Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Тыныс алу жолдарының инфекциясы – қоздырғыштары ең алдымен тыныс алу жолдарының кілегейлі қабықтарында локализацияланатын инфекциялық аурулар, ал жұғу көбіне ауада шашырап берілу механизмі арқылы болады, оған грипп, ангина, аденовирусты аурулар, менингококк инфекциясы т. б. аурулар енеді. Қара күз бен қыстың алғашқы айында түрлі тыныс жолы аурулары көбейетіні белгілі. Бұл кезде мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабаты мен мидың жұмсақ қабатын зақымдайтын жедел жұқпалы менингит те ұшырасып қалып жатады. Менингит негізінен осы кездері басталып, наурыз, сәуір айларына дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан жұртшылықтың ол туралы біле жүргені де абзал.
Менингит ауруы ауа-тамшы жолымен, науқас адаммен сөйлескенде, ол түшкіргенде, сүйіскенде сілекей арқылы жұғады. Менингококты инфекцияның клиникалық көрінісі симптомсыз бактерия тасымалдаушылықтан назофарингит, менингит, менингококцемия, менингоэнцефалиттен іріңді менингококты сепсиске дейін байқалуы мүмкін. Аурудың менингококты инфекциясымен көбіне мектепке дейінгі жастағы балалар ауырса, сонымен қатар ол жасөспірімдер мен ересектер арасында да кездеседі.
Ауру жедел басталып, жалпы әлсіздік, бас айналу, бас ауруы пайда болады, температураның көтерілуі, лоқсу, құсу байқалады. Науқастың көңіл-күйі бұзылып, қозғалысы бәсеңдейді, ол қатты дыбысқа, шуылға төзімсіз келеді, басын орап жатады. Ал менингиттің ауыр түрімен науқастанған сырқат аяғын созып, басын артқа шалқайтып, бір жанымен жатады. Мойынның, арқаның, іштің еттері тырысып, науқастың басын кеудеге еңкейтуі қиынға түседі. Тыныс алуы нашарлап, тері қабаттары бозарып, іштің төменгі жақтарында бөртпе (менингококты сепсис) пайда болады, еріннің айналасы көгеріп кетеді. Мұндайда балалар тамақтан бас тартады, бірақ суды жиі-жиі ішеді. Менингит ауруын анықтаған жағдайда науқасты оңашалап, дер кезінде ауруханаға жатқызу керек.
Ауру анықталған үйде немесе ортада бөлмені жиі желдетіп, ылғалды жуу жұмыстарын жиілетіп, дәкеден жасалған «масканы» қолданған абзал. Науқаспен қарым-қатынаста болғандарға он күн медициналық қадағалау жүргізіліп, дәрігердің қарауында болады. Науқас жазылып шыққаннан кейін дәрігер-невропатологтың диспансерлік бақылауына алынады.
Науқас ауруынан айығып шыққан соң екі-үш ай бойы тез шаршағыш, әлсіз, жұмысқа қабілетсіз болады. Әсіресе, балалар балабақшада шулы ойындарға қатыса алмайды, оқушы балалардың сабаққа ынтасы төмендейді.
Бүгінде аталған аурудың алдын-алу үшін балалар арасында менингококк инфекциясын тасымалдаушыларды анықтау мақсатында зертханалық тексерулер жүргізіліп, қадағалануда.
Жалпы, жоғарғы тыныс жолдарының қандай да болмасын қабынуы кезінде уақыт жоғалтпай, дәрігерге көрінген абзал. Осы арқылы менингиттің де алдын алуға болады.
Г.Сәрсенбек,
ҚРДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы»
ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының
Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің бактериологиялық
және паразитологиялық зертханасының дәрігері.