Ұлттың рухы мен иманынан жаралған адам

422 Views

Табиғаттың әсем мүйісінде, ару қала, жанға жайлы бақ мекен атанған аяулы Алматыда өмірге келген Дінмұхамед Қонаевтың тағылымды өмір жолы талай жанға үлгі-өнеге. Өмірдің сан тарау соқпақтарында адам болмысы мен жанын түсінетін кішіпейілділігі, кісілігі, жомарттығы мен тау тұлғасына жарасатын жасампаз мінезі азаматтың асқақтығын дәлелдей түскендей. Дінмұхамед Қонаев атамыздың өмір жолына үңілер болсақ, жастайынан маңдайы жарқырап, адамзаттың асып туған перзенті екенін байқауға болады. Ол – оқу мен білім қуған қызметкерлер отбасында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласты. Бұл кезде ең алғашқы еңбек жолын Балқаштың мыс қорыту комбинаты, Қоңырат руднигінде бастаған жас жігіт өзінің ел өмірінің белсенді күресімен айналысатын адал перзент болатынын сезбегенде еді… Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің білікті де, білімді екенін көрсетіп, іскерлігімен көзге түскен Дінмұхамед атамыз табанды еңбектің арқасында беделді қызметтерде жұмыс істеді. Техника ғылымдарында танымдық қызмет атқарып, Қазақ КСР Академиясының академигі атанды. Заман ағымы ауысып, уақыт жылжыған сайын Дінмұхамед Қонаевтың бойында жас ұрпаққа қалдырған тағылымды ісі көп екенін аңғарамыз. Бұл тұлғаның бойында жауапкершілік, сенім, ниет деген ұғымдардың астасып жатқандығын байқауға болады. Тарихтың шаң басқан беттерін парақтасақ, Дінмұхамед Қонаевтың қолы тиген кез келген іс құлпырып, жасарып, жаңара түскенін түсінеміз. Өз мамандығының шебері екеніне көз жеткіземіз. Ыбырай Жақаев өзінің «Өмір жолы» атты кітабында Димаш атамыз жайлы сыр шертіп, «Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүреді» деген екен. Осы қанатты сөзден кемеңгер саясаткер, дана басшы, өнегелі халық ұлының бүкіл мінезі мен болмысы көрініп тұрғандай…
Адам жаны сыры ашылмаған терең қазыналарға толы. Тұлғаның болмысына жақындап, өміріне қызығушылық танытқан тұста түрлі қасиеттерге, түрлі қызықты жағдайларға қанық боламыз. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев естігендері мен көргендерін өте шебер һәм бейнелі тілмен әңгімелейтін хас шешеннің өзі болған. Қарымды қаламгерлер мен дарынды жазушылардың Дінмұхамед атамыз жайлы «Қара сөздің қаймағы еді ғой», – деп естелік айтатыны сондықтан. Дінмұхамед атамыз театрға жиі барып, ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын оқып, авторларға өз пікірін айтып отырған. Көптеген талантты тұлғаларға үй беріп, қаржылай көмек көрсеткені де халық арасында көп айтылады. Елдің еріне, ұлттың ұлына айналған тұлғаның түрлі хоббилері де болған. Мысалы, Дінмұхамед атамыз тас шақпақ (зажигалка) жинауды әдетке айналдырған. Көз көрген замандастары «Сапарға шыққанда тас шақпақ әкелсек, ат мінгізгендей қуанып, кең дүниеге жар салатын. Әкелмесек сенен асқан сараң адам жоқ секілді мұңайып қалатын» деп ұлы адамның балаша пәк жаратылысын сипаттайды.
Халықтың бағына біткен асыл перзенттің туғанына биыл – 110 жыл. Қазағының көсегесін көгертіп, көрпесін көсілткен Дінмұхамед атамыздың жарқын істері ұрпаққа үлгі, келешекке аманат.

Поделиться ссылкой: