Кітап – адамзаттың рухани азығы
Адам баласын тәрбиелейтін де, бұрыс емес, дұрыс жолға салатын да – кітап. Өкінішке орай, біз мұны терең түсінбей келеміз. Жуырда аудан орталығында өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, оның құндылығын арттыру мақсатында керемет кеш өтті. Оған кітап сүйер қауым, сала басшылары мен мамандары қатысты. Сондай-ақ, аталмыш жиынға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, құнды ақпаратқа толы мағлұматтарға қанық болды. Айта кетейік, шарапаты мол іс-шара 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне арналды.
Жалпы қоғамда кітап жайында кездесетін қызықты деректер өте көп. Мәселен, ғылымда кітап ұрлаушыларды «библиоклептоман» деп атайды екен. Сөзімізге сеніңіз… Қоғамда ондай адамдар да бар. Солардың ішіндегі ең атақты кітап ұрысы – Стивен Блумерг. Ол 270 кітапханадан 23 мыңға жуық таңдаулы шедевр кітаптарды ұрлаған. Оның кітапхана қорының құны 20 млн доллардан асып жығылады. Ал дүниедегі ең үлкен сөздік – «Неміс сөздігі». Мұны Якоб ва Вильгельм Гримм 1854 жылдан бастап құрастыра бастаған. Бұл іске, кейіннен, көптеген ғалымдар үлес қосып, 1971 жылы сөздік жазылып бітеді. 33 томдық бұл сөздік – 34519 беттен тұрады.
Әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі һәм бірегейі – Агата Кристи болса, дүниедегі ең мәшһүр кітап кейіпкері – Наполеон. Ол жайында 100 мыңнан астам әртүрлі жанрдағы кітаптар жазылған. Тағы да қызықты фактімен бөлісе кетейік, ғалымдар баланы кітап оқуға 4-6 жаста баулыған дұрыс деп есептейді. Себебі, баланы 7 жасынан бастап оқуға баулу көп қиындықтарды тудырады екен. Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев та дәл осындай ойды ұстанатынын жеткізді. «Баланы жастайынан кітапқа баулыған дұрыс. Өкінішке орай, дәл қазір мектеп қабырғасындағы оқушылардың басым бөлігі кітап оқудан қашқақтайды. Шынын айту керек, соның кесірі қазіргі қоғамның дамуына кері әсерін тигізуде. Сенесіздер ме?! Бүгінде ұлт зиялыларын білмейтін, олардың еліміз үшін жасаған ерліктерінен бейхабар оқушылар бар. Бұл – рухани құлдырау. Біз бірлесіп осы олқылықты ретке келтіруіміз қажет» — деп ортақ істі қолға алуға шақырды. Аудан әкімінің орынбасарынан кейін сөз сөйлеген ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та Әлібек Мамытжанұлының ойымен келісетінін жеткізді.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне арналған іс-шара кітапханашылар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Жиынға қатысушылар әсем ән тыңдап, кітапхана қорына жаңадан келіп түскен рухани қазыналармен танысты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар биыл мерейтойы тойланғалы отырған Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мұсірепов, Дінмұхамед Қонаев сынды ұлылардың еңбектерін келушілерге таныстырды.
Жиын соңында жыл бойы белсене жұмыс атқарып келе жатқан кітапхана қызметкерлері марапатталды.
Жәнібек Базылбек.