Аты аңызға айналған адам

689 Views

Биыл қазақтың батыр әрі бұлбұл қызы Роза Бағланованың туғанына – 100 жыл. Бұл айтулы дата ЮНЕСКО көлемінде аталып өтпек. Әншінің шығармашылығын халық арасында кең көлемде насихаттау мақсатында біз де бүгін қолымызға қалам алып отырмыз. Ендеше, ән әлемінің саңлағына айналған аңыз адам жайында жазылған жазбамызға мұқият зер салып көріңіз.

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы. Бала Розаның кіндігі кесілген, балалық шағы өткен киелі мекен – осы. Әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған деседі. Роза –Тәжібайдың екінші әйелі Ақкүріштен туған қыз. Бала кезден өнермен әуестенген қыз бойжеткенде де осы жолды таңдайды. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне де қатысады.
1947 – 1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949 – 1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, ол ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына өзіндік ықпал жасады. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындады. Қай елге барса, міндетті түрде сол елдің әнін орындап, жергілікті халықтың ықыласына бөленетін. 1946 жылы Мәскеуде өткен  бүкілодақтық эстрада әншілері ІІ конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен Бүкілдүниежүзілік Жастар мен студенттердің ІІ фестивалінің лауреаты атанған. Өз еңбек жолында «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.
Ойы орамды оқырман! Сіз Роза Бағланованың «Халық қаһарманы» атағына ие болған қазақтың жалғыз әншісі екенін білесіз бе? Бұл еліміздегі ең жоғары дәрежелі марапат болып саналады. Бұл атақ әншінің қаһармандығына, соғыс жылдарында ерекше көзге түскеніне, әлемді аралап жүріп, мың түспен әрленген декаративті сахнада ғана емес, ашық майдан алаңында да қайсарлықпен ән салғаны үшін берілген. Бұл туралы әншінің өзі былай деп естелік жазған: «1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен». Роза Тәжібайқызы осы жарақатқа байланысты көзіне бірнеше мәрте ота жасатты. Кейде мүлде көрмей қалатын кездері де болған.
Аты аңызға айналған әйгілі әнші тек мәдениет саласында ғана емес, өзге де саланың өткір мәселесін қозғап, ел есінде қалды. Солардың бірі – «Арал» теңізінің қасіреті. Әлдебір жиынның биік мінберінде тұрып, Арал туралы өр рухпен айтқан өткір сөзі әлі де ел есінде. «Мен соғысты көрдім. Алайда Аралда болып жатқан жағдайды бір ауыз сөзбен тоқтату мүмкін емес. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ мұны тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Ұлтты өлтіріп жатқан ғалымдар туралы не айтуға болады? Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді» деген жанайқайын еш бүкпесіз айтқан болатын.

Әншіге арналған монета жарыққа шығады

Жыл басында Қазақстан Ұлттық Банкі «ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL» атты коллекциялық монеталарын айналымға шығатынын мәлімдеген болатын. Номиналы 100 теңгелік мельхиордан соғылған монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастыру мақсатында айналымға енбек.
Монета бетінің орталық бөлігінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. Монетаны айналдыра QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуын көруге болады.
Монетаның екінші бетінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін  100 JYL деген жазу бар. Монетаны айналдыра «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, ROZA BAǴLANOVA, монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазулар бар.

АЛМАТЫДА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Жуырда Алматыда опера және эстрада әншісі, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды.
Ескерткіш көрнекті опера және эстрада әншісінің 100 жылдығын мерекелеу аясында Төле би көшесі мен Қалдаяқов көшесінің қиылысында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдында орнатылды.
Оның биіктігі – 4,8 метр. Мүсін қола және граниттен жасалған. Авторлары – Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл.
Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтар болсақ, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, филолог әрі ақын Аққұштап Бақтыгереева, әншінің туғандары мен жақындары, келіні Марал мен ұлы Тәжен Бағланов бар.

Роза Тәжібайқызы әнді микрофонсыз айтатын. Бұған да жүрек керек, шынайы дауыс керек. Қазіргі әншілер микрофоннан бір елі айрылмайды ғой. Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтерді, жан-жүрегін жадыратты, елге қуаныш сыйлады.

Бибігүл Төлегенова.

1980 жылы Роза апайымыз Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт бермек болды. Осы концертке дайындық кезінде ол кісінің көзі дұрыс көрмей қалды. Мен бұл кешті болмайдыға жорыдым. Бірақ, ол кісі «Халық күтіп жүр, мен бәрібір де сахнаға шығуым керек» деп, ақыры концертті өткізетін болды. Сахнаға шығардың алдында қарама-қарсы бетке үлкен прожектор орнаттық. Ол кісі сол жарыққа қарап ара-қашықтықты реттеп, бақылай алды. Сонымен қоса, сахнадан шыққаннан әр қадамын санап, өлшеп қойдық. Роза апамыз сол белгіленген, өлшенген аумақта ғана жүрді.

Кеңес Дүйсекеев.

Әпкеміз сахнаға шығуға 5 сағат қалғанда ас ішпейтін. Аздап шайдан ғана ұрттайды. «Апа, неге ішпейсіз?» – деп сұрасақ, «Тамақ ішкеннен кейін алқынып қаласың, тойып тұрғаннан кейін әнді еркін шырқай алмайсың», – дейтін. Халықтың алдына шығардағы жауапкершілік, өзінің кәсібіне деген махаббаты осы емес пе?!

Алтынбек Қоразбаев.

Роза халықтың сүйікті әншісі еді. Оның өмірі халқымен бірге болды. Қашан да сөзін «халқым» деп бастайтын. Сол халқына еңбек те етті, сол халқының алдында еркелеп өмір де сүрді. Оның даңқы әлемді шарлады. Талай елдерде болып, әнімен жұртты тамсандырды. Қазақ дейтін халық барлығын әлемге жайды. Соны бәріміз мақтаныш еттік. Әнші ретінде оның ерекшелігін жұрттың бәрі біледі. Оның ғажап дауысын басқалармен шатастыру мүмкін емес. Ең бастысы – халықтың шынайы құрметіне бөленді.

Ермек СЕРКЕБАЕВ.

Жалпы, Роза Бағланова талай қазақ композиторларының бағын ашқан әнші. Ол кісіге талайымыз қарыздармыз. Роза Бағланованың әншілік шеберлігі туралы ұзақ айтуға болады. Ол кісідей әннің мазмұнын терең ашып айтатын әнші сирек. Сөзді қандай таза айтатын! Әншілігі өз алдына, азаматтық келбеті қандай еді. Басқаларға қамқор болып жүретін.

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Иә, Роза Тәжібайқызы өзінің артынан ерген іні-сіңілілеріне бағдаршам іспеттес жол көрсетті. «Өнер» деген өлкеге өзіндік жол салды. Соның арқасында ел есінде қалды. Өзінің еңбексүйгіштігімен, қарапайымдылығымен ерекшеленді. Біз талайды талантымен тамсандырған «Дала қызғалдағы» жайында әлі де жазатын боламыз. Міндетті түрде күтіңіз.

Бетті дайындаған Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: