Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
52 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Балабақшадағы бір күн. Балаларды ұйықтатқым келді. Баланы еденге атып ұрды. Балабақшадағы тәртіпсіздікке кім кінәлі? Бүлдіршіндерді ұрған қанша тәрбиеші жұмыстан қуылды? Тәрбиешілердің 27%-ның тиісті мамандығы жоқ. Таңертең тапсырылған тәрбиеленушілер күні бойы не істейді?
Көз жүгіртіп оқыған мәтінді түсінбей отырған боларсыз, иә? Ендеше шама-шарқымыз жеткенше жоғарыдағы жазбамызды ұғындырып көрейік. Бұл – БАҚ беттерінде балықтай жүзіп жүрген балабақшаға қатысты мақалалардың «айқайлап» тұрған тақырыптары. Сөзімізге сеніңіз, біз бергі жағынан қайттық. Әйтпесе, интернет ресурстарын әрмен қарай парақтайтын болсаңыз, бұдан да сұмдық жайттарға қанық болатыныңызға кәміл сенімдіміз. Егер сіз «Ой… қойшы! Өзіміз де таяқ жеп өстік қой! Ешнәрсе қылмайды» деген ой мен бағытты ұстансаңыз, аталмыш салаға қатысты бейнероликтерді көріңіз. Сөз берем. Жағаңызды ұстайсыз.
Ең әуелі мына бір мәселені мықтап түсініп алғанымыз абзал. Біз бұл мақалада тәрбиешілердің барлығына топырақ шашқымыз келмейді. Әйтсе де, әрбір адам өзінше жеке тұлға. Қоғамда жақсы да, жаман да жандар кездесуі мүмкін. Сондықтан да, балабақша басшылары қызметкер таңдап алар сәтте бала алдындағы жауапкершілікті мықтап сезініп, тәрбиешілердің мінез-құлқына, біліміне, тәртібіне, стресске төзімділігіне аса қатты мән бергені дұрыс деп ойлаймыз. Егер де мұндай жағдайдың алдын алмаса, ата-ана алдында тәрбиеші мен басшы да жауапкершілікке тартылатынын ескерте кетейік.
Шыны керек, соңғы кездері үйдегі көк жәшік арқылы жаға ұстатар жайттарға куә болып жүрміз. «Балабақшада 4 жасар бала көз жұмды». «Бүлдіршінді ұрған тәрбиеші өзіне қол салды». «Екі жасар сәбиді тұншықтырған балабақша тәрбиешісі сотталды» деген тақырыптағы жаңалықтар жүрекке артық салмақ салатыны рас. Жыл басында болған жағдайды баяндайық. Ол кезде Павлодар қаласындағы «Zerek bala» балабақшасынан шу шыққан болатын. 2 ақпан күні 1 жас 10 айлық баланы жалаңаштап, салқын бөлмеге қамаған тәрбиеші бұл әрекетін еш түсіндіріп бере алмаған.
Әділдік іздеген қала тұрғыны Алина Омарова бұл сұмдықты әлеуметтік желіге жариялап, бейнеролик астына мынадай жазба қалдырған. «2 ақпан күні сағат 16.22-де қызымды алып кетуге бардым. Кейін бейнебақылау камерасының жазбасын қарағанда жағамды ұстадым. Жалаңаш бала 40 минут бойы бөлмеде жалғыз қалған. Бөлменің салқын, терезесі ашық тұрғанын көрдім. Оның бұл әрекеті бірінші емес сияқты. Өйткені бала шығып кетіп, қарсылық білдірер еді. Үйретіп қойған. Осы балабақшаға барып жүргенімізге жарты жылдан асты. Тәрбиеші алып қалғанда неге жылай беретініне мән бермейтінмін. Сөйтсем, қорқады екен ғой», – дейді Алина Омарова. Ол әуелде видеоны басқа мақсатпен қарағанын айтады. Бір күн бұрын балалардың іші өтіп ауырған. «Балаларды қалай тамақтандыратынын білгім келді. Мына оқиғадан біраз есеңгіреп қалғандай болдым. 3 ақпанда таңертең барып, телефонның бейнежазбасына түсіріп алдым. Дұрыс істеппін. Кейін құрылтайшысы сервердегі видеоны өшіртіп тастапты. Балабақшадағы санитарлық жағдай сын көтермейді. Екі жасқа дейінгі балаларды әжетханаға түске қарай бір-ақ апарады», – дейді ол. Дәл осындай келеңсіздіктің біреуі жуырда тағы қайталанды. Ондағы тәрбиешілер бүлдіршіндерді қуалап, сабап жүр. Жаға ұстататын жағдай ма? Біздіңше, иә! Дәл осындай келеңсіздіктерді, жағымсыз жайттарды тоқтататын кез келген секілді. Қалай дейсіз ғой?! Ендеше біздің ұсынысымызға көз жүгіртіп көріңіз.
Қазір ХХІ ғасыр. Инновация саласы көп мүмкіндіктерге ие. Неге осы біз ата-аналардың балаларына ұдайы бақылау жүргізуге мүмкіндік бермейміз? Арнайы мобильді қосымшалар даярлап, бейнебақылау арқылы қолымыздағы телефонмен қадағалап отыруға бар мүмкіндікті қарастыруымыз қажет секілді. Қазіргі цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, балабақшадағы әр топтың бөлмесіне онлайн бақылау камераларын орнатып, оны 12 сағат бойы тікелей байланысқа шығарғанымыз абзал. Бұл қадам бір жағынан мекеме жұмысының ашықтығын көрсетсе, екінші жағынан балабақшаларда болып жатқан былықты сап тиятын еді. Әрине бұл қаржы жағынан қиындыққа әкеп тірейтін болар. Бірақ, сонда да бала біздің басты байлығымыз емес пе? Бұл – бір. Екіншіден, бұл баянды бастама Мемлекет басшысы бекіткен балалар жылы аясында жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді.
ТҮЙІН: Біз бұл ұтымды ұсынысты тиісті мекемелер мен министрліктерге жолдайтын боламыз. Ұсынысты жан-жақты қарастырып, нақты жауап қайтарады деген сенімдеміз.
Жәнібек Сұлтан.