Кітап – ғылымның алтын діңгегі

552 Views

Кітап – бар ғылымның атасы. Адам тек кітап арқылы білім-ғылымды ұғынып, тәжірибе арқылы үйренеді. Теориялық білім тікелей кітапқа негізделеді. Әрбір кітаптың өз оқырманы бар. Бір кітаптың өзі мыңдаған адамның санасын оятып, білім нәрін құяды. Ендеше, кітап – киелі дүние.
Кітаптың түрі көп. Ғылыми, рухани-танымдық, көркем әдебиет т.б. Ал сол кітаптардың, қала берді әртүрлі газет-жур­налдардың жылдар бойы сақ­талып, оқырмандарына қызмет ететін орны – кітапхана. Мен өз кітапханамды құтты орынға балаймын. Мен үшін кітап­хананың киесі бар. Себебі, мұнда адамдар білім-ғылым іздеп, өмірден өз орнын табу үшін рухани азық болар дүниені табу мақсатында келеді. Егер ол киелі болмаса, адамзат кітапхананың қадір-қасиетін ұғынбайды десек, ежелгі Отырар кітапханасын жау неге өртеді? Олардың кітапханада не өші бар дерсіз. Себебі, ол кітапхана – сол дәуірдегі елдің ең құнды байлығы саналатын. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі сол кітапханадан мол білім алғандығы мәлім. Ежелгі Фараб қаласындағы ең ірі бұл кітапхана ауқымы жағынан Александриядан кейінгі орында. Моңғол шапқыншылығынан соң жер бетінен мүлде жойылып кеткен кітапхана туралы әлі күнге тарих беттерінде мол деректер кездеседі. Тіпті, мұндай құнды жәдігердің қайталанбайтындығы да өкінішті. Онда қанша тарих, қанша ілімнің жойылғанын ойласаңыз, өкініш өрті кеу­деңізді кернейді. Елімізде қаншама кітапханалар жұмыс жасауда. Әрине, ежелгі Отырар кітапханасындай болмағанымен, олардың да өз құндылығы, өз оқырмандары баршылық. Кітап­­ханаға оқырманның жиі келуіне бір себеп – он­дағы кітапханашылардың оқырмандарға деген қарым-қатынасы. Кітап мазмұнын білетін кітапханашы оқыр­мандарға керекті мәлі­меттер мен кітаптарды оңай әрі жылдам тауып бере алады. Сонымен қатар, қызықты кітаптар жайлы, жаңа қосылған басылымдар туралы келген оқырманға қы­зықты мәліметтер айтып, өз оқырмандарын кітапханаға ша­қыра білуі тиіс. Сонымен қатар, жоспарға сай әртүрлі іс-шаралардың жиі өтуі де оқырман санының көбеюіне септігін тигізетіні жасырын емес.
Кітап – сонымен бірге асыл қазына. Оның ішінде адам­зат тарихының қалай қалып­тасқанынан бастап күні бүгінге дейінгі дамыған ғасыр бейнесі суреттеледі, тарихқа еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолы, әртүрлі ғылыми еңбектер, зерт­теулер, небір тағдырлардың бастан кешкендері айтылады. Сондай-ақ, кітап – айнымас дос, сырлас. Көркем әдеби кітаптарды оқып отырғанда, сол кейіпкерлермен бірге жылап, бірге күлетін де сәттер болады. Әсіресе, өмірден алынған шындық оқиғалар суреттелген «Абай жолы», «Қызыл Жебе» сияқты тарихи кітаптарды тіптен, ерекше құрметтеймін. Шет елдік жазушылардың еңбектері де оқырмандардың жиі сұранысына ие. Балалар әдебиетінде де қызықты ертегілер мен қысқа әңгімелер жинақтары сақтаулы. Сол әдебиеттер арқылы жасөс­пірімдер арасында сах­налық қойылымдар қойылып, кішігірім байқаулар ұйымдастыруға ыңғайлы. Фило­со­фиялық бағыт­тағы кітаптарды оқысаңыз, өмірлік азық болар­лық құнды дүниелерді көресіз. Осыған қарап, кітап – айнымас ақылшы деуге де болады. Сондықтан да, білім іздеген білімпаз жан­дардың жиі келетін орны – кітапхана. Сол себепті де, ол – киелі, құдіретті, қастерлі орын. Кітапханаға тек білім мен өнер іздеген, өзіне қажетті деректерді, құнды жәдігерлерді жағалаған мәдениетті адамдар ғана аяқ басады. Ендеше, осындай орынды қалай ғана «киелі» демессіз! Аумағы үлкен демесек те, өзіне лайық орны бар, қажетті кітаптармен қамтамасыз етіл­ген өз кітапханам – мен үшін құтты орын. Тыныштық орнаған бұл орынның мен үшін қадір-қасиеті де жоғары. Мұндағы әрбір кітапты көзімнің қара­шы­ғындай сақтауға тыры­самын. Себебі, кітап – барлық ғылым атаулысының алтын дің­гегі, ал кітапхана – сол қазынаны сақтайтын орын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында “Оқуға құштар мектеп” жобасы қолға алынып, 2020 жылдың 30 қазанында бастау алған еді. Оқу мәртебесін, оқу белсенділігі және оқу сапасын арттыру, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзіреттілігін дамыту, сондай-ақ, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында жасалған жоба аясында кітапханамыз көркем әдебиеттермен толықтырылып, оқырман саны күн санап артуда.

Жамила Жұмантаева,
Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: