ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ МАСЫЛДЫҚ ПА, МҰҚТАЖДЫҚ ПА?

536 Views

Қоғамда жеңіл жолмен ақша тауып, жан қинамай өмір сүргісі келетін адамдар жетерлік. Тегін дүниені қарпып, оңай олжаны тартып алғысы келетін жандардың дерті «масылдық» деп аталады. Бұл жандар үшін маңдайдың тері шығып, таңдайдың құрғағаны – қасірет. Халықтың тегін жерлерді тінтіп, тер төкпей табыс тапқысы келуі мемлекетті де алаңдататын ахуал. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылу керек», – деп пікір білдірген. Жолдау жарияланып, жұртшылыққа жеткен уақытта «масылдық психологиясы» мен «патерналистік пиғыл» туралы пікірлер трендке айналып, қоғамның талқысына түсті. Толассыз талас-тартыс «Халықтың талап-тілегі масылдық па, мұқтаждық па?» деген маңызды сұрақ тудырды. Түрлі пікірлер мен ойлардың қақтығысы өз жан-дүниемізге үңіліп, ішкі дауысымызды тыңдауға сеп болды.
Ойдың жауабы: – Абай «Байда мейір, кедейде пейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!» деп опынады. Бұл сөз – біздің билік пен бұқараға, шенеунік пен халыққа айтылған сөз секілді. Екі тараптың арасында көпірдің жоқтығы, байланыстың болмауы – мәселелердің ушығып, проблемалардың қордаланып қалуына әкелді. Биліктегілердің биік мінберлерден халыққа мін тағуы, халықтың шенеуніктерді жарытпауы шынайы коммуникацияның жоқтығынан туындады. Халықты жазғыруға болмайды. Шенді де, шекпенді де, шенеунік те халықтың бір бөлшегі екенін ұмытпаған ләзім. Жезайыр жазушы Шерхан Мұртаза «Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын», – дейді. Мұхиттың толқыны талай тасты тас-талқан етіп, тұғырлы ғимараттардың түгін қалдырмағанын көз көрді. Бұл – тәуелсіздік алып, «тәй-тәй» басқан мемлекет үшін ұлы сабақ болды. Ал, «Халықтың талап-тілегі масылдық па, мұқтаждық па?» деген сауал орынсыз. Халықтың талап-тілек айтуы масылдық немесе мұқтаждық емес. Бұл – заңдылық. Ел – өз талабын айтып, өз тілегін білдіруге құқылы.
Ардың жауабы: – Ойдың пайым-пікірі дұрыс, сөзі рас. Бірақ, кейбір адамдардың кінәсі бар екенін мойындау керек. 2019 жылы Н.Назарбаев «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын», – деп халықтың көңілін бір тоғайтты. Осы уақытта 340 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бірақ, қаржылай берілген көмек арқылы айрықша айла қылғысы, қанжығасын майлағысы келген адамдар аз болмады. Көп отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ажырасу, мүлікті жасыру секілді алаяқтыққа барды. Билік 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем бергенде халықтың жапа-тармағай жанталасқаны да жадымызда. Жағдайы төмен отбасыларға берілетін азық-түлікке Lexus пен Mercedes мініп келген адамдар да есте. Шын мұқтаж жанның асын тартып алу – арсыздық. Қоғамда аз ғана шуағы түсіп тұрған күнді көлегейлегісі келетін адамдардың көп екені өкінішті-ақ…
Ақылдың жауабы: – Масылдық пен мұқтаждықты шатастыруға болмайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер мемлекеттің тірегі», – деп пікір білдірген. Халықтың «Үкімет тарапынан көмек болса, мемлекет қолдаса» деген есеп үмітпен, есек дәмемен өмір сүруі – социалистік мемлекет қалыптастырған қағидалардан қалған дерт. «Патернализм» деген сөз «әкелік» деген мағына береді. КСРО – бес жылдық жоспар арқылы экономикасын дамытуды көздеген, халықтың санасына патернализмді сіңіріп тастаған одақ. Яғни, халықты «әкелік қамқорлыққа алу» принциптерін ұстанып, социалистік өндіріс қалыптастыруды басты мақсат тұтқан. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұста бұл қағидалар қирады. Қоғамға жаңа түсініктер келді. Еліміз дамудың дара жолына түскен мемлекет үшін басты бағдар патернализм емес, прагматизм болу керек екенін түсінді. «Прагматизм» гректің «прагма» деген сөзінен шыққан, «іс», «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Мемлекет прагматизм арқылы дамыса – халық болашақты бағдарлау арқылы ысырапшылдыққа жол бермеу, өткенді бажайлау арқылы ертеңге қадам басу секілді нәрселерді меңгереді. Ойшылдар мен философтар зерделеген «идеалды мемлекет» – әрбір азаматы адал еңбек етуге талпынатын, ата заңы азаматтың құқығын қатаң қорғайтын мемлекет. Бұл – адам мен билік шынайы серіктес болу керек деген сөз. Билігі адамды тыңдай білетін, халығы билігіне сенетін мемлекет қана әлеуметтік прогреске жетеді, жаңғырудың жаңа соқпағына түседі.

Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: