МҰҚТАРБЕК МҰСАЕВ: ХАЛЫҚТАН ҰЛЫ, ХАЛЫҚТАН БИІК ЕШКІМ ЖОҚ

444 Views

Ел басқару оңай емес бұл күнде,
Көбейді ғой бөріні алдар түлкің де.
Құн қымбаттап, сұм қабаттап барады,
Бұдан үлкен індет табу мүмкін бе?!
Бұл – ақындық пен инженерлікті қатар меңгеріп, жер мен жүрек шахтасын қатар қазған Кәкімбек Салықовтың бір шумақ өлеңі. Осы шумақ арқылы бүтін ауылды басқарып, бүкіл елді бірлікте ұстайтын әкімдердің жай-күйін бажайлап, жағдайын бағамдауға болады. Осы мерейлі міндетті ұзақ жылдар бойы атқарып, ауыр жүкті абыроймен арқалаған азамат – Мұқтарбек Мұсаев. Ол 1960 жылдың 15 ақпанында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын «ауылшаруашылық-құрылыс» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолы 1983 жылы Луговой ауданы, Жамбыл атындағы колхозда басталған азамат Тереңөзек ауылдық округінің әкімі дәрежесіне дейін көтерілген. Мұқтарбек Мұсаев ауданымызда ең ұзақ қызметте болған әкімдердің бірі. Біздің алғашқы сұрағымыз да осы турасында болды.
– Аға, ұзақ жылдар бойы Тереңөзек ауылдық округін басқарып, халық үшін игілікті қызмет істедіңіз. Ауқымды ауылды, қалың қауымды басқару оңай шаруа емес екені белгілі. Мемлекеттік қызметте жүрген сәтте қандай қиындықтарға кезіктіңіз, қандай кедергілерге тап болдыңыз?
– Иә, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте болып, ел дамуы үшін ілкімді істер атқару оңай шаруа емес. Кейбір адамдар халықты басқарып, елді бір жұдырыққа жұмылдыру жеңіл іс деп ойлайды. Бұл істің өзіне тән қиындықтары, өзіне тән кедергілері баршылық. Мәселен, кезінде әкімшілік ғимараты мен мәдениет үйі болмады. Бұл ғимараттарды еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, ескімізді түгендеп, есімізді тауып жатқан сәтте өз мүддесін мемлекет мүддесінен биік қойған жандар жекешелендіріп алған. Осы секілді уақытша қиындықтар мен өтпелі кедергілер болды. Біз қызметті бастап, әкім ретінде жұмыс істеп жүрген уақытта жалақы проблемасы да туындады. Бұл мәселелердің барлығы темірдей төзім мен төгілген терді талап ететін мәселелер. Уақыт-ұстазға бағынып, ұтымды шешімдер қабылдаған адам қиындықтарға жығылмайды, кедергілерге сүрінбейді деп ойлаймын.
– Тәуелсіздік тұсында талан-та­раж­ға түсіп, ұстағанның қолында, тісте­геннің аузында кеткен ғима­раттар қайтарылды ма?
– Иә, бұл ғимараттарды әкімшілік балансына қайтарып, мемлекет мүддесі үшін пайдаланып жатырмыз.
– Бүгінгі таңда Тереңөзек ауылдық округінің әкім аппаратының бас маманы екенсіз. Тамыры тереңге жайылған тарихи өлкенің бүгінгі таң­дағы тыныс-тіршілігі қалай? Қан­дай істер атқарылып жатыр, қандай жаңалықтар бар?
– Тереңөзек ауылдық округінде жағымды жаңалықтар жетерлік. Үш ауылда жастардың теңбіл доп теуіп, тартысты бәсеке өткізуі үшін футбол алаңдары салынды. Кәсіпкерлердің қолдауы мен демеуі арқылы салынған 125 орындық балабақшаны да ерекше айтуға болады. Көшелер жарық, жолдар түзу. Жол жиегінде тал егу жұмыстары да қарқынды жүруде. Халық пен кәсіпкерлер бірігіп, мешіт жанынан асхана салынып жатыр. Жоспарда тұрған мақсатымыздың бірі – Шолаққайыңды ауылына газ кіргізу, жастар сарайын соғу. Осы істердің атқарылуы үшін барынша күш салып, еңбектеніп жатырмыз.
– Аға, ауданымыздың әр ауылын­да жас әкімдер жетерлік. Қызметке арала­сып, осы лауазымға жаңа та­ғайын­далған інілеріңізге айтар ақы­лыңыз бар ма?
– «Ағалап», ақыл-кеңес сұрайтын жас әкімдер жетерлік. Ол әкімдерге білгенімізді үйретіп, барымызды беруге тырысамыз. Қызметке тағайындалып, ел үшін еңбек етуге кіріскен адамдар дауды даурықтырмай шешуді, мәселені майшаммен қарауды меңгеруі керек. Кәсіпкерді ренжітпей, халықтың да көңілін тоғайту үшін қызмет істеген ләзім. Ең бастысы, халықтан ұлы, халықтан биік ешкім жоқ екенін есте сақтау керек.
ӘҢГІМЕЛЕСКЕН
Жәнібек ҰЛЫҚБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: