Заңғар жазушы

334 Views

Тарихымызға сәл көз жүгіртіп қарасақ, әр ғасырда қазақ ұлтының болашағы мен ертеңі үшін туған Ұлы даламыздың ұлы тұлғалары мен ақын-жазушылары, ер-жүрек батырлары көп болған.
Қазақтың әдебиеті мен мәдениетінің дәл бүгінгідей сатыға көтерілуі өз­дігі­нен болған үрдіс емес. Төл әде­биеті­міздің зау биікке өрлеуі үшін талай зиялы­ларымыз еселі еңбек етті. Ізденді. Керек десеңіз, қыза жазды, қыздыра жазды. Осындай қазақ әдебиетінің алып өкілдерінің бірегейі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін біз бөле жарып айтқан болар едік.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов тек жазушылықпен айналысқан жоқ. Ол – ұлтымыздың ұлы мөрі секілді қазақ өркениетінің өрісті дамуына үлес қосқан сыншы әрі драматург. Тіпті, ұстаздық еткен жылдары телегей білімімен, адамгершілігімен көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Кейіннен сол шәкірттерінің көбісі әдеби ортаға белгілі жазушы болды. Мысалы, соның бірі – Зейнолла Қабдолов.
«Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, әдебиет сүйер қауымды жазу­шы­лық шеберлігімен мойындатқан Мұхтар Әуезовтың есімін алаш жұртшылығы ешқашан ұмытпайды.
Мұхтар Әуезовтің рухани әлемі өзгелердікінен мүлде бөлек әлем еді… Адал. Кіршіксіз таза. Әділетті. Өз шығармаларында да әрдайым осы қасиеттерді жазып, насихаттайтын. Бірақ құрғақ сөз, шұбырынды сөйлемдермен емес, адамдар арасын­дағы нақты әрі шынайы қарым-қаты­насты суреттеу арқылы ақиқаттың же­ңісін оқиға нәтижесі етуді әдетке айнал­дырған. Расымен шынайы өмірде әр оқиғаның бастауы мен барысынан бөлек, оқиға соңында ақиқаттың ашылып, адам баласының әділеттілік орнатары қалыптасқан қағида.
Мұхтар Омарханұлы Әуезовте әл­денеден бұғып, жалған жарамсақтап, шындықты айнала өту деген атымен болмаған. Ол – ешқашан ел мен жер тағдырына қатысты мәселеге бей-жай қарап немесе биліктің сойылын соққан адам емес. Сондықтан кеңес өкіметінің шенділері де онымен санасқан.
Жазушының шығармаларына арқау болған тақырыптар да әралуан. Мұхтар Омарханұлының қай шығармасынан болсын шындық пен әділеттілікті байқауымызға болады. Мәселен, жазушының «Қорғансыздың күні» атты повесін оқығанда ерекше тебіренесің. Жазушының осы шығармасы шағын болса да, үлкен мәселені қоз­ғаған. Қыз бала­сының тағдыры көркем сөзбен суреттелген. Өз басым осы повесті оқып отырып, жылап та алдым. Бұл – жазудың құдіреті.
Мұхтар Әуезов ел тағдырына қатысты көптеген по­вес­тер жазған. Ол зерделі тақырыптағы мардымды мақалаларды дүниеге әкелді. Сондықтан да Мұхтар Әуезовтің есімі ел есінде «Заңғар жазушы» деген теңеумен қалды.
Аяжан Қуанышова,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің менеджмент және халықаралық коммуникация факультеті журналистика мамандығының
2 курс студенті.

 

Поделиться ссылкой: