407 Views
Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 401-бабына сәйкес, заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға, іске қатысатын басқа да тұлғаларға тиесілі.
Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары өз құзыреті шегінде істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Ал іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым жасауға құқылы.
АПК-нің 46,401-баптарының мазмұнына сәйкес, апелляциялық шағым келтіру құқығы іс бойынша тараптардың, прокурордың, уәкілетті мемлекеттік органдар мен сот тарапынан іске қатысуға тартылған жақтар құқылы.
Апелляциялық өндірістің негізі болып бірінші сатыдағы сотпен қабылданған сот актілерінің заңдылығы мен негізділігіне баға беру болып табылады. Апелляциялық шағым келтіру, ол тараптардың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау тәртібінің бірі болып табылады.
АПК-нің 413-бабына сәйкес, сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ, осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігіне сәйкес, ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.
Егер апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелердің бірінші сатыдағы сотқа ұсынылуы дәлелді себептермен мүмкін болмағанын таныса, оның ішінде егер адам бірінші сатыдағы сотта іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ, егер бірінші сатыдағы сотта дәлелдемелерді зерттеу және (немесе) талап етіп алу туралы өтінішхат мәлімделсе, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылса, сот жаңа дәлелдемелерді қабылдайды.
Апелляциялық сатыдағы сотқа дәлелдемелерді ұсынатын тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттілігі қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге міндетті.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №84VII Заңымен Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 401-бабының 2-бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылған, яғни «Мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығын жоғары тұрған органның міндетті түрде келісуімен іске асырады.
С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.
Поделиться ссылкой: