Е. САДЫРҚҰЛОВ: ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШІЛЕДІ

466 Views

Халық үніне құлақ асатын мемлекет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығы жергілікті жерлерде өз деңгейінде орындалып жатыр. Оған көз жеткізу үшін аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға үңілсеңіз жеткілікті. Өткен аптада аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов ауданға арнайы келіп, Құлан, Қорағаты ауылдарының жұртшылығымен кездессе, араға аздаған уақыт салып, аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та аталмыш Жарлық аясында бір емес, үш бірдей округтің тұрғындарымен жүздесті. Бекітілген арнайы кестеге орай аудан басшысы ең алдымен Құмарық ауылдық округ тұрғындарының талап-тілегіне құлақ түріп көрді.

Құмарықтағы жиында ауыл тұрғындары тарапынан Қаракемер ауылына жаңа мектеп салу, таудан келетін ағын судың мәселесі, көше жолдары мен жарығын ретке келтіру сынды сұрақтар қойылды. Ол сауалдарға Ерболат Салқынбекұлы жеке жауап беріп, көтерілген ұсыныс-тілектер мен өтініштердің барлығы заң аясында шешімін табатынын және қордаланған мәселелер тиісті сала басшыларына жолданып, әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.Түске қарай дәл осындай жиын тау бөктеріне жақын орналасқан Көгершін ауылында өтті. Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің акт залына тұрғындар көптеп жиналыпты. Аудан басшысы оларға ең алдымен ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар жайында сөз етті.
– Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы күнге дейін ауыз су, көгілдір отын, көше жолдары және жарығымен айналыстық. Жалпы, Көгершінде 17 көше бары белгілі. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жол мәселесі толығымен шешіліп отыр. 17 көшенің 16-сына көше жарығы жүргізілген. Қалған бір көшеге де жарықты жуырда жүргіземіз. Енді біз әлеуметтік проблемаларды қолға алдық. Алдағы жоспарымызда аудан аумағына 5 мәдениет үйі мен 4 бірдей спорт кешенін салуды көздеп отырмыз. Көгершін ауылына аталмыш нысандардың екеуі де салынады, – деп бірқатар жоспарлы жұмыстарды баян етті.
Жиын «сұрақ-жауап» кезеңіне ұласты. Тұрғындар ауыз су мәселесін көтеріп оның сапасын және шілде айында кей көшелерге су жетпей жататындығын сөз етті. Сондай-ақ, жол салынғанымен, көше бұрылыстарына асфальт төселмегенін айтты.
– Дұрыс айтасыздар. Кейбір көшелерге су жетпей жататындығынан біз жақсы хабардармыз. Бұл мәселені шешу үшін арнайы қаржы бөліп отырмыз. Жуық арада жұмыстар басталады. Ендігі мақсат – сол қаржыны тиімді жұмсау. Қоғамдық бақылау топтарын құрып, жұмысты жоспарлы түрде жүргізуіміз керек. Сонда ғана нақты нәтижеге жете аламыз. Бір сөзбен айтқанда, ысырапшылдыққа жол жоқ. Ал көше бұрылыстарына келер болсақ, қаржы қарастырылған негізгі жұмыстар бітті. Бұрылыстарға қатысты жұмысты алдағы уақытқа жоспарлаймыз, – деп тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Көшпелі кездесу түс ауа Көкдөнен ауылында өтті. Аудан басшысы ауыл және аудан аумағында атқарылған жұмыстарға тоқталып, көкдөнендіктерден бұрын айтылмаған мәселелерді көтеруді сұрады. Көкдөнендіктер тосылған жоқ. Ауылға балалар алаңын салу, көше жолы мен жарығын реттеу, интернет, «Өнер» мектебіне ғимарат беру, суағарлар мен көпірлер орнату, спорт нысанын салу, жол бойындағы қураған талдарды алып, орнына жаңасын отырғызу сынды маңызды мәселелерді көтерді.
– Жалпы, Көкдөненде біраз мәселе шешімін тапқан. Дейтұрғанмен, жағдай жақсарған сайын халық тарапынан сұраныс та күшейе бермек. Округтегі 14 көшенің 12-сінде жол бар. Көгілдір отынды тұрғындар 100 пайыз қолданып отыр. Менің білуімше, ауылда балалар ойын алаңы да бар. Бірақ, дұрыс түсініңіздер. Біз әр көшеге ойын алаңдарын орната алмаймыз. Себебі, басқа да ауылдарды ойлауымыз керек. Көше жарығына келер болсақ, ауылдағы ағайын әкімге көмектесуі қажет. Күн ұзарғанда немесе қысқарғанда ретсіз жанатын көшелерді қоғам болып анықтау қажет. Сонда айтарлықтай қаржы үнемделеді. Ал интернетке қатысты біз тариф бағасын көтеріп, жылдамдылығын арттыру үшін облыстық басқармаға хат жолдайтын боламыз. «Өнер» мектебінің жұмысы бәріміздің көңілімізден шығады. Дегенмен, ескі ғимаратты жаңалау үшін қыруар қаражат керек. Ғимараттың қабырғасынан басқа жері жарамсыз. Бұл мәселені мен өз бақылауыма алатын боламын. Суағарлар мен көпірлер орнату, жол бойындағы қураған талдарды алып, орнына жаңасын отырғызу идеясын өз басым қолдаймын, – деп аталмыш жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті Ерболат Садырқұлов.
Жиын аяқтала салысымен аудан әкімі ауыл тұрғындарының «асарлату» салты бойынша салынған асхана жұмысымен танысты.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: