ҰЛТТЫҚ ЖАЗУДЫҢ РЕФОРМАТОРЫ

2 721 Views

«Білімдіге дүние жарық, білімсіз­дің күні қаріп» деген мәйекті мақал­ды мәңгілік ұран қылған, әр қадамы мылтықтың оғы, жауыздың торына то­лы болса да ұлттың ұпайын түгенде­ген тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтар авторы, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы әдебиет зерттеушісінің туылғанына биыл, 150 жыл толып отыр.
«Ұлт ұстазы» деген ұлы атқа, ұры жыл­дар ұрлай алмайтын мәңгілік атаққа жеткен Ахмет Байтұрсынұлының ұлт­қа сіңірген ұлаңғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның бір саласы – көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, әдебиеттің бұл саласын байытуға мол үлес қосты. Мәселен, И.А.Крылов мысалдарын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Ат пен есек», А.Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын да тәржімалады. Орыстың белгілі лирик ақыны С.Я.Надсонның өлеңін де қазақ тіліне аударды. Ахмет Байтұрсынұлы туралы сыршыл ақын Сырбай Мәуленов «Сан салалы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы туған тілдің, туған мәдениеттің басын­да тұрды. Туған тілдің әдеби норма­сын жасады. Бірде-бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде-бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен, өзі тапқан қисынды баламалармен «Әдебиет танытқышты» жазып шықты», – дейді. Расында да, ол өз заманында қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, ұлы қайраткер. Аударма саласы көп адамның жүрегі дауалай бермейтін, «мықтымын» дегендерді мұқатып тастайтын сала. Ұлт үшін осы салаға бет бұрған алаштың аймаңдай ұлдары жетерлік. Мәселен, Әлихан Бөкейханов Ги де Мопассанды ең алғаш болып аударған. Ол 1924 жылы «Күзетте» деген әңгімесін аударды. Ұлт көсемі француз жазушысының «Ақсақ кемпір», «Симонның әкесі», «Жарасын алдырған ана» деген секілді әңгімелерін де қазақша сөйлеткен. Бұл әңгімелер шұрайлы тілге, құнарлы сөзге бай. Әңгімелерді француз Мопассан емес, қазақтың қариясы баяндап отырғандай күй кешесіз. «Сонда Сербел сөйлейді, сөйлегенде бүй деді» деген тіркестер оқыған оқырманды таңқалдырмай қоймайды. Аударма саласында «автордан асып аудару» деген термин бар. Бұл – авторды пір тұтпай, пікірлес ретінде қарап, жазған шығармасын өз ұлтыңның болмыс-бітіміне сай етіп аудару деген сөз. Ахмет Байтұрсынұлының да кез келген аудармасы түпнұсқадан кем емес екенін аңғарамыз. Мәселен, И.Крыловтан аударған мысал өлеңі «Қазаға ұрынған қарашекпен».
«Түлкі екен судьясы теңшіл деген,
Атақтан сау емес ед жемшіл деген.
Бір күні талапкер мен жауапкерге,
Шақыру қағаз шықты «келсін» деген».
Бұл шумақтағы «теңшіл» сөзі орыс тіліндегі «беспристрастный», ал «жемшіл» сөзі «взяточник» сөзінің баламасы ретінде қолданылған. Ахмет Байтұрсынұлы «жемшіл» деген сөздің орнына «парақор», «жемқор» деген сөздерді қолдануына болар еді, бірақ, «жемшіл» деген сөз қазақтың таным-түсінігіне жеңіл, түпсанасына тура бағытталатын сөз екенін білген. Бұл шумақтағы «теңшіл» сөзі «екі жаққа да тең қарайтын, теңдікті сүйетін, ешкімді бөліп-жармайтын әділ» деген мағынада қолданылған. Орыстың ақын-жазушыларын аударған көптеген аудармашылар орыс тіліндегі термин сөздер мен баламасы жоқ сөздерді аудармайды. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы осы сөздердің барлығын қазақтың құнарлы тіліне аударып, қараша халыққа түсінікті болуы үшін қарапайым жеткізген.
Ахмет Байтұрсынұлының ел үшін еткен еңбегі, төккен тері ғасырлар алмасып, жылдар жаңарған уақытта да ұмытылмайды. Халықтың сауаты ашылуы үшін араб жазуын реформалап, әліппені ұлттық деңгейге көтерген тұлға туралы оймақтай ой, айшықты пікір айтқан адамдар жетерлік. Осы адамдардың бірі де, бірегейі – Қайым Мұхамедханов. Алаштың аманатына адал болып, Абайдың шығармаларын халыққа жеткізген тұлға ұлт ұстазы туралы «Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының атын алты алаштың, бар қазақтың баласы ғана емес, алдыңғы қатарлы адам баласы білетін болады», – деп пікір білдірген. Расында да, Ахмет Байтұрсынұлы өз ұлтының бағы үшін өмірдің барлық саласына араласты. Бұл сөзімізге тұғырлы тұлғаның атақ-даңқы мен еңбектері дәлел. Қоғам жә­не мемлекет қайраткері, ақын, әдебиет зерттеуші, ғалым, түркітанушы, пуб­лицист, педагог, аудармашы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы ретінде ұлттың ұпайын түгендеген тұлғаның өшпес ізі бүгінгі жастарға мұра болып қалатыны сөзсіз.

Дильназ ЖОЛДАС,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Филология және журналистика факультетінің 1 курс студенті.

Поделиться ссылкой: