Балбал сайрай жөнелсе…

542 Views

Сайын даланың төсінде сыры ашылмаған балбал тастар жетерлік. Ежелгі түрік дәуіріне тән тас ескерткіштер – Қазақ даласының барлық аймақтарында кездеседі. Біздің өңірімізде де салқар даланың сырын ішіне бүгіп, сан ғасырдың куәсі болған балбал тастар баршылық. Осы балбал тастарды зерттеп, зерделеп жүрген азамат – Әлі Бекқұлы.

Өлкетанушы, тарихшы, ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әлі Бекқұлы жат жердегі қазақ жауынгер­ле­рін іздеп, соғыста ажал құш­қан азаматтарды өз отанына қайтаруға үлкен үлес қосқан жан. Ресей, Белоруссия секілді елдерге, Ленинград, Петербург, Новгород, Тверь, Волоколамск, Зубцовск, Ржев, Тула, Минск, Гомель, Брест секілді қалаларға барып, жерлес жауынгерлер зиратын тауып, ресми деректер мен құжаттар жинаған жан­кеш­ті, өз ісіне шын берілген аза­мат бүгінгі таңда салқар даланың сай-саласында қалған балбал тастарды мұражайлар­ға табыстап жүр.
Ерінбей еңбек етіп, өлкенің тарихын зерделеп жүрген ұстаз күні кеше аудандық мұ­ра­жайға ежелгі заманға тән құлпытас пен балбал тас әкеліп, орнатты. Ол құлпытас туралы «Құлпытастың негіздемесін білу үшін осы салада жүрген көп­теген азаматтармен тілдес­тік. Бұл құлпытас белгілі тұлға­ның басына қойылатын, бағзы за­мандағы дәстүр бойынша қойылған құлпытас. Бұл сөзіме тастағы садақ адырнасы мен жебе дәлел болады», – деді.
Әлі Бекқұлы балбал тас туралы сыр шертіп, бұл жәдігердің VII ғасырға тән екенін айтты. Ол «Алексей Рогожинскийдің айтуы бойын­ша бұл тас – осы мекенде өмір сүрген Түргеш тайпасы азаматының бейнесі. Бұл жәдігер Қазақ ауылынан табылды», – деді. Ұстаз «Келешек жас ұрпақ ежелгі дүниелерді біліп, жерімізде қандай саяси оқиға болғанын түсіну үшін аудан­дық мұражайға осы тастарды тапсырдым», – деп сөзін аяқтады.

Поделиться ссылкой: