Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Қарасан – ірі қараның жіті түрде өтетін жұқпалы ауруы. Малдың бұлшық еттері ісінеді, оны қолмен басқан кезде сықырлайды. Көбінесе қарасан ауруы ірі қара малдары арасында жиі кездеседі.
Қарасанмен көпшілік жағдайда 3 айлық бұзаудан бастап 4 жасқа дейінгі ірі қаралар ауырады.
Ауру жіті түрде өткен жағдайда мал денесінің қызуы 41-42 градусқа дейін көтеріледі. Малдың жамбасында, санында, алқымында, кейде аузында және тамағында 8-10 сағаттың ішінде үлкейіп, ісіп шыға келетін түйіндер пайда болады. Олар алғашқы кезде қатты, ыстық келеді. Саусақпен басып қарағанда сықырлап тұрады.
Қарасан малға жұққанда оны емдегеннен пайда бола бермейді. Ауру малды емдеу үшін пенициллин, биомицин және дибиомицин сияқты антибиотиктер қолданылады. Пенициллинді малдың тірідей салмағының әрбір килограмына 5-9 мың ЕД мөлшерінде новокаиннің 0,5 проценттік ертіндісімен араластырып егеді. Емдеу шаралары малдың жалпы жағдайы жақсарғанша жалғаса береді. Биомицинді малдың тірідей салмағының әрбір килограмына 3-5 мг мөлшерінде тәулігіне бір реттен қатарынан 3-5 күн егеді. Дибиомицинді глицериннің 40 проценттік ерітіндісіне араластырып егетін болса нәтижесі өте жақсы болады. Бұл препаратты малдың тірідей салмағының әрбір киллограмына 40 мың ЕД мөлшерінде бұлшық етке жіберетін болса, оның емдік концентрациясы мал организмінде 9 күндей сақталады. Сонымен қатар, малдың ісініп, қабынған жеріне карбол қышқылының немесе лизолдың 3-5 проценттік ерітіндісін, сутегі тотығының 1-2 проценттік немесе марганец қышқыл калийдің 0,1 проценттік ерітіндісін де егуге болады. Ауру малды клиникалық белгілері біліне бастағаннан емдеуге кірісетін болса, нәтижесі жақсы болады.
Аурудың алдын-алу үшін малды ағынсыз шалшық сулармен суармау керек. Оларды сулы, батпақты жерлерге жаймау қажет. Шөп, пішен топырақпен былғанған болса, оларды малға беруді тоқтатқан дұрыс. Мал қорасы төңірегінің, жайылымының санитарлық жағдайын үнемі бақылап, қадағалап отыру керек. Шаруашылыққа жаңадан алып келген малды сақтандыру үшін, оларды бір ай карантинде ұстайды. Егер қарасан ауруы тіркелген болса, 3 айлық бұзаудан бастап 4 жасқа дейінгі ірі қараға арнайы формальвакцина егеді. Оларға алғашқы вакцина егілген күннен 6 ай өткен соң, екінші рет арнайы вакцина қолданылады. Бұзауларды 3 айға толған соң, екінші рет вакцина еккеннен кейін 6 ай өткенде тағы бір рет қайталап вакциналайды.
А.Самарханова,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты»
Жамбыл облысы филиалының ғылыми қызметкері.