Билер кеңесінің мақсаты – елді бірлікке, ынтымаққа шақыру

723 Views

Бүгінгі таңда еліміз аса маңызды кезеңді бастан өткеріп жатыр. Жасыратыны жоқ, қазір бүкіл әлемде аласапыран заман болып тұрған кезде бәріміздің көп ойлайтынымыз да, уайымдайтынымыз да еліміздің тыныштығы, мемлекетіміздің Тәуелсіздігі, кең байтақ жеріміздің тұтастығы болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында «Ата-бабаларымыздан жеткен осы аманаттарды, қасиетті тіліміз бен халқымыздың бірлігі, басқа да толып жатқан рухани құндылықтарымызды, бай тарихымыз бен әдебиет, мәдениет пен өнерімізді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпақ, жастарымызға мирас етуіміз керек» деп халқымыз үшін жанын салып, аянбай жұмыстар атқарып жатқанын, көріп те, естіп те отырмыз. Сондықтан да біз, ел Президентінің Жолдауын қолдай отырып, әр ауылда береке-бірліктің дамуына өз үлесімізді қосып, түсіндіру, тәрбие жұмыстарына барынша атсалысқанымыз абзал, ардақты ағайын.

Қай заманда, қай елде болмасын, адамдар арасында әр түрлі мәселелер­ге байланысты дау-дамай туындап, түсініс­пеушіліктер болып тұратыны өздеріңізге адамзат тарихынан белгілі. Халқымыздың әдет-ғұрып заңдары сол кездің тыныс-тіршілігіне байланысты болғаны да баршамызға анық ақиқат. Қазақ мемлекеттігі өз тарихында талай рет өрледі, талай рет құлдырады. Ерте дәуір сақ-ғұн кезіндегі тарихи оқиғалармен, орта ғасырлар Жошы хан, Әз- Жәнібек, Асан қайғы, Едіге би есімдерімен байланысты болды. Басқа елдерді айтпағанда, ерте заманның өзінде біздің қазақ халқында түрлі шиеленістер мен дау-дамайлардың кез келген түрлерін шешуде билер­­­дің ықпалы өте зор бол­ғаны бәрімізге мәлім. XV ға­сырдың ортасында, яғни 1456 жылы қазақ елі Алаш туы­ның астында Қазақ хандығын құрып, жеке дербес ел болды. 1511-1523 жылдары Жәнібек ханның баласы Қасым хан болған кезеңде Қазақ хандығы нығайды. Осы тұста қоғамдағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатында хан Қасым алғашқы қазақтың заңы «Қасқа жолды» жариялады. Ол тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. Ондағы Ережелер:
1. Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс);
2. Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б);
3. Әскери заң (тұлпар ат, ердің құны, қосын құру, аламан міндеті, қара қазан т.б.);
4. Елшілік заңы (шешенді, әдептілік, халықара­лық қатынастардағы сыпайылық, сөйлеу мәнері);
5.Жұртшылық заңы (шүлен тарату, ас-той, мерекелер мен жиын­дардағы ережелер, асар, жылу) сынды бөлімдерден тұрды.
Осылайша Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтіретін алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді. 1598-1628 жылдары Тәуекел ханның інісі «Еңсегей бойлы ер Есім» деп халқымыз ардақтаған Есім хан болды. Есім ханның «Ескі жолы» көп өзгеріске ұшырамаған Қасым ханның заңдарын іс жүзінде қолданды. Есім ханның «Ескі жолы»:
1. Жерге қатысты заңдарды;
2. Малға бай­ланыс­­ты ере­желерді;
3. Мүліктік қатынастарды;
4. Қылмыстық іс туралы (кісі өлтіру, ұрлық, қасақана жарақат салу);
5. Әйелдердің қоғамдағы жағдайы туралы;
6. Әскери міндеттілік туралы;
7. Дәстүрлі шаралар мен кедейлерге көмектесу туралы мәселелерді қамтыды.
1680-1715 жылдары қазақтың дархан даласында Әз-Тәуке хан өз билігін жүргізді. Тәуке ханның дәуіріне, саясатына сай енгізілген «Жеті жарғы» заңы жеті бөлімнен құралды:
1. Жер дауы заңы;
2. Отбасы-неке заңы;
3. Әскери заң;
4. Сот заңы;
5. Қылмыстық істер заңы;
6. Құн заңы;
7. Жесір дауы заңы;
«Жеті жарғының» біздің заманымызға жеткен заңдары осындай. Қазақ қоғамында түрме болмаған. Өмірде орын алған дау-дамай, талас-тартыстың барлығы да осы дала заңының аясында данышпандардың шешімдерімен реттеліп отырған. Қазіргі соттың қызметін атқарған би-шешендеріміз турасын ай­тып, туғанына жақпаса да, әділдіктің ақ жолынан аттамаған. Олай болса, ғасырлар бойы халқы­мыздың санасына сің­ген бітім­герлік әдісі бізге де жат емес.
Иә, сонымен заман өзгер­генімен ел іші бүгінгі күні де дау-дамайдан арыла алмай келеді. Ауыл арасындағы, отбасындағы ұсақ-түйек жанжал үшін сотқа жүгіну мысалдары да азаятын түрі жоқ. Осындай әрекеттердің салдарынан соттардың қарайтын істері көбейе түсуде. Елімізде осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2011 жылдан бастап «Медиация туралы» заң күшіне енді. Бұл заңның негізгі мақсаты – жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды медиациның қолданылуы арқылы шешу. Осы сәттен бастап ел аумағында заманауи «билер сотының» жұмысы заң жүзінде жолға қойылды. Дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуде елге сөзі өтімді, екі жаққа да бітімші бола ала­тын, көпшілікке сыйлы ардагерлер мен ақсақалдардан билер сайлау қажет болды. Нәтижесінде республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен Жоғарғы Сот өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Орталық кеңес «Дәнекер» пилот­тық жобасын жасап, Ере­жесін бекіт­ті. «Дәнекер» жобасының мақ­саты – «Медиация заңын» бас­шылық­қа алып, дау-жанжалдарды шешуде қазақ билерінің тәжірибесіне сүйеніп, елді бірлікке, ынтымақ­қа шақыру. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміздің озық үлгілерін еліміздің болашағы жастарымызға мирас етіп жеткізу.
Бүгінгі күні облысымызда, аудандарда және ауылдарда билер кеңесі құрылды. Біздер басқарып отырған билер кеңесінің басты мақсаты – қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті насихаттау, дау-жанжал деңгейін төмендету, құқық бұзушылыққа жол бермеу, ұлт­тық құндылықтарымызды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды сақтау, медиация институтын дамыту, билер сотын жаңғырту, жас­тарға, тұр­ғын­дар­ға құқықтық және адам­гер­шілік тәрбие беру. Сондай-ақ, аса ауыр емес қылмыстарды, от­басылық-тұрмыс­­тық және еңбек дауларын сотқа жеткіз­бей медиация тәртібімен тараптарды татуластыру.
Жалпы облысымызда 600-ге жуық билер дау-дамай­ларды сот­қа жеткізбей шешіп, тұрғындардың сеніміне ие болды. Әсіресе, облысымыздағы Талас аудандық би­лер кеңе­сінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлының жергілікті жерлерде билер жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесі, ізденісі, облысқа үлгі болып отыр. Біздің ауданымызда да, аудандық, ауылдық билер кеңестері құрылып, біраз тәжірибе жинақталды. Әр ауылда билерді іріктеуде бұрынғы жоғары лауазымды қызметтеріне қарап емес, ел арасындағы беделін, құрметін, биге тән шешендік қасиеттерін бірінші орынға қойған дұрыс болар еді деп ойлаймын. Ауданымызда 50-ден астам билеріміз ел сенімін абыроймен атқаруда. Аудандық билер кеңесінің мүшелері Бекебаев Ілес ағамыз, ауданның бас имамы Жадыраев Сұлтаншәріп, ардагер-дәрігер Ықыласова Гаухар Аннасқызы, еңбек ардагерлері Тойғанбеков Үтділда, Бектембаев Асқар, Сәлімбаев Серік сынды замандастарымыздың барлығы да аудан тұрғындарына сыйлы, танымал азаматтар. Сондай-ақ, дәл осындай құрметке барлық ауылдық округтердегі билер кеңестерінің төрағалары мен мүшелері де ие. Олардың барлығы да ел сыйлайтын қадірлі, беделді азаматтар. Мен ол кісілердің жылдар бойы жинаған өмірлік тәжірибелері, адамгершілік абыройлары әр ауылда орын алған даулы, түйткілді мәселелерді шешуге толық жететініне кәміл сенемін.
Ауыл билері мен ардагерлер көршілер арасындағы дау-дамай, бұзақылық, ұрлық, жала жабу сияқты дауларды бітімгершілікпен шешіп, татуластыруға болатынын күнделікті өмірде көріп отырмыз. Кішігірім дау-жанжалдарды тоқтатып, екі тарапты келістіріп, жаза басып жаңылғандарды темір торға тоғытпай-ақ, екі тарапты келістіру – ауылдық билер кеңестерінің басты міндеттері деп білемін.
Сонымен қатар, елімізде жас отау құрғандар арасында ажырасу күрделі мәселе болып тұр. Иә, үй іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыстар да дұрыс жолға қойылмай келеді. Меніңше, бұл олқылықтың орнын толтыруға аудандық билер кеңесінің мүшелері өзіндік үлес қосқаны жөн. Сондай-ақ, бұл бастамаға ардагерлер, аналар, және әкелерден құралған кеңестер де үлес қосқаны абзал.

Серік ӨТЕГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: