Бір кем дүние

474 Views

Жүзді азырқанған жазушы

Ертеректе, Жазушылар Одағының үйінде бір жазушының мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:
– Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! – деп айқайлады.
Той иесі қаһарланып:
– Ей, найсап! Жүзден артық сан білмейсің бе?! – деп ренжіді.
Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүргенде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.
Бұл да бір кем дүние.

Әттең, қанаттың келтесі-ай!

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.
Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде тары піскенде, бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.
Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақайларын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі-ай…
Бір кем дүние.
Мұндайда:
– Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер,
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер, –
деген мұңды өлең еске түседі.
Бұл да бір кем дүние.

Шыңғыс ханның моласы қайда?

Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.
Ең жақын адамдары Шыңғыс ханның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жылқы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған.
Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.
Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына бұрып жіберген.
Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.
Таяуда бір «көріпкел» қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.
Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.
Жаңа техникамен қаруланған жапондар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.
Бір кем дүние деген осы.

Кенесарының басы қайда?

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы — Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзенінің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.
Скульптура авторы – Нұрлан Далбай деген азамат.
Тұғыр салғыш – кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.
Кенесары ханның басында айырқалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.
Ал шын өмірде Кенесары өз жасақтарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни, оңтүстік-батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.
Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.
Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патшаның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы еді. Бірақ патша губернаторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манаптарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.
Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.
Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл тас бейне.
Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.
Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.
Бұл да бір кем дүние.
Өкінішті дүние.

Соғыс жетімі

1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды.
Әсіресе жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:
– Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.
Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.
Соғыстан қалған жетім.
Бұл да бір кем дүние…

Поделиться ссылкой: