КАМЕНКА мен ЛУГОВОЙ қашан қазақшаланады?
Тіл – жұрттың жаны. Сондай-ақ, тіл – халықтың басты қазынасы. Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедұлы «Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деп баға береді. Шыны керек, жетпіс жыл қызыл империя боданында болған қазақ елі осы бір басты байлығынан айырылып та қала жаздады. Дейтұрғанмен, көрер қызығымыз алда екен. 1991 жылы егемендік алдық. Өз алдына тәуелсіз ел атанып, азат мемлекетке айналдық. Отыз жылды артқа тастап, экономикасы мығым, саясаты берік, мәдениеті мен спорты, ғылымы мен білімі дамыған, әлем санасатын, мойындайтын ел бола алдық. Бірақ, қыр соңымыздан қалмай келе жатқан бір келеңсіздік бар. Қандай дейсіздер ғой… Ол – елді мекен мен жер-су аттарын қазақшалау. Неге екенін білмеймін, әйтеуір осы іске келгенде жайбарақатпыз. «Елу жылда – ел жаңа» деген тәмсілді білсек те, біз алшаң басуға еш асықпаймыз. Әлде ата-бабамыздан мирас болып қалған қазақ жерін қазақшалаудан қорқамыз ба? Білмеймін… Бәлкім, бүгінгі буын тарихи атауларды қайта жаңғыртудан қашқақтайтын шығар… Ендеше оған не кедергі? Сана көкжиегінде дәл осы типтес мыңдаған сауалдар туындайды. Әйткенмен, сол сұрақтарға қара басыңды қанағаттандыратын жауап та табылмайтыны өзегіңді өртейді. Жан-жаққа жәутеңдеп, оны да іздеп әлекпіз.
Өткен аптада ауданға арнайы іс-сапармен облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ақтолқын Камокқызы келді. Оның ондағы мақсаты – жергілікті тұрғындарға жер-су атауларын өзгерту, оларды қайта атау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Шыны керек, Ақтолқын ханымның білікті маман екенін бір тілдескеннен-ақ анық аңғарады екенсіз. Сонымен қатар оның бойынан елге деген жанашырлықтың, патриоттық сезімнің басым екенін де байқауға болады. Бас маман ең алдымен Қарақыстақ ауылдық округіне қарайтын Каменка ауылының тұрғындарымен кездесті.
Шіркін-ай! Аталмыш ауыл ақсақалдарының істеген ісіне, сөйлеген сөзіне, жауапкершілігіне қарап, тәнті боласың еріксіз. Жиналыс залына үңілсеңіз, жастарға қарағанда ақсақалдардың басым екенін аңғардық. Бұл – Каменка тұрғындарының ауыл болашағына бей-жай қарамайтындығын анық айқындады. Хош… Енді жиналысқа оралайық. Жиналыс арнайы келген қонақты таныстырумен басталып, сөз кезегі бірден Ақтолқын Камокқызына берілді.
Тұрғындар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Бірі – тарихи атауды қайта жаңғырту керек десе, Каменканың өзге ұлт өкілдері атаудың сол қалпында қала беруін өтінді. Дегенмен, округ тұрғындарының басым бөлігі «Қарақыстақ» атауын таңдайтындығын анық аңғартты. Дұрыс-ақ!
Түске қарай дәл осындай жиын он мыңнан астам халқы бар Луговой ауылында жалғасын тапты. Максим Горький атындағы орта мектебінің акт залында өткен жиналысқа келгендер ауыл атауын емес, біріншіден орысша аталып тұрған үш бірдей көше мен мектептің есімін ауыстыруды қарастырды. Ауыл әкімі Мұратбек Сванов осы күнге дейін ауылда бірнеше көше қайта аталғанын, теміржол бекеті «Түрксіб» деп өзгертілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауыл әкімі Максим Горький атындағы мектептің ұжымы да өз білім ошақтарын Тұрардың сенімді серігі болған, атақты ағартушы, қазақтан шыққан тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышбаевтың есімімен атауды қалайтындықтарын жеткізді. Біздіңше, бұл – бас бармақпен бағаланатын бастама. Ал ауыл атауын өзгертуге ауыл жұртшылығы асықпайтындықтарын көрсетті. Неге екені белгісіз, тіпті ауыл тұрғындары өзгертуге келетін атауды да атаған жоқ. Бәлкім, «асығыстық танытудың қажеті жоқ» деген пікірді ұстанған болар. Кім білсін?..
Түс ауа басқарманың бас маманы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев бастаған ауыл әкімдерімен және аудандық онамастикалық комиссияның жұмысшы тобымен кездесті. Кездесу барысында жұмысты жүйелеу керектігін айтып, топтан нақты шешімдер күтетіндігін айтып өтті. «Онамастикалық комиссияның жұмысшы тобы жыл сайын кем дегенде бір атауды ауыстыру керек. Әйтпегенде аталмыш жұмысшы топтың қызметін төмен бағалауға болады. Сонымен қатар, біздің білуімізше сіздердің аудандарыңыздағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бір ғана маман жұмыс істейді. Бұлай болмайды. Тіл мәселесіне келгенде, сараңдық танытпау қажет. Қысқартылған бас маманның орнын қайта қалпына келтіруді сұранамын» деп өз өтінішін жеткізді. Дұрыс-ақ! Тіліміз өз тұғырында тұрсын десек, дәл осындай дүниеге де дер кезінде зер салғанымыз абзал.
Жиынның күн тәртібінде көптеген мәселелер қаралды. Соның бірі – «Тарихи тұлғалар» тізіміне бірнеше азаматтарды енгізу. Сондай-ақ, жиында ауданда ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалуын қадағалау мақсатында жүргізілген зерделеудің қорытындысын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ринат Сартаев хабарлады. Жауапты маман Луговой мен Құлан ауылына зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, кәсіпкерлердің жіберген өрескел қателерін де ашып айтты. Әлібек Мамытжанұлы жіберілген кемшіліктерді тез арада ретке келтіру үшін округ әкімдеріне арнайы тапсырма да берді.
«Құрметті, ауыл тұрғындары! Бүгін сіздерді осында жинап отырғандағы басты себебіміз – елді мекен атауын қазақшалауға қатысты ақпарат беру. Жалпы қандай да бір елді мекенге, мемлекеттік нысанға, көшелерге атау беру үшін заңда арнайы бап бар. Ол – «Тіл туралы» заңның 25-5-бабы. Онда онамастика жұмысының барлық критерийлері көрсетілген. Мәселен, біз атау беру алдында мына бір бағыттарға басымдық бергеніміз абзал. Біріншіден, аталмыш жерлердің тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерін ескеру қажетпіз. Екіншіден, әдеби тіл және орфография нормаларының сәйкестігіне баса назар аударып, бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана берген дұрыс. Үшіншіден, жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң ғана берілген есімді қайта атауға, оны өзгертуге мүмкіндік бар екенін ескерте кетейін. Төртіншіден, қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беру жағдайларын қоспағанда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың жеке есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беруге болады. Бірақ ескеретін бір жайт бар. Белгілі бір нысанға атау бермес бұрын сол адамның аталмыш салаға сіңірген еңбегін де мұқият саралау қажет. Мысалы, мектептерге тек ғылым мен білімге өмірін арнаған, ағартушылықпен айналысқан адамның ғана есімін берген абзалырақ. Оны тек «Тарихи тұлғалар» тізімі арасынан таңдап алу қажет. Енді елді мекен атауларына келейік. Сіздердің аудандарыңызда орысша аталатын қос бірдей үлкен ауыл бар. Оның бірі – Каменка. Мүмкіндігінше бұл атауды ауыстырған дұрыс. Оны кім жүзеге асырады дейсіздер ғой! Әрине ауылдық округтің әкімдігі бізбен бірге тығыз байланыста болғаны жөн. Айта кетейін, ауыл атауын өзгертуге тұрғындар толық қатыстырылады. Яғни, сіздер ортақ бір атауды таңдап, оған дауыс бересіздер. Дәлірек айтқанда, «Қолдаймын», «Қалыс қаламын», «Қарсымын» деп арнайы құжатқа әр ауланың бір мүшесі қол қояды. Басым болған жақтың көрсеткіші бойынша шешім қабылданады. Ескерте кетейін, бүгінде елді мекендерге адам аты берілмейді. Осы сәтте «Қапшағай қалай Қонаев аталды?» дейсіздер ғой. Түсіндіре кетейін, бұл Мемлекет басшысының жеке пәрменімен жүзеге асқан жұмыстар» деп толық жауап беріп, елді мекен атауы ауысқан жағдайда тұрғындар қалтасынан бірде-бір тиын жұмсалмайтынын ескертті. «Тұрғындардың басым бөлігі ауыл атауы өзгергенде қалтамыздан тиын жұмсалады деп ойлайды. Тіпті де олай емес. Егер ауылдарыңыздың атауы өзгерсе, жаңа атау құжат рәсімдеу кезінде ХҚКО-да автаматты түрде ауысады. Оған дәл сол сәтте ешқандай қаражат жұмсалмайды» деп жергілікті тұрғындарға сөз берді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Жалпы біз жауапты мамандармен бірге күні бойы жүріп, көптеген мәселелерге қанық болдық. Сондағы бір байқағанымыз, елді мекен атауын өзгертуге тұрғындар тікелей қатысты болып шықты. Ендеше не тұрыс, ағайын! Осыдан біраз жыл бұрын орын алған олқылықты ретке келтіретін күн жеткен секілді.
Жәнібек СҰЛТАН.