Бірі – «Қазақ өнерінің қайраткері», бірі – «Қазақ мәдениетінің қайраткері»

521 Views

Мемлекет және қоғам қайраткері, әйгілі театр сыншысы болған Әшірбек Сығай ағамыз «Мәдениет, өнер халықтың көз алдында. Ол сенің жүзің, бетің, бағдаршамың, сенің психологияң, эмоцияң. Мәдениет осындай жүк көтеріп жүр. Ол жұрттың назарында» депті. Ал, Жүсіпбек Аймауытовтың «Мәдениет дегеніміз – ұлтты өліп-өшіп сүю» деген сөзі бар. Меніңше, осы сөз «жоқтан бар» жасап жүрген, ауданда мәдениеттің өрісін кеңейтіп, бар жан-тәнімен еңбек етіп келе жатқан аудандық Басқар Битанов атындағы халық театрының өнерпаздарына қарата айтылғандай көрінеді. Бұл халық театрының құрылғанына небәрі 6 жыл болды. Осы аралықта спектакльдер қойылған жоқ деп ешкім айта алмайды, қойылды. Біз оны көрдік те. Бәзбіреулер ұқсап, «арызын анда көтеріп, біресе, мұнда көтеріп» жүрген пәндә жоқ бұл ұжымда. Ең бастысы, еңбек бар. Жұмысқа деген құлшыныс бар. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе бет», «Ажал мен Ажар» спектаклін театр әртістері жоғары деңгейде сомдап шықты. Осындай қажырлы еңбектің бағалануы орынды ма? Біздіңше, орынды.

Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес марапат алқасының 2022 жылғы 29 наурыздағы №19 бұйрығымен аудандық Басқар Битанов атындағы халық театрының меңгерушісі Асылбекова Эльмира Жақсыбайқызына «Қазақ өнерінің қайраткері», сондай-ақ, дәл осы Қоғамдық марапаттар жөніндегі республикалық кеңес марапат алқасы аудандық Басқар Битанов атындағы халық театрының әртісі Медетов Мият Оразбекұлына «Қазақ мәдениетінің қайраткері» деген медаль берді. Мәдениет – ұлттың мәйегі. Сондықтан аудандық атқарушы билік өкілдері бұл салаға дұрыс көзқарас танытқаны жөн. Басқаны қайдам, өз басым Эльмира Асылбекова мен Мият Медетовтың бұл марапаттарын еңбектің бағаланғаны деп түйдім.
Эльмира Жақсыбайқызының есім-сойын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 32 жыл. Осы жылдар аралығында көптеген марапаттар иеленді ол. Аудан, облыс әкімдерінің Құрмет грамоталарын да алды. 2015 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіңде бақ сынады Байрамуковтар отбасы. Бұл конкурстан Эльмира Жақсыбайқызының жанұясына алғыс хат берілді. Елімізде ұлтаралық татулықты насихаттау мақсатында өткізілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Традиции моей семьи» атты облыстық фестивалінде жүлделі III орын иеленгені тағы бар. «Тәуелсіздікке – 25 жыл» медалімен марапатталған. Бұл жазылғаны. Жазылмай қалғаны қаншама?..
Енді Мият Оразбекұлы туралы бірер ауыз сөз. Мәкеңнің тәмамдаған мамандығы театр және кино актері. Яғни, ол – кәсіби актер. 18 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Мият Медетов алғашқы еңбек жолын Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында актер болып бастады. Ол театрда «Қыз-Жібек» спектаклінде Төлеген және сол сияқты өзге де спектакльдерде басты рөлдерді сомдаған. 2009-2015 жылдары Алматы қаласындағы Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театрында актер, содан соң директор болды. 2015 жылы елімізге белгілі «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрында қызмет етті. Сондай-ақ, «Мәдениет» телеарнасында жүргізілген «Сол жылдар» бағдарламасында режиссердің көмекшісі болды. Айтпақшы, Мият Медетов 2008 жылы Мысыр елінде өткен «Эксперименталды театр» фестиваліне қатысып, «ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры сыйлығының лауреаты» атанған. 2015 жылы ауданымызға мәдениет саласының өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген ниетпен Мәкең туған жерге оралды. Нақтысын айтқанда, Қайыңды ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болды. Өнімді еңбек жасады Қайыңдыда да. Біз талантты бағаламаймыз кейде. Қит етсе болды, артына шам алып түсеміз. «Батыраштар мен қотыраштар» қай заманда да болған. Бола да береді. Бірақ, түбінде әділдік жеңеді. Шын талант ешқашан қор болмайды. Өйткені, ол – Талант.Тәңірдің өзі оны жарылқайды.
Осындай баспалдақтан өткен Мәкеңді «мәдениет майталманы» деп қалай айта алмайсың. Ол талғамы биік өнерпаз. Кез кезген рөлге кәсіби көзқараспен қарайды. Қазіргі таңда Мият Медетов аудандық Басқар Битанов атындағы халық театрының әртісі болып еңбек етеді.
2016 жылдан бері аудандық Басқар Битанов атындағы халық театры 6 спектакль қойыпты. Кең масштабта ойлап қарайтын болсақ, жаман көрсеткіш емес. Айталық, облыста дәл осындай 16 театр ұжымы бар. Солардың арасынан біздің аудан жыл сайын жүлделі III орын немесе II орын алып жүр. Әйтеуір, үздік үштіктен төмен түспейді. Тілші түйіні: Біз аудандық Басқар Битанов атындағы халық театрының меңгерушісі Эльмира Асылбековамен де, театр әртісі Мият Медетовпен де пікірлестік. Жоспарлары айқын. «Балалар жылына» ертегі шығармаларының бірін сахналасақ деген ойлары да бар екен. «Жасыратыны жоқ, басшылық тараптан еркіндік берілген. Өз ойымызды еркін айта аламыз. Қолдау да бар. Алайда, біздегі «қызметтік штат» кейде ойлаған ісімізге кедергісін де келтіріп жатады. Театрда қызметкер саны көбейсе дейміз» дейді олар. Меніңше, реквизит жағына да көңіл аударған жөн секілді. Оған да қаражат бөліп, сахналық декорацияны жаңғыртқан абзал. Байқаймын, драмалық жанрда өздерін суда жүзген балықтай сезінеді театр әртістері. Кино түсіру жағында назарға алып, оған бір шағын да болса «Киностудия ашылса?..» деген ұсыныс айтар едік. Бұл театр әртістері үшін үлкен жетістік болар еді…

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: