Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

781 Views

Бізден үлкен ағаларымыз болсын, бізбен қатарлас заман­дастарымыз болсын, әкенің қа­ба­ғына қарап өсті. Яғни, «патша – патша болсын, құл – құл болсын» дегендей, ілгеріректе отбасындағы әкенің рөлі зор еді. Қазіргі әкелер сондай беделден айырылып қалған секілді. Оның басты себебі – ажырасу. Қазір Қазақстанда толық емес отбасылардың саны жыл өткен сайын артып барады. Бұл бәлкім, жоқшылықтың емес, тоқшылықтың салдары шығар. Кім білсін?! Мына әлеуметтік желі де баланың санасына кері әсерін тигізбей жатыр деп кім айта алады? Әлемжелідегі «данышпан психологтардың» шат­пағын тыңдап өскен ба­лаға әкенің сөзі өте ме? Елі­мізде суицид неге көп? Осы сауал­дардың жай-жапсары жақында Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Отбасындағы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» деген тақырыпта өткен семинарда айтылды.Бұл семинарға ару қала Алматыдан Қазақстан Жур­налистер Одағы мен Жазу­шылар Одағының мүшесі, жазу­шы Ділдәр Мамырбаева, жазу­шының жұбайы, танымал жур­налист Қыдыралы Қойтай, республикалық «Ана тілі» га­зеті бас редакторының бірінші орын­басары Қарагөз Смәділ, «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Мөл­дір Райымбекова арнайы қонақ ретінде қатысты.
Семинардың өтуіне себепші болған, яғни бастаманы көтерген республикалық «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, білім саласында ұзақ жыл қызмет атқарған педагог Есенкүл Мұхтарова екен. Ал, сол бастаманы «біз өткізейік» деп жауапкершілікті өз мо­йын­­дарына алған Ахмет Бай­тұрсынов атындағы орта мек­тептің ұжымы. Семинардың шымылдығын республикалық «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Мақсат Сәрсембаев сөз сөйлеп ашып берді.
Алдымен жазушы Ділдәр Мамырбаеваның «Әке мен бала» атты әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым қойылды. Туындының сахналық көрінісін Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Тауасарова жасаған екен. Өте сәтті шықты. Бұл туындыдағы көркем жазудың әсері деп түйдім өз басым. Оқушылар жанып тұр ғой, тегі. Сахнада өздерін еркін ұстауы, актерлық шеберліктері барлығы керемет үйлесіп тұрды.
Семинар 3 сағатқа созылды, сенесіз бе? Әдетте, кейбір семи­нарлар 1 сағаттан асса болды, басың ауырып, дегбірің қашып кетеді ғой. Бұнда ондай ситуация мүлде болған жоқ. Бәлки, өңкей аузымен құс тістеген азаматтар мен азаматшалар сөз сөйлеген соң, сондай болған шығар.
Әсіресе, жазушы Ділдәр Мамыр­баева мен журналист Қыдыралы Қойтай ортаға шық­қан сәтте, халықтың ықыласы зор болды. Ділдәр Жанысбайқызы журналистикада өнімді еңбек ете жүріп, жазушылық шыңға жеткен бірегей талант иесі. Оның «Жатсырау», «Роботтар отбасы», «Қош бол, балалық», «Индиго» және тағысын тағы әңгімелері оқырманның жүрегінен орын алған туындылар. Жазушының әңгімелері орыс, ұйғыр, венгр тілдеріне аударылған. Әдеби ортада өзіндік беделге ие ерлі-за­йыпты шығармашылық ие­лері­мен өрбіген сұхбатты Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Теметаева жүргізді.
Жазушы Ділдәр Жаныс­байқызы «Әке мен бала» әңгімесінің қалай жазылғанын, әңгімедегі Айдар, Жандос секілді кейіпкерлер қоғамда бар екендігін тілге тиек етті. Және де жазушы көбіне-көп өз туындыларында кейіпкерлерін ауылдағы адамдардың өмірімен байланыстырып жазатындығын айтты.
Содан кейін, семинарға шақырылған қонақтар Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәрім Ағыбаев, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Айнұр Бай­мұратова, республикалық «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, зейнеткер Есенкүл Мұхтарова отбасындағы бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі тақырыбында сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
Семинар барысында көрер­мендермен кері байланыс жа­­са­лып, қатысушылардың көбісі семинардың жоғары дең­гейде өткендігін атап өтті. Се­минар соңында Ахмет Бай­тұрсынов атындағы орта мек­­тептің директоры Айгүл Қасе­налиева сөз сөйлеп, Діл­дәр Жанысбайқызының шы­ғармашылық әлеуетінің қуатты екенін айта келіп, суреткер жазушыға гүл шоқтарын табыс етті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: