Табанына қадалған тікенді өзінің маңдайына қадаған

530 Views

Ахмет Байтұрсынұлы – алғашқы қазақ әліппесінің авторы. Қазіргі балалардан «Ахмет Байтұрсынұлы кім?» деп сұрасаңыз осындай жауап аламыз. Бірақ, олар Ахау өмір сүрген кезеңде ана тілін жарыққа шығарудың қандай қиын болғанын білмейді. Ахмет атамыз 1913 жылдың өзінде «Қазақ жұртының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп жазғанына қарамастан, өмірге алғаш қазақ әліпбиін әкелді. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлы бұл қиын кезеңді қалай жеңіп шықты? Оның қазақ тарихындағы орны қандай? Саяси көзқарасы қандай болған? Бізді осы сауал мазалауы керек.

Ахмет Байтұрсынұлы – ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшіле­рі­нің бірі, ең алғашқы басылым – жалпыұлттық «Қазақ» газетінің бас редакторы, азаттық үшін күрескен «Алаш» партиясының мүшесі. Ахмет атамыз біз ойлағандай тек тіл білімі саласында ғана емес, саясатта да елеулі еңбек еткен және осы жолда елі үшін құрбан болған жан.
Ол саясатқа 33 жасынан бет бұра бастайды. Бұл кезде ол патша үкіметінің қазақтарды жаппай қанау, озбырлық, мүмкіндіктерін шектеу сынды мәселелерге қарсы шығу мақсатында жазылған «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі ретінде белгілі болды. Петицияға 14500 адам қол қойған болатын. Онда қазақтардың өзін-өзі басқаруы, сот, білім беру саласында қазақтардың мүддесін көздеу, бостандық, діни еркіндік, қазақ жеріне орыстардың көшіп келуін тоқтату, газеттер шығарудағы еркіндік, қазақ тіліндегі баспахана ашуға рұқсат беру талап етілген болатын. Бұл оқиғадан кейін патша үкіметі Ахмет Байтұрсынұлын үнемі жіті бақылауда ұстады. Сөйтіп, үш жылдан кейін Ахметтің саяси көзқарасынан сескеніп, «бүкіл қазақ халқын шулатуы мүмкін» деген үреймен Қарқаралы абақтысына қамайды. Ал екі жылдан кейін оны халықтан алыстату мақсатында Орынборға жер аударады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылға дейін баспа беттеріне отаршылдыққа қарсы бірнеше мақала жариялаған болатын. Сол үшін патша үкіметі оған бірнеше рет айыппұл салып, үш рет қамауға алған.
Айта кететін жайт, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте қазақ зиялылары екі түрлі көзқараспен екі топқа бөлінген болатын. Бірі – либерал-демократтар (патша үкіметінің айтқанын орындау арқылы халықты бейбіт жолмен аман алып қалу), екіншісі – революцияшыл-демократтар (бас көтеру арқылы патша үкіметінің саясатына қарсы шығу). Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы бастаған топтың құрамында болды. Оның қазақтардың қара жұмысқа алынуы туралы Жарлыққа байланысты: «Бірі барса, алынған жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екіншісі – бармай қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді» деген пікірі халық саулығын бірінші орынға қойғанын дәлелдейді.
Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы революцияшыл-демократтар тобының мүшесі Тұрар Рысқұловпен бірге сол кездегі Кеңес үкіметінің басшысы Владимир Ленинге қазақтардың өзін-өзі билеуге ұмтылысы жайлы ашық түрде сыни хат жолдайды. Тұрар Рысқұлов пен Ахмет Байтұрсынұлы екі бөлек топта болса да, көксеген мұраты бір – халық еркіндігі болғандықтан, қиын кезде жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде патша үкіметіне қарсы пікір білдіру, оған арнап тікелей сыни хат жазу өте қиын еді. Себебі, олар өздеріне қарсы шыққандардың көзін аяусыз жойып отырды.
1929 жылы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматы абақтысына қамауға алынады. Келесі жылы Кеңес үкіметінің жарлығымен ату жазасына кесіледі. Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгереді. Жыл сайын түрме ауыстырып, жер аударумен жүргенде 1934 жылы қатты ауруға шалдығып, түрмеге әйелі мен баласын алдыруға рұқсат алады. Осы жылы Ахмет таныстарының көмегімен отбасымен бірге мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бірақ, сонда да ол патша үкіметінің кесірінен тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Өмірі де ұзаққа созылмай, 1937 жылы 8 желтоқсанда қуғын – сүргіннің жаңа толқынына ілініп, ату жазасына кесіледі. Солай елі үшін отқа да, суға да түскен Ахмет Байтұрсынұлы мына өмірмен қош айтысады.
Ахмет Байтұрсынұлы қандай жолды ұстанса да, басты мақсаты қазаққа егемендік сыйлау болды. Осы жолда жаны таразыға түсіп тұрған сәттің өзінде де алғашқы әліппені келер ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Қара халықтың көзін ашу мақсатында баспа беттеріне мақала жазудан шаршамады. Қазіргі алаңсыз өмір – кешегі Ахмет Байтұрсынұлындай алып тұлғалардың еңбегінің жемісі. Қазақтың табанына қадалған тікенді өздерінің маңдайына қадаған зиялыларымыз бізге әрқашан қымбат. Ол кісілер туралы, олардың еңбектері туралы білмеу өзімізге сын. Сондықтан бұл тұрғыда барынша білімді болып, білгенімізді таратайық. Халық қазақ зиялыларының ерен еңбегін білуге тиіс.

Г.Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: