Ғарышта қалықтаған қырандар

589 Views

Кеңістік. Он сегіз мың ғалам. Қай жаратылысты алып қарасақ та, бәрі тылсым, бәрі құпия. Ал, енді он сегізінші планета жерді мекен қылған адамзат ақылын пайдаланып, сол сырды ашуға талпыныс жасап келеді. Осы тұрғыда ғарышты алып қарастырайық. Ғарышқа жол ашқан біздің Байқоңыр екені мәлім.Бұқаралық ақпарат құралдарынан жер мен ғарышты байланыстырып тұрған 28 айлақ бар екендігін оқыған едім. Соның ішінде ең ірісі Ақш-тағы – Канаверал, Қытайдағы – Цзюцюань, Қазақстандағы – Байқоңыр екен.

Ғаламның сыры беймәлім болғандықтан, ғарыш кемесінің әуелгі жолаушысы жануар болғандығын білеміз. Лайка бастап, Белка, Стрелка қоштап, иттер ақырында ғарышты бағындырды. Ойлап қарасақ, бір жағынан миға қонымсыз болып көрінгенімен, таңғажайып оқиға.
Сонымен қатар, құпиясы көп ғаламға адамзат осыдан 61 жыл бұрын, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде жол ашқандығы тарих беттерінен мәлім. Деректер бойынша, ғарышқа 545 адам ұшса, олардың қатарында ер­жүрек қазақ ұландары да болған. Ал, еліміз егемендік алғаннан кейін 1991 жылы 4 қазанда Тоқтар Әубәкіров ағамыз ғарышқа ұшты. Бұл күн қазақ жұртын келелі қуанышқа бөлеген күн еді. Ол дыбыстан да озған ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен атақты сынақшы ұшқыш. Сол Кеңес заманының өзінде әскери авиациядағы айрықша жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына кірген! Бүгінде ол кісі ел ағасына айналған қазақтың қайсар қыраны.
Тоқтар Әубәкіров ағамыздың ізін ала 1994 жылы Талғат Мұсабаев көк жүзіне көтерілді. Ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақстандық ғарышкер «Союз – ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлеміне сапар шекті. Ал, 2015 жылы 2 қыркүйек күні Тоқтар мен Талғат ағамыздың жолын Айдын Айымбетов жалғастырды.
Кейін әлеуметтік желіден Айдын Айымбетов жайлы видео материал қарадым. Онда Айдын Айымбетов ғарышта дайындаған «Жігіт» аталатын сорпасы, тіл үйіретін қазақы тәтті тағамдары, құрт пен ірімшік халықаралық экипаж мүшелеріне ерекше ұнағаны туралы айтқан. Тіпті, осы көрініс ақпараттық дүмпу туғызып, күллі әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайында жарыса жазған. Осылай қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов те ол салада өз қолтаңбасын қалдырды.
«Байқоңыр» айлағы, қазақ топырағы қаншама кеңестік және шетелдік ғарышкерлердің бағын ашты. Қазіргі таңда ғарыш саласы бойынша Қа­зақстан әлемдік деңгейде мәртебелі мемлекет саналады. Бұған адамзат баласының қазақ жерінен ұшқаны, «Байқоңыр» ғарыш айлағының халықаралық маңызды нысанға айналғаны айрықша айғақ.
Қорытындылай келе, қазақ же­рінен көкке көтерілген батыр­лар дүниежүзінің төрт бұры­шынан табылады. Демек, қазақ елі ғарыш тоғысында төрт­күл дүниені достық пен ынты­мақтастыққа бөлеген құтты мекенге айналып отыр.

Дариға Құрманалы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Журналистика және саясаттану» факультетінің ІІ курс студенті.

Поделиться ссылкой: