Он жыл өтсін, жыл жиырма, жүз жыл өтсін…

362 Views

Кездесу

Үстіміздегі 2022 жылдың 25 мамырында Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының Абай орта мектебін 1977 жылы бітірген түлектер жиналып, кездесу өткізді.
Өткен 2021 жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осы Абай ауылы Респуб­ликамыздың үздік 30 ауылының қатарына кірді. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындары өздерінің жеке шаруашылықтарын өте жақсы жүргізіп отыр. Осыдан 45 жыл бұрын бітірген мектеп түлектерінің басым көпшілігі өздерінің туған жері Абай ауылдық округінде тұрады. Қасиетті Құлан жері қай заманда болсын халқымыздың киелі мекені болған. Сондықтан сонау тоқырау жылдары да ел іргесі сөгілмей, ауылымыз өз тыныс-тіршілігін жасады.
Ауданымыз бүгінгі таңда бүкіл республикаға танымал талантты азаматтарымен белгілі. Біздің ауданнан атақты спортшылар, ғалымдар және республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткерлері шыққан. Осы жетістіктің барлығы да ауылымыздың қарапайым еңбеккерлерінің, тұрғындарының арқасы деп айтсақ артық емес. Себебі дарынды жастар тәрбиелі, өнегелі, көрегенді ортадан шығады. Сондықтан ауылда тұратын сыныптастарымыз Нарботаев Орынбек, Кәдірханов Әшірбай,Сапақов Әбсамат, Күзенбаев Әлихан, Бәрменқұлов Мұқан, Жырғалбеков Кенжехан, Сайлау, Сәрсен Бердібековтер, Беркинбеков Райымқұл, Қамшы­беков Сәрсенбек, Мұсабеков Жәнібек, Теңгебаев Доғдырғали, Мақұлбаев Артық, Зауырбеков Базарбай, Кішкентаев Бекен және тағы басқалар еліміздің дамуына зор үлес қосып келеді.
Кеңестер Одағы тараған жылдары ауылдың жағдайы өте ауыр болды. Соған қарамастан ауылдан ұзап кетпеген сынып­тастарды «нағыз қайыспас қара нарлар» деп айтуға болады.
Әрбір ата-ана өз перзентінің, ұрпақтарының әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі. Отбасының құндылығын бастапқы орынға қойып, жоғары деңгейде қазір де атқарып отырған сыныптас қыздарымыз аз емес. Атап айтқанда, олар Артықбаева Бақыткүл, Еспенова Бейсекүл, Зауырбекова Ұлар, Балтабаева Қанаткүл, Қалмашева Гүлсара, Садыханова Несіпкүл, Абдрайымова Мейізкүл, Жұмағұлова Айсара.
Тәуелсіз елімізді өркендету жолында Абай атындағы орта мектебінің 45 жыл бұрын бітірген оқушылары елеулі еңбектерімен барлық салаларда жұмыс ат­қар­ды. Атап айтқанда,теміржол магистралінің қауіпсіз әрі барынша тиімді жұмысын қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілікпен барлық күш жігерлерін салып, еңбек етіп келе жатқан азаматтарымызды мақтанышпен айтсақ, олар Иманов Секен, Дүйсенбиев Тұрсын және Фитосанитарлық мекемеде абыроймен жұмыс істеп жүрген Мәлік Әбдіқалықов.
Ауданда жауапты қызметте көптеген сыныптастар қызмет атқарды. Мәселен, Жаңыл Арыстан­бекова 40 жылдан астам уа­қыт аудан әкімдігінің білім бөлімінде есепші, бас есепші қызметін абыроймен атқарды. Өз мамандығын жете меңгерген, қызметтестері алдында ерекше бе­делге ие болды.Тәлімгерлік қырынан өз білімін жаңа буынға беріп, бірнеше кәсіпқой, білікті мамандар дайындап шығарды. Тазагүл Омарова болса, білім саласында есепші қызметін үлгілі, білімді маман ретінде атқарса, ал статистика, қаржы, әлеу­меттік салаларда Рахманқұлова Венера, Нысанбаева Бейсекүл, Досалиева Гүлсанат халыққа аянбай еңбек етті.
Сонымен қатар, халыққа қызмет ету жолындағы еселі еңбектерімен көрінген, білікті де білгір маман ретінде сыныптастарымыз Егем­бердиева Жүзім химик-технолог мамандығын меңгеріп, ауданда инженер, меңгеруші және Тараз қаласында «Тараз-энерго» орталығында инженер, химик-технолог болып жұмыс атқарса, тағы бір сыныптасымыз Тұрапова Рәткүлде дәл осы салада жақсы еңбек етті.
Ұстаздық қызмет атқарған сыныптас қыздар бірнеше жас ұрпаққа білім берді. Бүгінгі күні Жамбыл ауданында жоғарғы санатты, білімді, еңбектерін сіңірген ұстаздар Әсемкүл Тазабекова, Тұрабаева Үрияш, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында Құлдыбаева Райкүл, Күнбасова Доғдыркүл сыныптастарымыз қадірлі ұстаздар.
Мектебіміздің озат оқушысы Дабаева Сауле Жамбыл ауданында математика пәнінен сабақ беріп, әрі қарай Қырғызстан Республикасында мұғалім, орынбасар, мектеп директоры болып жұмыс істеді.
Еліміз үшін маңызды саланың бірі – денсаулық саласы. Денсаулық саласының жоғары дәрежелі, үздік мейірбикесі Саржанова Сырға ауданда, Тараз қаласында облыстық ауруханада хирургия, нейрохирургия бөлімінде және Қызылорда облыстық тері-венерология диспансерінде аға мейірбике қызметін атқарды.
Дүниежүзін тығырыққа тіреген пандемия кезінде жұмыс істеп жатқан медицина саласының майталманы және сыныптың командирі Қойайдаров Самат 25 жылдан астам халықты және емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Ол «АЙЫМ ФАРМА» ЖШС директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.
Еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық және мәдени дамуына өз үлестерін қосқан сыныптас қыздарымыз бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалыста. Кешегі құрметті ұстаз, қаржыгер, мейірбике, инженер, химик-технолог, бүгінгі қадірлі де асыл ана, ақ жаулықты әже. Жас ұрпақты Отан сүйгіштікке, адалдыққа тәрбиелеу жолында үлкен тәрбиелік жұмыстар атқарып жатыр.
Бүгінгі кейіпкеріміздің бірі, мектеп және сыныптың мақтанышы – Имашева Райкүл Тұрғынбайқызы. Мектепті «Алтын» медальмен бітіріп, Алматы қаласындағы халық шаруашылық институтын «Қызыл» дипломмен аяқтап, өзінің туған жері Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылында бірінші еңбек жолын экономист мамандығы бойынша бастап, өз жұмысын әрі қарай Қордай ауданында жалғастырды. Аудан әкімінің аппаратында және аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде мемлекеттік қызметкер, экономист, аға экономист, бас маман-экономист, бөлім басшысының меңгерушісі, орынбасары, бастығы қызметтерін, сонымен қатар салық басқармасының барлық бөлімдерінде бөлім басшысы болып, аса жауапкершілікпен абыроймен қызмет атқарды.
Қазіргі таңда зейнеткер болса да, қоғам ісіне араласып, аудандық қоғамдық кеңестің хатшысы қызметінде және «Ардагерлер ұйымы», «Мүге­дектерді қолдау-Парыз» қоғам­дық бірлестіктеріне қаржыгер маман­дығында жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Сыныптастар арасында физика-математика ғылымдарының док­торы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық инженерлік және Халықаралық инженерлік академия­ларының акаде­мигі, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық ғылым академиясының коррес­пондент мүшесі Темірбеков Нұрлан Мұқанұлының жеткен жетіс­тіктерімен мақтанамыз.
Бүгінде әлемге белгілі ғалым, үлкен биіктерге көтерілген, қа­жыр­лы еңбегі, ізденімпаздығы, адамгершілігі, адал ниеті арқылы абырой жинаған елімізге танымал азамат.
Ол университет бітірген 1982 жыл­дан 1984 жылға дейін Семей ет және сүт технология инсти­тутының «механика мен материал­дар кедергісі», «жоғары мате­матика» кафедраларының оқыту­шысы болып жұмыс істеді. Оқыту­шылық қызметінің алғашқы күнінен бастап математика және меха­ника саласындағы өзінің тама­ша білімін көрсетті. Сондықтан 1984 жылдың желтоқсанында Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы ҚазҰУ зерттеуші-стажер болып ауыстырылды. 1986 жылы осы университеттің күндізгі аспирантурасына түсті. Қолданбалы талдау кафедрасында есептеуіш мате­матика және есеп­теуіш аэрогидро­динамика саласында ғылыми зерттеулер жүргізді.
Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша екі монография және 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялады. Еліміздің білім және ғылым саласына 10 ғылым кандидаты мен PhD докторларын дайындады.
Нұрлан Мұқанұлы ұстаз­дықпен қатар басшылық қыз­меттерді атқарып келеді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қа­зақстан университетінде про­ректор, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінде про­ректор, ректор, ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінде механика-математика факультетінің деканы, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, Қазақстан инженерлік-техно­логиялық университетінің ректоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық Инженерлік ака­демиясының вице-президенті және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің про­фес­соры болып жұмыс істейді. Темірбеков Н.М. қызмет етіп келе жатқан жылдар бойы өзін креативті ойлы басшы ретінде көрсетті. Ол – академияның басты мақсаты саналатын ғылым мен тәжірибе арасындағы «көпір» болу, өндіріске ғылыми жетістіктерді әзірлеу мен енгізуге жүйелі түрде жәрдемдесу, елдің ғылыми-технологиялық саясатын қалыптастыру мен іске асыруға тікелей қатысу үшін үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр.
Білім және ғылым министр­лігінің «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Астана» мерей­тойлық медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Жерлесіміз Нұрлан Мұқанұлы өзі оқыған Абай орта мектебіне әрқашан ғылыми-методикалық көмек көрсетіп жүреді. Осы жолы да «Жомарт түлек» бағдарламасы аясында математика кабинетін оқушыларға қажетті стендтермен жабдықтап, интерактивті сабақ өткізуге арналған соңғы үлгідегі электрондық панельді сыйға тартты. Мектептің математика кабинетіне еліміздің білім және ғылым саласына зор үлес қосып жүрген сыныптасымыз академик Н.М.Темірбеков есімі берілгеніне өте қуаныштымыз.
Мақаланы қорытындылай оты­рып, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – деген ұлы Абай бабамыз айтқан сөз еріксіз еске түседі. Демек, ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Ұстаздар – біздің болашақты айқындайды, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті, жемісті күннің кепілі.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірт­терін білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
Абай орта мектебін 45 жыл бұрын бітірген оқушылары ұстаз­дарымыз Әлимаш, Әсен, Әшір­күл, Зинаш, Шайкүл, Баян, Жапсаркүл әкпейлерімізге, Бауыр­жан, Оңласын, Әсілқадыр ағайларымызды ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айтамыз. Әрқайсымыздың өмірден өз орны­мызды табуымыз үшін берген ақыл-кеңестеріңізге, бізді ел қатарына қосқандарыңызға мың да бір рахмет айтып, шәкірттік ықыласымызды білдіргіміз келеді. Үлкен биікке қол жеткізуімізге, кісілікке, адамгершілікке тәр­бие­легендеріңіз үшін біз сіздерге әрқашан қарыздармыз. Отбасыларыңызға аман­дық, дендеріңізге саулық тілейміз!
Бүгінгі күні ортамызды азай­тып, өмірден озып кет­кен сынып­тастарымызды, ұстаз­дары­мызды еске аламыз. Жат­қан жерлері жай­лы, топырақтары торқа болсын! Отбасыларына және ұрпақ­тарына амандық, ұзақ ғұмыр, бақытты өмір тілейміз!

Әшірбай Кәдірханов,
Абай орта мектебін 45 жыл бұрын бітірген түлегі.

Поделиться ссылкой: