691 Views
Отар-отар қой бағып, үйір-үйір жылқы баптаған заманнан бері келе жатқан ұлттық ойынымыз асықтың өткені мен болашағы қайсыбірімізді болмасын алаңдатпай қоймайтыны хақ. Цифрлық технология дамып, әлем интернет желісіне бет бұрған уақытта, батыстан келген қантөгіс ойындарды емес, дәстүрлі ойындарымызды қалай жасөспірімге жарнамаламақпыз? Сөзіміздің басын әріректен бастайық. Асықтың ойналмай, ұмыт болып жатқанына дамыған заман мен ұялыға үңілген жастарды кінәлаудан аулақпын. Кеңес өкіметі кезінен басталған ұлттық ойынға деген теріс пікірдің рөлі басымдау болып кеткені деп топшыламасқа амал жоқ. «Асық ойнаған азар» деп мақалдатып, жастардың санасын улаған болатын. Тәуелсіздік алып, ұлттық болмысымызды қалыпқа келтіріп, рухани жаңғыру бағытына бет бұрғанда ұлттық, дәстүрлі саналған құндылықтарымыздың барлығын қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілгенімен, бұл бастама тек мереке күндерінде, басшылықтың тапсырмасымен олимпиадаларда ғана іске асып жүргені қынжылтады. Асық – қазақ халқының дәстүрлі ойындарының бірі. Ең қызығы, бұл ойын күндіз де, түнде де ойналады, күндізгісі – мергендікке, ал, түнгісі – ептілікке баулиды. Бұдан бөлек те асықтың бала денсаулығы мен шапшаңдығына тигізер пайдасы мол. Асық – баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, есте сақтау қабілетін арттыруға, дәлдікке, шыдамдылық пен ұстамдылыққа, топпен жұмыс жасай білуге тәрбиелейді. Компьютерлік клубтар мен әлеуметтік желінің қақ ортасында ержетіп, бой түзеп келе жатқан қалалық батырларымыздың асық ойнауға асықпайтыны қапиядан белгілі.Тіпті десеңіз, қазіргі таңда ұлттық ойынымыздың ауылда ойналып жатқанын да сирек байқаймыз.Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазіргі таңда мектептер мен орталықтарда асық үйірмелері ашылып, аудандық, облыстық деңгейде жарыстар ұйымдастырылып, жастардың асық ойынына деген қызығушылығы мен бәсекелестік қабілеттерін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әлбетте, өз кезегімізде жобаның жеміс беруін, ұлттық құндылықтарымыздың ұмыт болмауын тілейміз. Асық ойыны барысында жүгіресің, секіресің, ұтасың, ұтыласың, көздейсің. Таза бәсеке, таза тәрбие. Жалғандығы, жамандығы, арамдығы, өтірігі жоқ. Ұлттық ойын, ұлттық болмыс, ұлттық тәрбие. Міне, асық ойынының кереметі деп осыны айт!
Аяжан Олжабай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және журналистика
факультетінің
2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: