Мәдениет пен өнер – ұлт діңгегі

1 066 Views

Сөзбасы: «Өнер, әдебиет, рухани дүние тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі». Қайран, Шераға! Мына сөзіңізді қалай ғана ұмытайық. Шын таланттылар ғана осылай дей алса керек. Осы сөзді Шерағаңның қай жылы айтқаны не болмаса қай жылы жазғанын мен білмеймін. Бірақ бір нәрсені анық білемін. Бұл осы күнге дейін құнын жоймаған сөз. Тағы да сол, біздің елдегі кейбір ел басқарып отырған шенділердің кө­кейінде «әуелі экономика, сосын өнер, әдебиет, жалпы рухани дүние» деген қатып қалған көзқарас бар. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әуелі мәдениетке көңіл бөлгеніміз жөн. Өйткені, мәдениет – ұлттың діңгегі. Сондықтан осы мәселеге ден қойғанымыз дұрыс. Сосын: «Өнерпаз толыққанды шығармашылықпен айналысу қажет. Әкімқаралардың әулетінде болған той-томалақта, не болмаса белгілі бір кәсіптік нысанның ашылу салтанатында ән салмау ке­рек». Ол енді тап-таза өнерге деген құрметтің жоқтығы. Ал егер өнерге деген көзқарасты осындай өлшеммен бағамдай берсек, Шерағаң айтқан сөздің айдай келмесіне кім кепіл?!
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қырықбаев Рүстем Қуанышбекұлы білікті де білімді азамат қой, шіркін. Басшы деген осындай болса?.. Газетке материал дайындайтынымды айтып барғанымда, ол іркілген жоқ. Барлығын жатқа айтып тұр. Жұмыс істейтін адам әрқашан өз ісін білетіні анық. Сондықтан Рүстем Қуанышбекұлының пікіріне құлақ түрелік алдымен.
– Аудан халқының мәдени, рухани талап-тілегін қанағаттандыру жо­лында мәдени-көпшілік жұмыстарын ұйымдастыру бағытында Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі, «Сұлутөр» кинотеатры, 7 ауылдық мәдениет үйі мен 13 ауылдық клуб тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді. Ауданда халықтық атағы бар 5 ұжым бар. Өзіңіз білетіндей, олар: Басқар Битанов атындағы халықтық театр, «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі, «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблі, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблі және «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі.
Ал мәдениет үйлерінің құрылысы жайында сөз қозғайтын болсақ, аудандағы халық саны 1000-нан жоғары Жаңатұрмыс, Көгершін ауылдарына 90 орындық клуб салу 2021 жылы жоспарланып, қаражат бөлінген. (Жаңтұрмыс ауылы 127,2 млн теңге, Көгершін ауылы 126,2 млн теңге). Алайда, Қаржы министрлігі тарапынан қаражатты қысқартуға байланысты жұмыстар тоқтады. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін облыстық құрылыс басқармасына қайта бюджеттік өтінім берілді.
2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мэлс Өзбеков атын­­дағы аудандық мәдениет үйіне (62 млн 495 мың теңге), «Сұлутөр» кино­театрына (58 млн 387 мың теңге), Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйіне (72 млн 165 мың тенге) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасына енген Қызылшаруа, Ақыртөбе, Абай ауылдарына клуб ғимараттарын салу үшін жобалық сметалық құжаттары жасалынды. Ақыртөбе, Абай ауыл­дарына 2023 жылға, Қызылшаруа және Өрнек ауылдарына 2024 жылға клуб ғимараттарын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2021 жылы 5 ауылдық мәдениет үйлеріне (Қорағаты, Д.Қонаев, Луговой, Қайыңды, Қара­қат) жобалық сметалық құжаттар жаса­лынып, бүгінгі күнге 3 ауылдық мәде­ниет үйлеріне (Қорағаты, Д.Қонаев, Луговой) мемлекеттік сараптамасы алынып, күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттік өтінім берілді.
Сондай-ақ, жапсарлас қазандықтары бар Луговой, Ақбұлақ, Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйлеріне газ жүйесімен жылытылатын модульдік қазандық сатып алуға облыстық энергетика бас­қар­масына бюджеттік өтінім берілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, газы бар ауылдарды газға қосу бойынша Қайыңды, Сөгеті, Тереңөзек, Қарақат, Жарлысу, Көкарық ауылдық клубтарына тұрмыстық пеш алуға аудандық бюджеттен 3 млн теңге бөлініп, 1 млн 673 мың теңгеге 6 пеш сатып алынды. Сонымен қатар, аталған ауылдардағы мәдениет ошақтарын газға қосуға 13 млн 223 мың теңге бөлініп, аталған ауылдар газға толығымен қосылды.
2021 жылы мәдениет саласы бойынша (мәдениет үйлері мен кітапханалар) 1513 мәдени-көпшілік іс-шара өткізілді. Оның ішінде 503-і онлайн іс-шара. «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына 30 іс-шара» жобасы аясында барлық ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда концерттік бағдарламалар мен кештер, «Сұлутөр» вокалды аспапты ансамблінің «Сағындырған әндер-ай» ретро концерті, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің концерті, Басқар Битанов атындағы халықтық театрының «Абылай хан» драмалық қойылымы, «Өмірім – өнеріммен өрнектелген» атты аудандағы өнер иелерімен кездесу, «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблінің концерті, мүсінші, қолөнер шебері Ғазиз Күмісбаевпен сұхбат, «Тәуелсіздік – тұғырым» атты мәдениет үйі көркемөнерпаздарының ауылдық елді мекендердегі жылжымалы концерттік бағдарламалары өтті.
Сонымен қатар, ауданның мәде­ниет саласының дамуына үлес қос­қан композитор, Қазақстан Респуб­ли­касының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің игері, Дүйсеналы Дыбысалыұлы Бықыбаевтың «Ән-ғұмыр» атты шығармашылық кеші өткізілді.
Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы ая­сында «Келші Құланға» атты облыстық ақындар айтысы, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» тақырыбында облыстық ақындар мүшәйрасы, «Туған жерім – дархан далам» атты Та­раз қаласындағы Тұрар Рысқұлов ауданының күні, Көкдөнен ауылынан шыққан өнер иелерінің «Көкдөнендік өнер саңлақтары» атты шығармашылық кеші, аудандық «Келші Құланға» әншілер байқауы да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. 2021 жылы материалдық техникалық базаны нығайту мақсатында ауылдық клубтарға 10 музыкалық дыбыс күшейткіш аппараты жиынтығымен, мәдениет үйінің көркемөнерпаздарына ән жа­зуға заман талабына сай студиялық жаб­дықтар, барлық ауылдық клубтарға 20 компьютер жиынтығымен сатып алынды, – деді Рүстем Қуанышбекұлы.
Міне, өз жұмысын білетін басшы осылай сөйлейді. Ешқашан қойылған сауалға іркілмейді. Өйткені, біледі. Білген соң, әркез жауап дайын

 Сахна сыртындағы Саңлақтар.

Нұрдос Базарқұлов басшылық ете­тін Мэлс Өзбеков атындағы аудан­дық мәдениет үйінің жұмысын өздеріңіз де білесіздер ғой. Нұрекеңді де іскер басшы ретінде білеміз. Ең бастысы, жұмыстың ретін біледі ол. Сол себепті де, мәдениет үйінде қандай іс-шара өтеді, барлық қыз­меткер сонда жүреді. Яғни, бірге атсалысады.Сол қызметкерлердің ішінде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі директорының орын­басары Жадыра Жұмағұлованы, әдіс­кер бөлімінің меңгерушісі Рая Ибра­шованы, әдіскер Жадыра Ақшалова­ны және суретші Нұрлан Жорабековтің есімдерін ерекше атап өтуіміз керек.
Неге ерекше атаймыз? Өйткені, қарбалас тіршілік осы әдіскерлік бөлімде. Мен білемін ғой мейлі. Ал, аудандық мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараны жұртшылық көреді, қошемет көрсетеді, рухани әсер алып қайтуы мүмкін, дегенмен, оған дейінгі жұмыстың қат-қабат екенін түсіне қоюы екіталай. Яғни, сахна сыртындағы бейнеті көп тір­лік­ті біле бермеуі мүмкін көпшілік жұрт. Сондықтан жазып отырмыз бұл үш азаматша мен бір азаматты.
Мәселен, бір іс-шара өтті делік. Оған алдымен сценарий жазылады. Оны кім жазады? Осы әдіскерлік бөлім әрине. Сахнадағы реквизиттер, лед-экранға қандай сурет немесе видео қойылуы керек, іс-шара өткен соң, әлеуметтік желіге жариялау тағысын тағы. Айта берсек, көп. Біз атаған, яғни Жадыра Жұмағұлова, Рая Ибрашова, Жадыра Ақшалова, Нұрлан Жорабеков осы тірліктердің барлығын жауап­кершілікпен орындап жүрген қызметкерлер.
Жадыра Жұмағұлованы газетке жұмысқа келгелі бері білемін десем болады. Былтыр Тереңөзек ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткен іс-шараға бірге барып, тамашалағанбыз. Жол-жөнекей сонда біраз мәдениет турасында сұхбат та құрдық. Сонда жолда келе жатып, «Іс-шарамыз қалай өтер екен?» деп әжептеуір уайымдады Жәкең. КАЗГУ-де дәріс алған жылдары ұстаздарымыз «Уайымдаған адамнан бірдеңе шығады» деуші еді. Осы сөздің тектен-тек айтылмағанына мен сол сәтте көз жеткіздім. Іс-шара керемет өтті. Тереңөзек ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кәміл Дабылбеков те жауапкершілікті түсінетін өнер иесі ғой. Есті әндер тыңдадық. Жәкеңнің де іштегі уайымы серпіліп, сол іс-шарадан марқайып қайтқан жайымыз бар.
Енді Рая Ибрашова туралы. Рая Молдабергенқызы да істі үндемей тындыратын қызметкер. Берілген тапсырманы тастай қып орындайды. Әйтеуір, мәдениет үйінің әдістемелік бөліміне кіре қалсаңыз, компьютерден көз алмай отыратын бір азаматша бар. Ол – дәл осы Рая Ибрашова. Бізде кейбір «кісілер» бар. Бір мәлімет сұрасаң, не басын алып қашады, не болмаса, «қазір» дейді де, сол бойы хабарсыз кетеді.
Ал, Раядан кез келген мәлімет сұрасаңыз, бес минуттан кейін электронды поштадан көріп үлгересіз. Айтқан уәдесін екі етпейді. Міне, жауапкершілік деген осындай болады.
Еңбекқор. Кішіпейілділік. Адалдық. Іскер. Осы 4 қасиетті әдіскер Жадыра Ақшалованың бойынан көресіз. Жәкең туралы да көп деталь жазуға болады. Алайда, біз оның адами портретін екі шумақ өлеңмен жеткізейік.
Сөйлеген сөзі оның мән-мағына,
Күлімдеп, нұр жүзімен жан-жағына.
Үлкендерді сыйлатын сол тағы да,
Ол әрине, Ақшалова Жадыра.
Ұлассын аппақ таңға дархан көңілің,
Асудан оңай ассын, Жәкем, көшің.
Жұртшылық Қуанышбектің бұл қызына,
Ақ көңіл әкесіне тартқан десін.
Біз бұл үш азаматшадан алдағы уақытта қандай іс-шаралар өтетінін сұрадық. Үшеуі де біліп отыр. Өйткені, тікелей жұмыстары. Алдағы уақытта Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына орай «Аңыз адам» жобасы аясында ғылыми-конференция өткізу жоспарда бар екен. Сондай-ақ, дәл осы жоба аясында Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына орай «Қазақ би өнерінің падишасы» атты концерт те өткізілетін болады. Жуырда ғана Халықаралық отбасы күніне орай Құлан ауылындағы балабақшалардың бүлдіршіндері арасында «Біз Тәуелсіз елдің бақытты балаларымыз» атты іс-шара ұйымдастырған да болатын. Осының бәрі қызу жұмыс. Сондықтан жазылуға тиіс бұндай еңбек. Міне, жазылды да.Мәселен, мен журналистпін. Дәл сол сияқты, Жорабеков Нұрлан Ақылбекұлының аудандық мәдениет үйіндегі қызметтік персонажы – суретші. Яғни, сонда өткен іс-шараны суретке, видеоға түсіреді ол. Және оны монтаждайды. Керек десеңіз, компьютермен дизайнын да жасайды. Білесіздер, монтаж деген оңай жұмыс емес. Оны жастар жағы 100 пайыз меңгерген болуы да мүмкін, бірақ, аға буын ұрпақ оның жайын түсіне де бермеуі мүмкін. «Не істейді сонда?» деген сұрақ та қоятыны анық. Сөй дейтін жандар болса, Нұрланның жұмысын көрсін. Көрген соң, «не істейді» деген сөзді айта алмайтынына бәс тігеміз.
Жұмыста «нағыз еңбеккерлер» және «жәй жүрген жұмыскерлер» бар. Нұрекең осының бірінші сатысына жатады. Себебі, ол – өз ісінің маманы.
Нұрекеңе риза болатыным да сол ғой, марапатқа қызықпайды. Үндемей көп іс жасайды. Өз жұмысын енді 100 пайыздан артық біледі ол. Оған ешкім де күмән келтірмейді ұжымда.
Бұдан бөлек, Нұрланның хоббиі бар. Ол – ән айту. Мен сұхбат алуға барғанда жанды дауыста «Құман алған» әнін айтып жатыр екен Нұрекең. Дауысы да келісті. «Бірақ менікі хобби» дейді ол. Көрдіңіз бе, қандай жауапкершілік. Бәзбіреулер болса, «мен әншімін!» дейтін еді сол арада.
Көп мақтағанымызды қаламады кейіпкеріміз. Өз жұмысын білетіндер әрдайым сөй дейді. Ал, біз, өз кезегімізде барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Бетті дайындаған
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: