Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз…
«Сұр көйлек, ақ фартукпенен,
Келуші еді қыздар сәніміз.
Ақ көйлек, қызыл галстук,
Жарасушы едік бәріміз.
Бой жеткен қайда шашына,
Ақ бантик жүрген тағынып.
Әке болсақ та әр үйде,
Сендерді жүрміз сағынып».
Міне, бірге оқыған сыныптастар мен мектепке деген сағыныш сезімі осы екі шумақ маржан сөзден құралған өлең мәтінінің құрылысында әдіптеліп тұр. Мейлі, 10, 20, 30, 40, тіпті 50 жыл өтсе де, тарыдай боп кіріп, таудай болып шыққан алтын ұя мектебіңді қалай ғана ұмытарсың! Ұмытпайсың, әрине. Өйткені, ол – ностальгия! Сол қызықты сәттер еске түскенде күлеміз, әзілдейміз, кейде мұңаямыз. Адам сол үшін де адам.
25-ші мамыр. Қазақ ауылы. Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебі. Бұл үш ұғымды неліктен бөле жарып айтып отырмыз. 25-ші мамыр түсінікті енді. Қазақ ауылы ұйымшылдығы мен бірлігі ұлардай ұйып, татулығы қыр асып отырған іргелі ауыл. Ал, осы ауылдағы білім ошағы анау-мынау емес, қазақ көркемсөзінің хас шебері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есім-сойын еншілеген. Мектеп ұжымы қашан көрсең, алдыңғы сатыдан көрінеді. Оның үстіне биыл заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына – 125 жыл. Осының бәрін ой елегінен өткізсек, аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлының дәл осы білім ошағына арнайы барып, мектеп бітіруші жас түлектерге сәт-сапар тілеп, құттықтау сөз арнауы – өте оңды шешім секілді.Мектеп ұжымы да бұл салтанатты шараға жақсы дайындалыпты. Сценарилері де жұп-жұмыр. «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» деген тақырыппен өткен салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Ерболат Садырқұлов:
– Бүгінде мұғалім деген мәртебелі мамандыққа құрмет ерекше. «Педагог мәртебесі» туралы заң да қабылданды. Қазір қарап отырсақ, мұғалімге де, оқушыға да барлық мүмкіндік жасалған. Алғаш мектепке барған сәтте «А» деп әріп үйретіп, жүрек көзімізді ашқан, көптеген тағылымды дүниелер айтып, тұлғалық болмысымызды қалыптастырған ұлағатты ұстаздар қауымына шексіз алғыс айтқым келеді. Ал бүгін мектеп табалдырығын бітіргелі отырған жас түлектерге айтарым, әрдайым жолдарың ашық болсын. Дендерің сау болсын. Менің де тұңғышым өздерің секілді бүгін мектеп бітіріп отыр. Дегенмен, мен сіздердің орталарыңызда отырмын. Елімізде тек қана бейбітшілік орнасын. Біздің болашағымыз – Сіздерсіздер. Аман болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүріңіздер,- деді.
Бұдан соң мектеп оқушыларынан құралған биші қыздар би билеп, хормен ән де айтылды. Салтанатты шарада мектеп директоры Мадина Сәрсенова да ізгі тілегін білдіріп, мектеп оқушыларына мақтау қағаздарын табыстады.
Жалпы, Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектепте 200 оқушы білім алады. Биыл 7 түлек мектеп бітіріп отыр. Мектеп бітіруші түлектер өздерінің сан қырлы жақтарын көрсетіп, оқуда озат, спорттық жарыстарда алғыр болды. Олардың білімді, жан-жақты әрі саналы ұрпақ болып жетілуіне сынып жетекшісі Адисса Тамашеваның үлкен септігі тигені анық.
Қош. Жұрт асыға күткен қоңырау үні де естілді. Бұл дегеніңіз — тағы бір жылдың мектеп түлектері үлкен өмірге қадам басты деген сөз. 7 түлек бір айналым жасап, соңғы қоңырау үнін естіркенде, музыкалық фонда:
– Соңғы қоңырау, соңғы қоңырау,
Сыңғырлап үнің, көңілде тұр-ау.
Арнамнан асып, толқындай тасып, төгілгенім-ау!
Аттанар сәтте төріңнен мынау,
Қимадым сені, соңғы қоңырау, – әні айтылып, біздің де мектеп жылдарында өткізген қызықты сәттерімізді еске түсірді.
Марат Диханбай.