Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың маңыздылығы неде?

309 Views

Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сонымен қатар, жазғы демалыс – балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады.
Қазіргі таңда денсаулық тек қана адамның бойында ешбір сырқаттардың жоқтығы ретінде емес, ол – адамның толық физикалық, рухани, әлеуметтік жағдайы ретінде қарастырылады. Сол себепті жазғы демалыс бала үшін денсаулығын нығайтуға қолайлы кез ретінде қарастырылып, оның дара тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасайды. Жазғы мектеп лагері – баланың тәжірибесін кеңейтетін, жаңа ақпаратты шығармашылыққа айналдыратын, жаңа білім, білік, дағдыны қалыптастыратын, жаңа адамдармен тез тіл табыстыратын, өзінің қызығушылықтарын қанағаттандыратын орын.
Бала уақытының көп бөлігін теледидар мен компьютердің алдында өткізбеу үшін ата-аналарға балаларын жазғы сауықтыру мекемелеріне жіберуге кеңес береміз.
Құрметті ата-аналар, жазғы сауықтыру ұйымдарының басшылары санитариялық ережелер талаптарының сақталуын қамтамасыз ететініне қарамастан, сіз балаларыңыздың денсаулықтары үшін негізгі жауапкершілік өзіңіздің мойныңызда екенін ұмытпауыңыз керек. Сондықтан, тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында балаларды жазғы сауықтыру лагеріне жіберген кезде сіз баламен жеке гигиенаны сақтаудың қарапайым ережелері туралы профилактикалық әңгіме жүргізуіңіз керек. Атап айтқанда, тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды жуу, көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында ағынды сумен жақсылап шаю, сауықтыру лагерьлерінің аумағында өсетін жемістерді пайдалануға тыйым салу. Бассейнде шомылғаннан кейін сабынмен себезгі ванналарын міндетті түрде қабылдау, басқа адамдардың жеке гигиена заттарын (тарақтар, тіс щеткалары және т.б.) және киімдерін пайдаланбау, туристік жорыққа шыққан кезде дененің барлық ашық бөліктерін жабу (бридждерді шұлыққа салу, ұзын және түймеленетін блузкалар кию). Ішек инфекциясының белгілері пайда болған кезде (әлсіздік, жүрек айну, құсу), дене температурасының жоғарылауы және т.б. балаларды дереу медициналық көмекке жүгінуге үйретіңіз.
Біз балаларымызды қарапайым өмірлік дағдыларды, соның ішінде жеке гигиена туралы біліммен қаруландырып, балаларымызға қауіпсіз және пайдалы демалысты қамтамасыз етуіміз қажет!
А.Әміржанқызы,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

Поделиться ссылкой: