арқылы табыс таппаймын, өз пайдама жарна аудара аламын ба?
– Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) салық агенті болып табылмайтын жеке тұлғамен жасалған болса, онда сіз алатын табыстың 10 пайызынан кем емес, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан көп емес мөлшерде (2022 жылы ЕТЖМ – 60 мың теңге) өз пайдаңызға жарна аударуға құқылысыз.
Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар салық агентімен (ЖК, заңды тұлға, сондай-ақ, жеке тәжірибемен айналысатын тұлға) жасалса, онда төлем болмаған жағдайда ол сіздің жеке зейнетақы шотыңызға міндетті зейнетақы жарналарын аудармайды.
Қазіргі уақытта сіз табыс таппайтындықтан, өз табысыңыздың есебінен екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке пайдаңызға ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) өз бетіңізше аудара аласыз. ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке тұлға қалауынша белгілейді.
Егер сіз жеке кәсіпкер болмасаңыз, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) аясында аударымдар жасай аласыз. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 25.12.2017 жылғы №120-VI Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар БЖТ төлеушілер болып танылады:
1) БЖТ төледі;
2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайды;
3) акцизделетін өнімді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана қызметтер көрсетеді және (немесе) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізеді. Бұл ретте БЖТ төлеушінің осы тармақшада көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын табысының мөлшері күнтізбелік жыл үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Жеке тұлғалар БЖТ төлеу жүргізілген күннен бастап БЖТ төлеу жүргізілген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілер деп танылады.
БЖТ төлеушінің БЖТ-ны қолма-қол ақшамен, не қолма-қол емес тәсілмен банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы мемлекеттік корпорацияның банктік шотына аудару арқылы жалпы сомамен төленуге жатады.
БЖТ мөлшері 2022 жылы:
– Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК немесе 3 063,00 теңге;
– Басқа елді мекендерде 0,5 АЕК немесе 1 531,50 теңге.
Адыманат Еспаев,
«БЖЗҚ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры.