592 Views
Мына заман қай заман?
Қысқан заман,
Бақыт құсы алаштан ұшқан заман.
Көк аспаннан топырақ, шаң борады,
Күні суық қаңтардан, қыстан жаман.
Елім-ай, Елім-ай…
Бұл – жоңғар шапқыншылығының қазақ халқының басына төндірген қауіп-қатерін, қашқан елдің азап-қиыншылығын, босқан елдің мұң-зарын толғайтын тарихи сазды «Елім-ай» әнінің соңғы шумағы. Қазақ халқының сана-сезімінен, қасірет-қайғысынан туған қаралы жыр 1723-1725 жылдары жарыққа шығып, халық ішінде кең тарады. Осы уақытта балалар боздап, аналар аңырап, халық жан сауғалап, қазақ жұрты бұрын-соңды көрмеген алапат нәубетке ұшырады… Әлқисса.
* * *
«Домбыра» телеарнасының режиссерлік құрамы және Тұрар Рысқұлов ауданының музей қызметкерлерімен бірге Топағаштың сан салалы сырын түсініп, күрмеуі қалың жұмбағын шешуге Ақыртөбе ауылына аттандық. Жол жиегінде жоспарлаған мекенге жетелейтін бағаналар мен тақтайшалар жоқ екен. Жергілікті тұрғындар жолдан жаңылмаса да, жан-жақтан келетін қонақтардың құм жолда дұрыс бағытты таңдай алмай қиналатыны қабырғамызға батты… Қас қарайып, ымырт орнаған шақта межелі жерге жеттік. Жұмбақ мекеннің шырайын кіргізіп, киелі жердің отын өшірмей отырған шырақшы Ғалымжан ағамыз қарсы алып, Топағаштың тылсымын тәптіштей жөнелді. Түрлі тарихи түйіндер тарқатылып, түрлі таңғажайып тұжырымдар келтірді.
– Бұл жердің тарихы терең. Халық аңызында «Әулие Топағаш» тарихы 1400 жылдардан басталады. Бұл жер – Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нүриланың өрмек тоқыған жері. Осы жерде 1378 жылы Ахмет Яссауидің немере қызы Домалақ ана дүние дидарын таныған. Жылдар жылжып, дәуірлер алмасты. Зұлмат заман орнап, азапты айлар мен күрделі күндер келді. Халықтың жігері жаншылып, жүрек оты сөніп, сенімі семген сүркейлі кезеңде «Елім-ай» секілді көптеген азалы жырлар дүниеге келді. Азалы жырлардың азабы ауыр жолдары қазақ даласын ақсөңке сүйекке толтырған зұлмат заманның көрінісі ретінде ұрпаққа мұра болып қалды. Осы уақытта балалар боздап, аналар аңырап, халық жан сауға
лап, қазақ жұрты бұрын-соңды көрмеген алапат нәубетке ұшырады… – деді шырақшы.
Осы сәтте экспедицияға қатысушы адамдардың барлығы өздерінің таным-түйсіктері арқылы тарихтың тереңіне үңіліп, қиялдың қанатты тұлпары арқылы жаугершілік жылдарға табан тіреді. Әркім өзінің санасындағы тарихи даталар мен хронологияларды еске түсіріп әлек. Әр адамның тарих туралы шындығы да әртүрлі. Осы сәтте Топағаш туралы көмескіленіп қалған деректер мен ақпараттар санама сіңгендей болды. Ұмыт болуға шақ қалған деректер ойыма оралды.
«1726 жыл. Елдің еңсесі езіліп, үміті сөнген өліара шақ. Топағаштың маңында баһадүр батырлар мен қуатты қолбасшылар қатысқан құрылтай өтті. Үш жүздің басын құрап, құрылтайды ұйымдастырған – Бөгенбай батыр. Осы құрылтайда Әбілқайыр бас сарбаз атанды». Бітті. Топағаш туралы тарихи танымымның, бар білімімнің жеткен жері – осы. Санамда басқа мардымды мәлімет, қызықты ақпарат жоқ. Осы сәтте Ғалымжан ағамыз тың деректердің шетін шығарды…
– Бұл жерде қазақтың 96 мың әскері 300 мың жоңғарды ойсырата жеңген. Осы кезде Төле би бабамыз «Қызымызды қатын, әке-шешемізді құл қылып келген сұмырайлар қайтты-ау», – деген екен. Осындай тарихи деректерге байланысты бұл жердің атауы – «Сұмқайтты» деп аталып кеткен. Тарихымыздағы ең ірі жеңіс, ең шешуші шайқас «Аңырақай» болғаны баршаңызға мәлім. «Аңырақай» шайқасы сайын даланың сай-саласында өтті. Жоңғар «аңырап» қашқан шайқастың осы мекенде де өрбігені туралы түрлі тарихи деректер бар. Жоғарыда көк аспан, төменде қара жер пайда болып, адамзат жаратылғалы ай мен күн куә боп көрмеген қиян-кескі ұрыс – қазақтың да қанын судай ағызды. «Әулие Топағашта» өсіп тұрған ағаштардың барлығы қан арқылы өсіп шыққан деп ойлаймын. Бұл жердегі ағаштардың ерекшелігі – бір тамыр арқылы үш жапырақ жайқалып тұр. Терек, долана, сәмбінің жапырақтары ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз деген мағынаны береді, – деді шырақшы.
Бұл әңгімелердің ақиқаты мен аңызын айыру қиын. Әр аңыздың астарында бір ақиқат бар екенін ұмытпаған ләзім. Не десек те, Топағаш – қазақтың жігері жалындап, жүрегі алаулап, ел үшін шаһид болған ерлеріне Табиғат пен Тәңірі Тағаланың қойған еңселі ескерткіші !..
Бетті дайындаған
Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.
Поделиться ссылкой: