Ұлттық өнер ұлықталған күн

814 Views

Сәрсенбі күні «Домбыра» ұлттық телеарнасының шығармашылық ұжымы ауданымызға келіп, түсірілім жасады. Бізге бұл ақпар бір күн бұрын жетті. Қуандық. Сосын редакциялық лездемеде осы тақырыпты кеңінен қаузап жазу – бізге, яғни Дариға, Аяжан және маған жүктелді. Түсірілім тобы келетін күні газеттен өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жүрген екі қарындасымды алып, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйін бетке алдық. Арнайы бет әзірлегендіктен, «Қалай жазамыз?», «Макеттік нұсқасын қайтіп орналастырамыз?» деген ой ғой, сол баяғы. Келді түсірілім тобы. Сөйтіп, жұмыс қызу басталды да кетті.

Бұл күні шыны керек, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің сахнасы ерекше әдіптелді. Қазақ үй үлгісінде безендіріліпті декорация. Әйбәт. Аудандық мәдениет және тілдерді да­мыту бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев пен Мэлс Өзбеков атын­дағы аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов жауапкершілік­ті жіті түсінген. Әйтпесе, бұл дегеніңіз – сүлесоқ қарайтын іс емес. «Домбыра» ұлттық телеарнасы республикалық деңгейде хабар таратады. Ертең экраннан көрсетіледі бұл түсірілім. Олқы-солқы болса, жұрт не дейді? Міне, біз осындай ойдың ұшқынын сездік түсірілімнің ұйымдастырылу барысынан.
Біздіңше, әлемде есті әндерді орындау кәдімгідей тренд және ол – үлкен сұранысқа ие. Мәселен, Димаш Құдайберген қазақтың халық әні «Дайдидауды» айтып әлемге танылған жоқ па? Ал, «Дайдидаудың» сөзі мағынасы мен мазмұны жағынан қазіргі он минутта сөзі жазылатын ессіз әндерден әлдеқайда жоғары. Міне, «Домбыра» ұлттық телеарнасының мақсат-мүддесі де осы. Яғни, халық әндері мен халық композиторларының әндерін жұртшылыққа насихаттау.
Қасиеті өсиетінде, киесі кере­гесінде, өнегесі қариясында, бір­лігі шаңырағында тұстасқан халқы­мыздың негізгі кредосы да – ұлттық құнды­лықтар. Бұл дәлелдеуді ешбір қажет етпейтін қағида екені айқын. Сондықтан бүгінгі заманауи құрылымдар жаула­ған өліара шақта – ұлттық өнердің дәріптелуі қажеттің қажеті.
Жалпы алғанда, қазақ халқының өнерпаздық қасиетін әлем халқы жақсы біледі. Қасиетті қара домбыра, кесте тігу, қазақ күресі, саятшылық өнеріміз тағы бар. Тіпті, көптеген мәдени мұраларымыз ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Бұдан біз, рухани құндылықтарымызды әлем мойындап отырғанын байқаймыз. Бір нәрсе анық. Ұлттық сананы, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған қа­дам­дардың қай-қайсысының болсын, ел үшін маңызы зор. Біз, тегінде шынайы ұлттық музыкалық өнерге қайта ора­ламыз. Мына аронбиіңіз де, рэпіңіз де, «Q-pop»-ыңыз да ұлттық өнердің жолында әдірем қалады. Дәстүрлі өнердің де экранда салтанат құратын уақыты келеді. Оған міне, дәл осындай түсірілімдер сеп болады.
Сөз басында атап өттік қой. Түсірілімде көкірегіне қазақтың қасиетті әуенін, мың сан дүниенің сиқырлы сазын қондырған нағыз таланттар бас қосты. Бізде түсірілімді қызықтау үшін емес, өнердің жүйрік жампоздары орындаған әрбір әуезді әнді тыңдау үшін бардық. Өзімізді аудан­дық мәдениет үйінде емес, ит арқасы қияндағы Италия еліндегі «Ла-Скалада» отырғандай сезіндік. Себебі, нағыз өнердің дарабоздарын тамашалауға келдік қой. Сезінбей қайтейік?
Түсірілімнің алғашқы дублі «Қызды оң босағаға отырғызу» қойылымынан басталды. Оны Басқар Битанов атындағы халықтық театр әртістері шебер ойнап, қазақтың салт-дәстүрін жан-жақты көрсете білді. Одан соң «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі Құрманғазы бабамыздың жүрек қылын тербер “Балбырауын” күйін тартты. Олар сосын «жұп болсын» деп, ақын Айша Көпжасарованың сөзіне жазылған есімі елге мәшһүр сазгер Мэлс Өзбековтың «Келші Құланға» әнін түрлі аспаптардың сүйемелдеуі­мен шырқап берді. Екінші дубль. Сахнада «Асыл әжелер ансамблі». Олар да әнші Нұрлан Өнербаев шырқайтын «Ауылым» әнін жүрекпен орындағанда ауыл мәдениетінің бүгінгі кескін-келбеті санамызда жаңғырды. Үшінші дубль. Ал, бала күнінен үлкен өнерге талпынған Жансая Сәрсенбаева қазақтың халық әні «Шымыр» және дәстүрлі өнердің көрнекті өкілі Кенен Әзірбаевтың «Бастау» өлеңдерін айтып, рухымызды көтерді. Осы тұрғыда айта кететін жайт, Жансая дәл осындай халық композиторларының өлеңдерін жастайынан орындап келеді. Негізінен, батыс ән мектебінің әндерін шырқайды жас өнерпаз.
Төртінші дубль. «Шын жүй­рік қана алысқа шаба алады, шын асыл ғана алмастай жарқырайды». Рас сөз. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Гүлназия Пірімқұлованың шы­ғар­машылығына осынау сөздердің биігі­нен қарасаң, музыка өнерінің қайнарын анық сезінесің. Осы түсірі­лімде қоңыр даусымен Ғарифолла ұстазының «Сүйген жар», туған жеріне арнап өзі шығарған «Қорағаты» әндерін тыңдағанымызда да әншінің өнеріне тағы бір мәрте қайран қалдық. Шын талант осындай болса керек.
Бесінші дубль. Кештің көркін одан әрмен ауданымызға белгілі ақын Жорабек Әбдікерімов жалғады. Халыққа толғанысты әсем әндерімен, күйлерімен, өлеңдерімен танымал Жорабек Әбдікерімов те жүйріктердің ортасынан ойып тұрып орын алатын адуынды дарынның бірі. Ол «Домбыра» ұлттық арнасының түсірілімі барысында өзінің жеке шығармашылығынан «Сағындым Нұрағамды» деп аталатын қазақтың әйгілі композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевке арнап шығарған күйін орындап берді.
Алтыншы дубль. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген келесі кейіпкерлеріміз де ауданымызға танымал өнерпаздар. Олар Ақшолпан Пірімқұлова мен Гүлмарал Қорабаева. Қос өнерпаз домбыраны қолдары­на алса болды, қанаттанып кетеді. Бұл көріністі халық әні «Гүлдерайым», Мэлс Өзбековтың «Тобылғы сай» әндерін орындау барысында бай­қадық. Байқадық та, өнерге деген адал пиғылдарын көріп, басымыз­ды шайқадық. Одан соң Ақшолпан Пірімқұлова жеке орындауда Әбиірбек Тінәлиевтің «Мен үйсінмін» әнін, Гүлмарал Қорабаева халық әні «Сәулем-айды» орындады.
Жетінші дубль. Әр жүйріктің шабысы бөлек. Бұл жүйріктің де шабысы осал емес. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Айшабибі Орманованы айтамыз. Оқытушының қылқобызда ойнау шеберлігі тіптен бөлек.
Жалпы, Айшабибі өзінің биік талғам, интеллектуал иесі екендігін танытып келеді. Осының бәрі бала жастан қасиетті өнер әлемінің сырына қанығып өскендіктен болса керек. Әйтпесе, тегін адам 14 жылын қылқобыз үйренуге арнай ма? Өнерді құлай сүйіп, терең таныған Айшабибі бұл түсірілімде Ықылас Дүкенұлының ерекше туындылары­ның бірі «Шыңырау» күйін орындады. Ол алып құстың өз балапандарын айдаhар жыланнан қорғап, шырылдап зарлауын қылқо­быз арқылы жеткізді. Жүрекке жетті…
Сегізінші дубль. Нағыз еңбекпен, өз талантының тұнбасын жарқырата ашқан тағы бір таланттың есімі – Мұхамедали Талғатов. Жас өнерпаз Боранқұл Қошмаханбеттің «Кең жайлауын» тартқанда жанға жай­лы қоңыр самал есіп, көз алдымызға қа­зақтың кең жазиралы даласы елестеді.
Тоғызыншы дубль. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Тұрарбек Шорманов Мэлс Өзбековтің «Ақ тамақ қарлығаштар», Шынберген Сүлейменовтің «Ауылым» әнін орындағанда қазақы қоңыр үнді естіп, «Пах, шіркін!» дестік. Оныншы дубль.Тұрар Рысқұлов ауданы күйшілерінен құралған топ та Әдбімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нәшіне келтіре орындады. Он бірінші дубль. Қайрат Байсариевтің де өнері көңілден шықты. Ол «Құланға арнау» және Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Қыз көктем» әнін орындады түсірілім барысында.

Түйін: Ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген телеарна басшылығының бастамасын қолдаған өңір және аудан әкімдерінің азамат­тық ұстанымдарына дән риза болдық. Себебі, жақында ғана «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында сахна­да былапыт сөз айтып, аузына келге­нін оттаған «Shiza» секілді әулекі өнерпаздың емес, осындай қолына дом­быра ұстаған, дәстүрлі өнерді дәріп­теп жүрген өнерпаздардың есімдері насихатталғаны дұрыс телеэкранда. Бүгінде танысы бар, таланты жоқ кей музыканттар елорда төрінде концер­тін беріп, баспасөз мәслихатын өткізіп жүр. Ал, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген осындай өнерпаздар әрдайым шетке ысырылып қалатыны жасырын емес. Нағыз өнерпаз өнердің құнын ешқа­шан түсірмейді. «Shiza» секілді сахнада ойқастамайды. Мағынасы жоқ гөй-гөй айтпайды. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген орындаушылар әннің құдіре­тін тереңінен түсінеді. Өйткені, олар – текті өнердің тарландары.
Бетті дайындағандар:
Дариға Құрманалы,
Аяжан Қуанышова,
Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: