Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
53 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимовпен жұмыс барысында ғана емес, жалпы өмірде де жақсы араласып тұрамыз. Уәдесін екі етпейтін жаны жайсаң азаматтың бірегейі. Жақында 80 жылдыққа орай Қорағатыдан материал әзірлейтінімді айту үшін қоңырау шалғанымда:
– Маратжан, біздің ауылдың тарихы өте тереңде жатыр. Ауылымыздан Телтай Дәуітов сынды Социалистік Еңбек Ері шыққан. Мерейлі мереке қарсаңында еңбегімен еленген абыройлы ақсақалды газет бетіне жарияласақ, артында қалған ұрпақтары қуанып қалар еді,-деген болатын. Мен келістім. Содан межелеген күнде келіп жетті. Бардық. Ауыл тарихымен танысып, көптеген мағлұмат алдық.
Бақытбек Жақсымбетұлы айтқандай, расымен де Қорағатының қойнауы құнды жәдігерлерге толы екен. Ауыл тың игеру науқаны кезінде құрылыпты. Дәлірек айтқанда, 1954 жылы. Осылайша, бұрын Ленин совхозының қарамағына енген Қорағаты ауылы өз алдына отау тігіп, «Қорағаты совхозы» деген жаңа статусқа ие болады. Совхоздың ең алғашқы директоры қызметіне Хаймович Лев Давыдович тағайындалады. Ауыл қарияларының пікірінше, ол сол заматтағы білгір әрі ықпалды басшылардың бірегейі болған көрінеді. Лев Давыдовичтің есімі аталған тұста директордың орынбасары әрі бас бухгалтер қызметін атқарған А.Хорченко, бас агроном Д.Кириченко және инженер М.Пакаренко секілді білікті мамандардың қатар айтылуы да заңды деп білеміз. Өйткені, бұл азаматтардың да «Қорағаты» астықты кеңшарының гүлденуіне мол үлес қосқанын көне тарих растап бере алады.
Қорағатының жері құнарлы шөбі шүйгін. Елдімекен егін егуге де, мал бағуға да қолайлы. Оны мына детальдің өзі айғақтап тұрғандай. Мәселен, Ленин совхозынан бөлініп шыққанда астықты кеңшарда 20 мың бас қой, 300 жылқы, 20-30 түйе болған деседі. 1960 жылдары бұл меже екі есеге ұлғайып, жылқы -700, ірі-қара – 1000, ал қойдың саны – 40 мыңнан асыпты. Бұл ретте, Жашан Санғышев, Қынат Отарымбетов, Сейтінбет Дауылбаев, Әлім Сатаев, Әбдікерім Ақторқақов, Нүсіп Сағындықов сынды озат шопандардың зор еңбегі барын атап өткен жөн. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, тонның ішкі бауындай бірлесіп еңбек еткен берекелі бірліктің арқасында «Қорағаты совхозы» кейіннен іріленген асыл тұқымды мал өсіретін кеңшарға айналды.
Иә, тоқырау жылдары ауыл халқы біраз қиыншылықты бастан өткергені рас. Көп ғимарат қаңырап бос қалды. Тұрғындардың көбі қалаға қарай үдере көшті. Дегенмен, заман өзгеріп, бәрі де қалпына қайта енді. Бұл сөзімізді ауыл әкімі де қуаттай түсті. «Қазіргі таңда округ бойынша 1583 тұрғын тіркелген. Құдайға шүкір, ауылымыз жыл өткен сайын құлпырып келеді. Заманауи мектебіміз, көрікті әкімшілігіміз, сахнасы әсем мәдениет үйіміз бар. Міне, өзің көргендей, мешіттің іргетасы қалануда. Ауыз су сарқырап ағып тұр. Енді жаңа медпукт пен газ мәселесі шешімін тапса, бізден бақытты жан болмас» деп түйіндеді сөзінің соңын Бақытбек Жақсымбетұлы.
Хакім Абайдың «Қолдағыңды қорғап бақ» деген сөзі бар. Қорағаты орта мектебіндегі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жорабек Ануарбекұлы осы сөзді ж ұ қ а м ы р ж ү р е к к е мықтапсақтаған ұстаздардың бірі. Ол біздің қолымызға көпшілікке беймәлім деректі ұстатты. Сол үшін де алғыс білдіріп өтсек дейміз Жорабек ағайға. Мысалы, жоғарыда сөз еткен Лев Давыдовичтің өмірбаяны туралы нақты құжаттар жоқтың қасы. Ұлағатты ұстаз ең алғашқы совхоз директорының фотосуретін тауып, көзінің қарашығындай сақтап жүр екен. Тіпті, кеңшарға салынған алғашқы үйдің суретін де көрсетті. Бұл дегеніңіз ғажап қой. Мұны өскелең ұрпақ міндетті түрде білуге тиісті. Осы мақсатпен тарихи қос фотошежірені газет бетіне жариялап отырмыз.
Телтайдың еңбегі – ұрпаққа өнеге
Телтай Дәуітов Жалпақсазда дүниеге келгенімен, оның бар ғұмыры Ленин және Қорағаты кеңшарында өтті. Ол «Қорағаты совхозынан» шыққан жалғыз Социалистік Еңбек Ері. Телтай ақсақалдың өмірбаянын оқыған кез келген адам ең алдымен оның қайсарлығына тәнті болары анық.
Сол замандағы көптеген жеткіншектер секілді Телтай Дәуітов те еңбекке ерте бастан араласты. “Ақмола- Қаратал” теміржол құрылысын салу барысында ол бар болғаны 20 жаста болатын. 1939 жылы әскер қатарына шақырылғанда кейіпкеріміз соғыс өртінің тұтанып кетерін білмеген еді. Қара жұмыста тәжірибесі әбден толысқан қарулы жігіт майдан өтінде бөлімше қомандирі болып тағайындалады. Смоленск түбіндегі шайқаста фашистік Германия әскерімен бетпе- бет кездесіп қалып, қоян- қолтық ұрысқа түскен командир Дәуітов ауыр жарақат алады. Ол жағдайы оңалған соң қолға қайта қару алып, өлкені қорғауға дайын екенін ұқтырады. Алайда, жараланған жері одан сайын асқынып, нәтижесінде елге оралуға мәжбүр болады.
Елге келген соң майдангер босқа қарап жатпай, жұрт қатарлы қызмет қылады. Ақсақалдың ұлы Мәди Дәуітовтың айтуынша, алғашында Ленин атындағы асыл тұқымды қой совхозында жылқы баққан көрінеді. Содан кейін, өз ісіне адал әрі жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Телтай Дәуітовке егінжай жетекшісі болу жүктеледі. Көп өтпей ол басқарған бригада дәнді-дақыл өсіруде жоспарлы міндеттен асып түсіп, 50 гектар алқаптан 25-31 центнерден астық өндіреді. Лауазымды басшылар оның бұл еңбегін ескеріп, сол жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын омырауына таққан екен. Бүгінде Телтай Дәуітовтың 2 ұл, 2 қызынан 19 немере, 9 шөбере бар.
«Адам алдымен еңбектеп өседі, содан кейін еңбектен өседі» деген Қадыр ақынның сөзінің астарында тағылымды мән жатыр. Құдай соған жеткізсін. Біз ауыл әкімінен Телтай ақсақалдан өзге «Қорағаты» кеңшарынан шыққан басқа қандай атақты азаматтар бар екенін сұрағанымызда, ол бірден Сейдуәлі Дауылбаевтың есімін атады. Сейдуәлі Дауылбаев – Қорағатының іргетасын қалаған жандардың бірі. Өзі Жарлысудың тумасы болғанымен аталмыш ауылдың өсіп-өркендеуіне бар күш- жігерін жұмсаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мол табысқа кенелгені үшін оған 1949 жылы «Ленин» ордені берілген. Бұл марапатты Сейдуәлі ақсақал Қорағатының Ленин атындағы асыл тұқымды қой совхозының құрамдас бөлігі болған кезінде алған. Нақтырақ айтқанда, 1949 жылы. Сондай-ақ ол ауыл жылнамасының тарихында ауылдық кеңесті басқарған тұңғыш төраға болып жұрт есінде қалды. Бүгінгі таңда Қорағаты ауылында зейнет жасына шыққанша осы қызметті абыроймен атқарған еңбек ардагері Сейдуәлі Дауылбаевтың есімімен аталатын көше бар.
Арнайы бетті әзірлеген Марат ДИХАНБАЙ.