Талайдың талантын танытқан Толқын

522 Views

Ұстаздық – ұлылықтың айнасы. Бұдан мың жыл бұрын да, бұдан мың жыл кейін де, ол өзінің мән-маңызын жоғалтпайды. Ақиқаты сол.Ұстаздықтың мән-маңызын ешбір қоғамдық тәртіп, ешбір оқыту технологиясы, ешбір электрондық оқу құралдары алмастырмақ емес. Ұстаздың күнделікті елеусіз еңбегі ертеңгі елді, келешек еңбек адамын қалыптастырады. Адамның жаны Алладан болса, болмысы – отбасынан, рухы – ұстаздан. Ана құрсағынан ұлылыққа дейінгінің бәрі де мұғалім алдынан өтеді, барлық тағдырдың іргетасы мұғалім қолымен қаланады, жүрек жылуынан өнеді.
Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасында «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деген болатын. Біздің қазіргі қоғамымызда осы сөзге лайықты келетін жандар өте көп. Солардың қатарына талай жылдар бойы білім саласында еңбек еткен, шәкірттерінің алғысына бөленген №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдикеримова Толқын Жорабекқызын жатқызуға болады.
Елдің келешегі, жұрттың болашағы саналатын ұрпаққа білім үйретіп жүрген ұстаздардың бірі әрі бірегейі Толқын Жорабекқызы үстем күштің үскірігі жанын қанша жерден қарыса да, «ұлт баласын оқытып, өзгелердің қатарынан қалдырмасам» екен деген ниетпен 28 жылдан бері кейінгі ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді. Оқушыларды жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты, өрісі кең азамат етіп тәрбиелеу – Толқын апайдың басты ұстанымы. Мектеп тірегіне айналған ұстаздың шәкірттері қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Соның дәлелі ретінде былтырғы мектеп бітіруші түлектердің жеткен жетістігін айтсақ та жеткілікті. Былтырғы оқу жылында өзі жетекшілік еткен оқушылары, атап айтсақ, Әдемі Алылла, Дана Расылханова, Бақдәулет Узбеков, Даниал Жигули, Серік Әлімбай, Айдана Оспан, Аружан Тұрғын, Әсет Жолшыбек, Назгүл Қасымова білім грантын жеңіп алып, білімгер атанды. Бұл көрсеткіш тікелей білімді ұстаздың жемісі. Мен де ұстаздың тәлімін алған шәкірттерінің бірімін. Менің журналистикаға түсуіме бірден-бір себепкер болған да Толқын апай.
Толқын Жорабекқызы өзінің көп ізденуінің, талап қоя білуінің, мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында көптеген жетістіктерге де жетіп үлгерген. Айталық, республикалық ұстаздар арасында өткен «Абай әлемі және рухани мұрасы» атты эссе байқауының I орын, Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған «Жамбыл Жабаев: Ұлы сарынның сарқыты» атты республикалық ғылыми-конференцияның алғыс хат иегері. Тізе берсек, көп-ақ…
«Ұстазға ауадай қажет үш қасиет: ғылымды, педагогикалық шеберлікті, ұйымдастырушылық қабілетті ұштастыра білуі керек» деп В.Сухомлинский айтқан үш қасиет те Толқын апайдың бойынан табылады. Ол тек қана шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өзі секілді ұстаздық мамандықты таңдаған жас мамандарға да қол ұшын созып, әрдайым көмектесіп отырады. Оларға жетекшілік жасап, өзінің жылдар бойы жинаған іс-тәжірибесімен бөлісуді әдетке айналдырған. Бұған мектепте оқып жүргенімде талай көз жеткізгенмін.
Өз мамандығын сүйіп, бар білімін жас ұрпаққа үйретіп, қоршаған ортасына жайдарлы жүзімен шуағын шашып жүрген ұстаздың өмірі көпке үлгі болары сөзсіз. Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханұлының «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген өнегелі сөзі бар. Осы сөзді өмірлік ұстанымына балайтын Толқын апай «Адам ең алдымен ұлт жанашыры болуы керек» деп есептейді.

Дариға Құрманалы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
“Журналистика және саясаттану” факультетінің
II курс студенті.

Поделиться ссылкой: