СОҢҒЫ ВАЛЬС

427 Views

(Жолсапар)

Ғашығын қимаған ару се­кілді – көктем де кетуге құ­лықсыз. Жаз келді. Адамдар тегіс қуанышты, түгел разы. Маусымның мимырт күндері де, шілденің шіліңгір ыстығы да, тамыздың тымырық түндері де өзгеше бақыт сыйлайтын секілді. Жүзін ұятқа шымшытқан арудай қызара бөртіп құланиек орнаған шақ. Іргелі ғимарат ауласы тыныштық құрсауында. Шаңытты дала төсі шырт ұйқыда жатқан сәбидей үнсіз. Шашымды жел көтерсе шешемнің аялы алақаны тигендей масаттанып мектеп ауласына аттадым. Тұрар Рысқұлов мектебі. Тау тұлға Тұрар Рысқұловтың тұғырлы ескерткіші қарсы алды. Үнсіз. Мәңгі үнсіз. Бірақ, оның үнсіздігі – қашан да ділмар, қашан да ақпараттандырушы. Осы сәтте нөпір халық мектеп ауласына ағылды. Басты себеп – бала шақ пен болашақтың байланысын бажайлау. Соңғы қоңырау. Шығыстан шыққан күннің шуа­ғы шәлкез мінез танытып, халық шат-шәлекей болды. Бірақ, адамдардың көңіліне шөкімдей мұң ұялаған жоқ. Аңқасы кеуіп, кенезесі құрғаса да шат-шадыман. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп мектеп қабырғасын аттаған балдырғандар соқтауылдай ұлға айналып, сұлу да сымбатты қызға айналып ұядан ұшып барады. «Алтын ұя мектебіміздің табалдырығынан үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітіруші түлектерге сәттілік ті­лей­мін. Өмір жолдарыңыз ашық болсын!», – деп мектеп директоры Ербол Талантұлы түлектерге ізгі лебізін білдіріп, үздік деп танылған оқушыларға шәкіртақы үлестірді. Ұстаз үшін де, шәкірт үшін де мерейлі мезет. Әбілов Қайрат, Ботаев Мұхтар, Маджит Арнат секілді ел азаматтары түлектерге ізгі тілек білдіріп, ақыл-кеңесін айт­ты. Кенет, әуен жоғары өр­мелеп, жоғарыдан төмен құлдилағанда, үріп ауызға салғандай бойжеткен қыздың, ай­дай сұлу арудың аяулы жүзіне күлкі үйірілді, әлекедей жаланған әдемі жігіттің, әсем костюмын киіп келген әумесер ұлдың көзіне үміт пен үрей тұнды. Көрікті арулардың көркем көйлектері сүйретіле қозғалып, өзінен оза созылды. Ескек жел есіп, еркін самал жайқаған балқұрақтай толқыды. Үлбіреген, шебер тігіншінің қолынан шыққан жібек көйлек жерге төгіліп тұр. Соңғы вальс ! Іргені індет жайлап, тәж-тажал тақау келген уақыт аралығында екі буын мектеп бітіріп, түлеп ұшыпты. Коңыраудың сыңғыры естілмегеніне, түлектердің соң­ғы вальс билемегеніне – екі жыл!.. Сан мейман сыйған үлкен алаң демін ішіне тартты, бейқам тыныштық орнады. Тымырық. Зәуіде, екі жылдық арақашықтықтан запы болған құшақтар айқасты. Бозбала жас қыздың белінен ұстап, бойжеткен оның иығына қолын салып, би басталды. Көкіректі шат көңіл кернеп, әсем әуен тербеп тұр. Жұптар қауырт, қауырсындай жеңіл, қиындықсыз қозғалады. Көркем көрініс. Күннің нұры ай­ма­­лап, самал жел өпкен жұп­­тарға сүйсінген жұрт өнер туындысына тамсанған адамдай аң-таң. Шедевр!.. Ал, жұп­тардың көзіңде ешқандай мұң, көңілінде ешқандай кірбің жоқ. Өткен күннің үрейлі елесі мен келешектің бұлыңғыр жолдары туралы да ойламайды. Олар өздерінің ең алғашқы вальсін билеп тұрғандарын да білмеді…

Жәнібек Ұлықбекұлы.

Поделиться ссылкой: