Басты мақсатымыз – оқырман сұранысын қанағаттандыру

989 Views

Бүгінгі дамыған заманда адам мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады. Осындай оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін мекемелердің бірі – аудандық орталық кітапхана. Мәдениеттің бір бөлігі саналатын саланы біз кәсіби мереке қарсаңында арнайы құттықтап барып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Айнақұловпен азды-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Мәртебесі биік киелі шаңырақтың басшысы бізге орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды толық баяндап берді.

Жалпы аудандық орталық­тан­ды­рыл­ған кітапханалар жүйесіне қарасты 31 кітапхана бар. Атап айтар болсақ, оның біреуі аудандық, төртеуі ауылдық округтердегі балалар кітапханасы. Ал қалған 26 ауылдық кітапхана шалғай жатқан елді мекен оқырмандарына қызмет көрсетеді. Жалпы 2021 жылы ауданда кітап қоры 216 757 дана болса, бүгінде оның саны айтарлықтай артып, 220 746 кітапқа жеткен. Бір қуантарлығы, оның 150 713-і мемлекеттік тілде жарық көрген кітаптар. Санаңызға бірден бұл кітаптардың барлығын сөрелерде сарғайып тұрған болар деген ой келген шығар. Ендеше қатты қателестіңіз. Дәл қазіргі таңда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандар саны 20000-нан асқан. Өзге аудандармен салыстырғанда бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Аудандық кітапхана қызметкерлері кітап сүйер қауымның санын арттыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, былтыр 1265 іс-шара жоспарланып, алға қойған мақсат толығымен орындалған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 4 айдың қорытындысы бойынша 390 іс-шара өткізілген.
Сала қызметкерлері тек кітап қорын және оқырман санын көбейтумен айналыспайды. Сондай-ақ, олар 15 ауылдық округтерде ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтарда 33 анықтама түрін берумен де шұғылданады. Естеріңізге сала кетейік, бұл жұмыс осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғындарын аудан орталығына сабылтпау мақсатында қолға алынған болатын. Бүгінде аталмыш орталықтар ел игілігі үшін оңтайлы қызмет етуде. 2021 жылы цифрландырылған орталықтан аудан тұрғындары 3796 анықтама түрін алса, биылғы жылдың 4 айында орталық қызметкерлері 1494 анықтама түрін ұсынған. Мекеме басшысы Мереке Ержанұлының айтуы бойынша алдағы уақытта бұл бастаманың ауқымы кеңеймек ниетте екен. Болашақта әр ауылдағы кітапханашы 800-ге жуық қосымша қызмет көрсетуі мүмкін дегенді тілге тиек етті. Бұл – бір. Екіншіден, ол бізге кітапханаға қарасты бөлімдер мен штаттық бірліктің саны да артып келе жатқанын айтты.
«Бүгінде аудандық кітапханада жалпы штаттық бірлік 63 адамды құрайды. Оның 48-і шығармашылық ұжым. Жоғары білімді 33 маман болса, кітапхана мамандығы бойынша 25 қызметкер бар. Орта арнаулы білімді мамандар саны – 15. Біз қызметкерлердің сапалық құрамына да ерекше назар аударамыз. Себебі, ол – өте маңызды. Бүгінде оның пайыздық көрсеткіші – 59,5%. Біздің әрбір қызметкер қорымыздағы кітаппен таныс болуы қажет. Өйткені, оқырман сұранысын қанағаттандыру – біздің басты мақсатымыз. Бұл орталықтағы қызмет сапасын арттыруға, жүйелеуге айтарлықтай әсер етеді. Әр жиналыста мен осыны да кітапхана қызметкерлеріне айтып отырамын» деп жұмыс барысын да баяндап берді.
Жыл басында ау­дан­дық орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесінде көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арнап арнайы бөлім ашу мақсатында 2 штат ашылған. Бұл енді бөлек әңгіме…

Жеткен жетістік жетерлік

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ме­ке­ме қызметкерлері соңғы кез­дері көптеген байқауларға қатысып, өз­ге қырларынан көрініп келеді. Тыңғылықты дайын­дықтың арқасында жүлделі орындардан да көрініп жүр.
Атап айтар болсақ, Тәуел­сіз­ді­гі­­міздің 30 жылдығына орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл об­лыс­­тық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық бай­қауын жариялаған болатын. Атал­мыш байқауға Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сіне қарасты Жаңатұрмыс ауыл­дық кітапханасы қатысып, Қа­зақстан Жазу­шылар Одағының мү­шесі, ауданымыздың «Құрметті аза­маты» Қуандық Шолақтың 80 жас мерейтойына орай «Қазақтың Қуандығы» атты кездесу кеші өткізілді. Нәтижесінде Жаңатұрмыс ауылдық кітапханасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітап­хана­сының ұйымдас­тыруымен «Әлемді кітап арқылы танимын» ең көп оқитын оқырмандар арасында өткен балалар жазушысы «Әлдихан Қалдыбаев оқулары» облыстық байқауына Қорағаты ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Жорабек Айшуақ қатысып, жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Ағымдағы жылдың 20 сәуір күні Т.Рысқұлов аудандық орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Құмарық ауылдық балалар кітапханасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп оқитын оқырмандар арасында «Совет Әлімқұлов оқулары» атты аудандық байқауы өткізілді. Байқауға 22 оқырман қатысып, қатысушылар 4 кезең бойынша бақ сынасып, нәтижесінде Құлан ауылдық балалар кітапханасының тұрақты оқырманы Тұғылшиева Жансая бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды. Жүлделі І орынды Қазақ ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Балтабай Ясмина, ІІ орынды Қорағаты ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Бейсенбай Жұлдыз, ІІІ орынды Көкарық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Ерікұлы Нұрлыбек иеленді.

Арнайы бөлім ашылған

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға 2013 жылдан бастап қызмет көрсетіліп келеді екен. Былай қарап тұрсаң, мүмкін емес нәрсе секілді. Бірақ, бұл – шындық. Қамкөңіл жандарға 40 жылдық еңбек өтілі бар Нағима Қалқамбаева секілді жанашыр мамандар қызмет көрсетуде. «Менің кітапханада еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылдан астам уақыт болды. Осы қызметке 2017 жылы ауыстым. Содан бері көзі көрмейтін және әлсіз көретін оқырмандарға қызмет көрсетіп келемін. Қазіргі таңда 42 оқырманымыз бар. Көру қабілеті бұзылған және басқа да мүмкіндіктері шектеулі балалардың қоршаған ортаны қабылдау мүмкіндіктерін, яғни таным мен түйсігін арттыру, дамуын жетілдіру барысында оқырмандардың үйіне барып қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар Құлан ауылдық қарттарды оңалту орталығы және «Элай Құлан» мекемесіндегі мүмкіндігі шектеулі жандармен бірлесе жұмыс атқарамыз» деп жыл басынан бері арнайы екі штат ашылып, бөлім ашылғанын да атап өтті. «2022 жылдың ақпан айында бөлім болып ашылдық. Бөлімде менен бөлек Венера Баймұратова және Айымжан Сәлімжанқызы сынды жас мамандар қызмет етеді. Қазіргі таңда осы екі жас маманға өзімнің іс тәжірибеммен бөлісіп, бірлесе жұмыс атқарудамыз. Сондай-ақ, біздің кітап қорымыз аудио және өңделген кітаптармен толықтырылған» деп бөлімнің бүгінгі қызметін және жеткен жетістігіне де тоқталды.
Айта кетейік, ашылғанына көп уақыт болмаса да, аталмыш бөлімнің жеткен жетістіктері жетерлік. Мәселен, олар 2018 жылы облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының кітапханашылары арасында «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты байқауға қатысып, бас жүлдеге ие болған. Олар бұл жетістікті 2021 жылы да қайталайды. Бұл жолы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өзің оқы, өзгені шақыр» атты облыстық байқауға қатысып, тұғырдың ең биігінен көрінген. Ал 2022 жылы облыстық «Кітап – алтын қазына» атты тактильді кітаптар фестиваліне қатысқан олар жүлделі 3-ші орынға ие болған.

Бала – біздің басты байлығымыз!

Елімізде 2000 жыл «Мәдениетті қолдау» жылы болып белгіленгені баршамызға белгілі. Осыған орай араға екі жылды салып, ауданда Құлан ауылдық балалар кітапханасы ашылған болатын. Қазіргі таңда аталмыш кітапханада жалпы кітап қоры – 12302 дана. Оның 6466 данасы мемлекеттік тілде басылған. Оқырман саны – 1195. Кітап қоры жыл сайын жаңа балаларға арналған әдебиеттермен толықтырылып отырады. Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы жылы 3D форматта анимациялық кітаптар келіп түскен.
Кітапхана қызметкерлері биыл ауқымды жоспар құрып, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ ниетте. Жеткіншек балалармен көптеген жаңаша бағытта мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, балаларға арналған кітап көрмелері, көрме инсталляциялар, видео-роликтер, көптеген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қазақ әдебиеті тарихына қосқан еңбектерін насихаттау бірінші кезекте іске асырылатын жұмыстар дейді мамандар.
Суретте: Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері, кітапхана саласында 18 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маман Ұлжан Құрманжанқызы Нурхожаева Құлан ауылдық балалар кітапханасының жас мамандары А.Муканалиева мен С.Егембердиеваға әдістемелік көмек көрсетуде.

Кітап қоры молайып келеді

Кітап – құнды қазына. Бұнымен келіспейтін жан жоқ шығар, сірә! Ішіне үңілсеңіз, небір қызықты деректерге тап болатыныңыз айдан анық. Бір қызығы, кітап оқырман таңдамайды. Жақсысың ба, жамансың ба? Оны да талғамайды. Оған бәрібір. Бірақ, кітаптың көздеген бір мақсаты бар. Ол – жақсының әлеуетін әрмен қарай асыру, жаманға құнды ақпар бере отыра жақсыға жақындастыру.
Кітап қорларын толықтыруға былтыр жергілікті бюджеттен 1660,7 мың теңге қаржы бөлініп, 765 дана кітап сатып алынған. Оның 711 данасы мемлекеттік тілде алынған. Ал, облыстық бюджеттен және мемлекеттік тапсырыстан жалпы соммасы 4.269.636,79 теңге бөлініп, оған 2654 дана кітап алынып, кітапхана қоры толықтырылған. Оның мемлкеттік тілдегісі 2063 дана кітап. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Үстіміздегі жылдың 4 айында 3989 дана, мемлекеттік тілде 3804 дана кітап алынған. Сала басшылары алдағы уақытта да кітап қорын молайтуды көздейді. Нақтырақ айтсақ, кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен бөлінген 2.387 мың теңгеге 880 дана кітапқа тапсырыс берілген.
Мереке Ержанұлы бізге биыл сатып алынған кітаптарды да көрсетті. Олардың қатарында Шерхан Мұртазаның, Қалқаман Сариннің кітаптары бар екен. Осыған біз қуандық. Сондай-ақ, сатып алынған құнды кітаптардың арасында қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін жинақ та тұр. Онда қосымша баталар, ертегілер, мақал-мәтел жинақтары енгізілген.
«Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» жылы деп жариялағаны баршамызға белгілі. Шыны керек, біз осыған ерекше мән беріп, кішкентай оқырмандарымызға арнап көптеген кітап алдық. Ол кітаптардың бір ерекшелігі ондағы мағлұматтарды смартфон көмегімен де алуға болады. Ол үшін телефонға мобильді қосымшаны жүктеп, кітапта көрсетілген арнайы бұрышқа жақындатсаңыз жеткілікті» – деген мекеме басшысы Мереке Ержанұлы құрылғы арқылы кітап қалай оқу керектігін де көрсетіп берді.

Бетті дайындаған Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: