Шәкен Ниязбеков: Тудағы ою алғашында қызыл түсті болатын

1 113 Views

– Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарымыз болатын. Бір күні Президент аппаратында істейтін Ербол Шаймерденов деген азамат хабарласып, мемлекеттік Туға байқау жарияланып жатқанын айтты және қатысуымды өтінді. Осы оқиғадан кейін, барлық жұмысымды ысырып қойып,Тудың жобасына кірісіп кеттім. Дүниеге еліміздің өткені мен болашағын баяндайтын ту әкелу – басты мақсатым болды. Мемлекеттік Тудың байқауына бірнеше елден үміткерлер қатысты. Оның ішінде ТМД, Германия, Түркия, Моңғолия мемлекеттері де бар еді. Байқауға қатысушыларға жарты жыл уақыт берілді. Ұзақ уақыт ой үстінде, толғаныста жүрдім. Әрине, Ту – біздің мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі. Өзге ел біздің туымызға қарап-ақ өткеніміз бен болашағымыздың болмысын түсінсе деген ойда болдым. Талай кітапты ақтардым. Халқымыздың өткен тарихын парақтап шықтым. Өзге елдердің туларын зерттедім.


Байқауға 600 үміткер, 1200-ден астам жұмыс қатысты. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Олар да бар өнерлерін салған еді. Ал бір өзім тудың 35-тен астам нұсқасын жасадым.
Байқаудың соңғы күндері көз ілмедім десе де болады. Қабылдауға баратын күні біздерді сағат сегіздерге шақырған. Ал мен неше күндік ұйқысыздықтан абдырап қалсам керек, ұйықтап қалыппын. Онда бірақ бардым. Соңғы талқылауға бес-алты ту ғана қатысты. Менің Туымды көрген марқұм Өмірбек Жолдасбеков: «Біз іздеп таба алмай отырған ту осы емес пе?» дегенде, жұрт шу ете қалды. Сонымен не керек, ту мәселесі соңғы кеңесте қаралатын болды. Мен де оған дейін туыма өзгерістер енгіздім. Тудағы оюдың түсі алғашында қызыл түсті болатын. Кейін оны күн мен қырандай алтын түстіге ауыстырдым. Және күн мен қыран тудың шет жағында еді, оны Елбасының ұсынысымен ортасына қарай жылжыттым. Ту соңғы кеңестен де сүрінбей өтіп, мен Мемлекеттік тудың авторы болып шыға келдім.
Көк түс – қазақтың көк тәңірісі – аспанның түсі. Ол ынтымақ пен бірлік, байлық пен берекені аңғартады. Жер шарында барлығын бөліске салуға болатын шығар, бірақ ешкім, ешқандай көк аспанды бөліске сала алмайды. Ол – ортақ. Күн арқылы қазақтың мейірімділігі мен ақ пейіл мінезін бергім келді. Қыран құс та халқымыздың биікке ұмтылғыш қасиетін, күш-қайратын көрсетеді. Ол – ерлік пен азаттықтың символы. Байқауда да көпшілік бірауыздан қыранды қолдады. Тек «Не себепті қыран құсты таңдадыңыз?» деген сұрақ болды. Оған мен 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын кесіп өтіп, Құбылай ханның ордасына барған, сонда 17 жыл тұрып, қызмет атқарған Марко Поло деген саяхатшының өмірден өткенін, ол өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазғанын айттым. Әрине, ол далалықтар, сөзсіз біздің ата-бабаларымыз, қазақтар. Қыран құсты қазақ қана сонау шыңнан балапан кезінде әкеліп, асырайды. Қыранды бағындыру қазақтың ғана қолынан келеді. Сондықтан да, біздің Мемлекеттік Туымызда қыран құстың көрініс табуының заңды оқиға екенін айттым. Қошқар мүйізді ою – қазақтығымыздың нышаны.

Поделиться ссылкой: